Бейсенбі, 9 ақпан 2012, Алматы 15:09

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан ұмытпауға тиісті халықтық қасірет

1930-шы жылдардағы аштық азабынан босып бара жатқан қазақтар.
x
1930-шы жылдардағы аштық азабынан босып бара жатқан қазақтар.
Мәтін көлемі - +
Бұл сұмдықты ұғып, түйсіну үшін ересек кісі болу керек. Менің әкем оны жасына жетпей естіпті. 1952 жылы, он екі жасар кезінде менің әкем колхоздағы жазғы жұмыс орайында атты поштабай болыпты. Аптасына екі мәрте қатынап, алыстағы үлкен ауылмен арада хат-хабар, мәлімет тасиды екен.

Бірде жолды қысқарту үшін төтелей жүріп, тау арасымен өткенде, сай-салада, адамдардың қураған басын, шашылған сүйектерін көреді. Бұл не пәле деп өз әкесінен, яғни менің атамнан бажайлап сұрай бастайды. Сөйтіп, ол осыдан жиырма жыл ғана бұрын адамдардың қолымен адамдарға қарсы жасалған қиянат туралы, өзінің туған халқының басына түскен сұмдық зобалаң салдарынан миллиондаған қазақ азаматының ажал тапқаны турасында естіп біліпті.

1932-33-ші жылдардағы, қазақ халқының айтарлықтай бөлігін жусатып кеткен Ашаршылық – ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі болып саналады. Барлық пәле Совет өкіметінің Қазақстандағы мал атаулыны тәркілеу туралы шешімінен бастау алады. Бұл кезде қазақ жұртының төрттен үші көшпенді болатын және олардың бар тіршілігі төрт түлікке байланысты еді, ал малдан айрылған жағдайда аштан өлуге тиіс-ті.
Тамақ іздеп, аштық пен суықтан қалтыраған ана мен бала. 30-шы жылдардың басы.


Малды тәркілеу 1929 жылдан бастап қарқын алады. 1932 жылға қарай қазақтар мал атаулыдан тақыр-таза қалыпты. Сөйтіп, ғаламат ашаршылық басталады.

Халық туған жерін тастап, шұбыра босқындыққа түседі. Шекараға жақын, шамасы жеткен жұрт көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, тіпті, Қытай мен Моңғолияға қашады. Алайда, алысырақ аймақтағы елдің ешқандай шарасы жоқ еді. Орталық Қазақстан аймағы айрықша ауыр шығынға ұшырапты.

Совет заманында-ақ алғашқылардың бірі болып осы 30-шы жылдардағы архив құжаттарына үңілуге мүмкіндік тапқан тарихшы Талас Омарбековтың айтуынша, Ашаршылық кезінде 2 миллион 300 мың қазақ өлген.

İлкідегі қараша айында украиндардың Голодомор ашаршылығына арналған, Мәскеуде өткен конференцияда ресейлік тарихшылар осы апат кезінде Қазақстан бір жарым миллион адамынан айрылды деп атап көрсетті.

Қазақ зиялыларының айтуынша, Ашаршылық кезінде Қазақстандағы басқа этникалық топтармен салыстырғанда, қазақтар әлдеқайда артық жапа шекті және көршілес Орталық Азия республикаларында мұндай дәрежедегі қайғы- қасірет болған жоқ. Қазақ зиялылары Ашаршылық себебін тек Совет өкіметінің ұжымдастыру саясатының сәтсіздігіне жаба салуға болмайды деп біледі. Бұл зиялылардың көпшілігі аталмыш Ашаршылық – нағыз геноцид деп есептейді. Бірақ Қазақстан өкіметі, сыңайына қарағанда, бұл көзқарасты қолдамайтын тәрізді.

Ашаршылық қасіретіне ұшырамай өткен бір де бір қазақ шаңырағы болмаған, әрбір отбасының ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келе жатқан өзіндік тарихы бар.

Менің атам 1932 жылы, мұғалімдік дипломын алғаннан соң, ауылдардың біріне қызметке жолданыпты. Келсе, халық жаппай қырылып жатыр, мектепке тартатын бір де бір бала жоқ, түгел өліп біткен.

Өз әкеме жеткен әңгіме бойынша, біздің әулеттің азапты жолы былайша жалғасады: атама әлгі мектептегі бекітілген қызметтің төлемі ретінде босатылған жарты қап бидай қиын күнде талғажау болады; содан бұлар теміржол бойына жетеді, онда қырылып жатқан жұртты, өлген кісілердің етін жеген сұмдықты көреді; ақыры әйтіп-бүйтіп қыстан шығып, туған ауылдарына келсе, аталас ағайын 70 отбасынан небәрі 13 үй ғана қалған екен; содан соң атамның әкесі – менің бабам аштан өлген ағайын-тумаларының өзеннің екі қабағында шашылып қалған қу сүйектерін жинап, жерге көмеді...

Осы естігендердің әсері сондай, менің әкемнің жүрек- санасында болашақ өмірлік мұраты ұшқын бергендей болыпты. “Алағызған ұйқысыз түндерде қайтсем де жазушы болсам деп армандадым, келешек ұрпақ осыншама сұмдықты ұмытпас үшін бәрін қағазға түсірсем деп ойладым...” - деген еді әкем, осы әңгімені естіп білу кезегі енді маған жеткенде.

Совет баспасөзі Ашаршылық жайында сол кезде де, одан кейін де мүлде үнсіз қалды. Украинадан бір айырма, ол жылдарда Батыс журналистеріне Қазақстанға келуге де рұқсат берілмеді. Әйткенмен де, жеке бір кісілер тарабынан қасірет туралы деректі куәліктер сақталыпты.
Орталық Қазақстан өңіріндегі аштықтан қырылған жандардың зираттары жермен жексен болып кеткелі қашан...


Татьяна Невадовская 1933 жылы 19 жаста екен. Ол Ресейден айдалып келген профессор әкесімен бірге Алматы маңындағы Шымдаулет ауылында тұрған екен. Невадовская жергілікті халыққа қатаң қысастық жасалып жатқанын көріп, қатты толқиды, торығады, әйткенмен, сұмдықтаң себебін ұғына алмайды. Өз басы ашықпаған, отбасының күнкөрісі жақсы екен. Алайда, қазақтардың шарасыз, ауыр ахуалына бейтарап қарап тұра алмайды.

Невадовская көргенін қағазға таңбалайды, суретке түсіреді, ашаршылық туралы толғау жазады. Міне, осының бәрін жарты ғасырға жуық уақыт бойы сыртқа білдірмей, жасырын сақтайды. Ақыры, зейнетке шыққан соң, 1980 жылы өзінің "альбомын" Алматыдағы Орталық мұрағатқа тапсырыпты.

“Бұл – біз үшін өте ауыр қыс болды. Бірақ нағыз сұмдықты жергілікті халық бастан кешірді,” - деп жазыпты. “Баласы, шағасы бар, жасы, кәрісі бар, түгелдей аштан өлген осы кісілерді, қаңырап қалған, қазаға ұшыраған ауылдарды, әлі бітіп, ен далада қырылған қаншама жұртты қазақтардың бүгінгі ұрпағы ешқашан ұмытпас деп үміттенемін...”

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң Ашаршылық құрбандарына ескерткіш тұрғызу жөнінде бастама көтерілді. Қазақ зиялыларының талабы бойынша, республика үкіметі 1992 жылы болашақ монументтің орнын да белгіледі. Міне содан бері 16 жыл өтіпті, ескерткіштің елесі де жоқ.

Алайда, Ашаршылық туралы естеліктер ел жадында, ал санадағы ескерткіш қара тастан да берік. Тек, бұл тараптағы әңгімелерді ұғып, білу үшін адам ержетіп, есеюі керек сияқты. Ашаршылық туралы алғаш естігенде менің жасым он жетіде болатын. Әзірге менің балаларым кішкентай, бірақ өсіп жеткен кезінде олар да бәрін ұғып, танып - білетін болады...

Ал Қазақстан үкіметі де есейіп, өз халқының өткен тарихын бағамдайтын дәрежеге жету үшін енді қаншама заман керек болар екен?!

(Мақала Батыс жұртшылығы үшін ағылшын тілінде жазылған, қазақ тіліне сол қалпында аударылды. Түп нұсқасы осы арада Едіге Мағауин Азаттық радиосы қазақ қызметінің директоры. Мақалада айтылған ой-пікірлер  редакция көзқарасын білдіруі шарт емес.)

Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жаңай Қайдан: Ақтау
09.12.2008 19:48
+0 / -0
Қазақстанда 2млн 300мың адамның аштықтан қырылуы қазақ ұлтына қарсы бағытталған геноцидтың қорытындысы деп білемін.Геноцидты ұйымдастырушылар коммунистік Совет одағы.Біз 50 мен 60 тың арасындағы адамдармыз,сондықтан да 1932-1933 ж.ашаршылық жөнінде ,өзіміз куә болмағанменде әкемізден сол кездердегі үлкен адамдардан хабарлымыз.отызыншы жылдардағы қазақтың басына коммунистік Москвадан түсірілген ашаршылық қырғыны өзінің әділ бағасын алуы керек.Әділдік коммунист Назарбаевтың дәуірінде ашылмайтынына күмәнім жоқ.

Кімнен: Жасарал Қуанышәлин Қайдан: Алматы
09.12.2008 22:59
+0 / -0
Біріншіден, ХХ-шы ғасырдың 31-33-жылдары тап қазаққа қарсы жасалған зұлматтай (геноцид) жан түршігершілік зұлмат бұрынғы Кеңес Одағының аумағын былай қойғанда, бүкіл адамзат тарихында өте сирек болған!
Мәселен, сол зұлматтың ауырлығы салдарынан халқының 10-15 пайызы қырылып, қан жылап қалған украиндардың өзі бұл тұрғыда бүкіл ұлттық құрамының 50 пайызынан астамы қырылып, тағы 25 пайыздайы жат жерлерге тарыдай шашырап кеткен қазақтардан көп "қалыс" тұр. Әрине, зұлмат зардаптарын бұлайша салмақтау этикалық тұрғыда онша дұрыс емес те шығар, алайда, бұ дүниеде не де болса салыстырған кезде айқындала түсетінін ескерсек, өйтпеске амал да жоқ.
Сондықтан, егер бүгінгі әлемде өзіне қатысты жасалған мұндай зұлматты бүкіұлттық, жалпымемлекеттік һәм халықаралық деңгейде зұлмат (геноцид) ретінде арнайы заңнамамен рәсімдеуге құқықты және міндетті ұлттар мен мемлекеттер арасында да тап қазақтармен және тап Қазақстанмен тең келетін ұлттар мен мемлекеттер кем де кем.
Міне, осындай шараны Израиль мен Армения әлдеқашан жүзеге асырып, Украина ешкімнің (әсіресе, Ресей басшылығының) кедергілер қоюына қарамастан, өз президенті Ющенконың, үкіметі мен парламентінің шешімді іс-әрекеттері арқасында қазір, содан кейін 75 жыл өткен соң, жүзеге асырып жатса, өкінішке орай, Назарбаев бастаған Қазақстан өкіметі мұны қолға алмақ түгіл, жұмған ауызын ашпаған қалпы мелшиіп, меңіреу күйде отыр!
Масқара жағдай, әлбетте! Бірақ, бір жағынан, өз қара басының ғана қамын ойлап, халықты тонаудан басқаны білмейтін осындай қарақшы билікке тап болған соң, екінші жағынан, әлжуаз оппозиция сымағымыздың оған қарсы тұрар қауқары болмаған соң, қандай амалымыз бар, әзірше мұндай масқараға да еріксіз көне турудан басқа лажымыз жоқ...
Екіншіден, қазақ халқы - жалпы тағдыры өте ауыр, өте қасіретті халық. Оның дәлелдері – 2,5 миллион қазақты құрбандыққа шалған "Голощекин зұлматынан" бұрын да тап осындай зұлматтарды ол өз басынан екі рет өткерген. Олардың алғашқысы - тарихқа "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" атауымен еніп, 3 миллион қазақтың 1,5 миллионын жер жастандырған және соны поэзия тілімен мәңгілікке халық жадында сақтап қалған зарлы ескерткіш іспетті атақты "Елім-ай!" әнін дүниеге әкелген 1723 жылғы ЖОҢҒАР ЗҰЛМАТЫ болса, келесісі - бүгінде көп айтыла бермесе де, өз кезегінде тағы да 1,5 миллион қазақты жалмап кеткен 1921-23 жылдардың қолдан жасалған аштығы.
Қорыта айтқанда, тек осынау үш зұлматтың салдарынан ғана біздің халқымыздың қаза болған ұл-қызарының таза саны 5,5 миллионнан асып жығылады екен. Бұған сол 5,5 миллионның өмірге келмей, тумай қалған ұрпақтарын қоссаңыз, ол сан бірнеше есе ұлғайып, қазақ қасіретін одан бетер қоюландыра түседі. Міне, сол зұлматтар болмағанда, қазір жалпы саны кем дегенде 40-50 миллион болуға тиіс қазақ халқының бүкіл әлемдегі саны бүгінде 14 миллионмен, ал, Қазақстандағы саны 9,5 миллионмен шектеліп отыр.
Мен сонау 1988 жылы осы жағдайларға арнайы талдау жасап, «ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ
(“Ақтабан шұбырынды” және 30- шы жылдар аштығы құрбандарын мәңгілік есте сақтау жөніндегі толғаныс)» деген атаумен «Жалын» жұрналының сол жылғы 6-шы санында проблемалық мақала жариялап, осыған орай Қазақстанда арнайы МЕМОРИАЛ тұрғызу қажеттігін айтқан болатынмын. Әттең, ол мәселе содан бері өткен 20 жыл ішінде «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр. Және, сөз жоқ, Назарбаевтың жеке билік режимі дәуірлеп тұрған кезде солай болып қала береді де...

Кімнен: Алатау
12.12.2008 13:38
+0 / -0
Нағыз шындықты табатын жалғыз ғана жол бар,ол мынау-Қытайға барып,онда жасап жатқан көзі тірі қарттардан сұхбат алу керек,кәзір мұндай ақсақалдар да аз қалды,осыларды іздеп табу керек.

Кімнен: mahsat Қайдан: zhongguo
12.12.2008 17:20
+0 / -0
jasa kazak

Кімнен: arayla Қайдан: htai
12.12.2008 17:57
+0 / -0
col baiafe svet ukmetnn alegi,menn nafashe atam keznde baurlarinan ata-anasnan airlp ose htaifa kelp mekendegen........... nafz shndh........

Кімнен: sholpan Қайдан: zhongguo
12.12.2008 18:03
+0 / -0
nafz shndh, menn nafashe atam bala keznde yafni svet keznde ose htaifa ata-anasnan baurlarnnan airlp josp kelgen, nafashe apam bolsa kazakhstandafe baurlarm dep safnp jlaumen dunieden otken.................

Кімнен: Студент Қайдан: Шамалған ауылы
16.12.2008 03:43
+0 / -0
Осы жазылғанның бәрі шындық болса, бұл бір масқара. Ашаршылық ұйымдастырғандардан ешнәрсе талап ете алмаймыз, бірақ қазіргі таңда оны өз деңгейінде бағаламай отырған НұрОтанның құл отандастарым мен шындықты мойындауға қорқатын қорқау Назарбаевқа тек қана лағнет айтамын. Оңбаған адамдар, іштен шыққан сұр жыландар.

Назарға көп іліккен