Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 06:10

АЙМАҚ ХАБАРЛАРЫ

Есіл ауылында қазақ сыныбын ашуды сұраған оралмандар балаларын мектепке жібермеді

Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы Есіл ауылында тұратын оралман қазақтар ауылдан 20 шақырым жердегі мектеп-интернатқа балаларын бергісі жоқ. Олар Есіл ауылындағы орыс мектебінен қазақ сыныптарын ашып беруді талап етіп отыр.

Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
x
Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

ОРАЛМАНДАР ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫН АШУДЫ СҰРАЙДЫ

Қарағанды облысындағы Осакаров ауданына қарасты Есіл ауылында 37 оқушы биылғы жаңа оқу жылындағы алғашқы қоңырауға қатысқан жоқ. Аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан бұл ауылда бүгінгі таңда Моңғолиядан қоныс аударған 24 отбасы тұрады.

Ата-аналары балаларын аудан орталығындағы мектеп-интернатқа жібермей отыр. Оралман отбасылары жергілікті атқару билігіне Есіл ауылындағы орыс мектебінен қазақ сыныптарын ашып беріңдер деген талап айтады.

– Әр шаңырақта төрт-бестен бала бар, тіпті сегіз балаға дейін жететін отбасылары да бар. Енді есептеңіздер, әр балаға ай сайын екі мың
Қарағанды облысы Осакаров ауданына қарасты Есіл ауылы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
теңгеден төлеу қиынға соғады. Көп балалы ана деп берілетін жәрдемақы 5-6 мың теңге, оны қай жағымызға жеткіземіз? Киім-кешек, жүріс-тұрысы бар дегендей. Ауылда жұмыс жоқ. Әркім шамасы келгенше қарекет қып, пұл тауып талшық қыламыз. Осы ауылда бар мектептен 1-шіден 4-шіге дейінгі қазақ сыныптары ашылды, енді біздің талабымыз, 5-шіден 10-шы сыныпқа дейін де қазақша оқытса. Қазақ жерінде тұрып қазақ тілінде оқытатын мектеп ашып беріңдер дегеніміздің өзі тіпті ақылға қонбайтын күлкілі жағдай екен, – дейді Есіл ауылының тұрғыны Қарлығаш Мизамхан.

Оралмандар бірігіп осы арыз-талаппен ашпаған есік, бармаған жер қалмады деп отыр. Облыстық және аудандық білім басқару мекемелеріне, аудан әкіміне және «Нұр Отан» партиясына да хат жолдаған.

Соңғыларының маңайына жуу мүмкін болмаса, аудандық білім бөліміндегілер бала саны 41-ге толмаса қазақ мектебін ашуға заң жол бермейді дегенді алға тартады екен. Алайда оралмандар қазақ мектебі ашылса осы ауылға келетін оралмандар саны көбейер еді, ал мектеп болмаған соң олар қазақ мектебі бар басқа ауылдарға кетіп жатыр деген қарсы уәж айтады.

– Осы ауылға келгісі келетін ағайындарымыз көп, бірақ қазақша оқытатын мектебі бар ауылдарға кетеді амалсыз. Біз келіп орналасып қойған соң басқа жаққа да кете алмаймыз. Мынау интернат дегеніне белшеден қарызбыз. Бастықтары балаларымызға «ақша төлеңдер» деп ұрсатын көрінеді, олар «бармаймыз» деп жылайды. Ал іргеміздегі тиіп тұрған мектепке баруға зар боп біз отырмыз. Кеше білім күнінде ауыл балалары әдемі киініп, гүлдерін алып мектепке барып шат-шадыман болды дағы, біздікілер отырды үйді- үйлеріне тығылып. Жағдайымыз да мәз емес, ала жаздай бала-шағамызбен темір теріп өтікізгенімізбен, оған алған болмашы ақша балалардың киімі мен қарындашына жетпейді. Зарымызды айтып әкімге барсақ бізді кіргізбейді, енді тіпті шаршадық, бүйтіп қор болғанша, оқытпай-ақ қойдым балаларымды, амал жоқ, отырсын үйде, – дейді Айша Абдоллақызы.

«ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕСЕҢ ЖҰМЫСҚА АЛМАЙДЫ»

Олармандар «орыс тілі ғана бағаланатын қазақ жерінде өмір сүру қиындап барады» деп шағынады. Орыс тілін білмеген адамға жұмысқа орналасу мұң болып отырғанын айтады.

– Соқталдай азаматтарымыз жұмыс таба алмай жүр. Барған жерлерінде «орысша білмейсің» деген желеумен кері қайтарады. Жалпы
Айша Абдоллақызы – Моңғолиядан қоныс аударған оралман қазақ әйелі. Есіл ауылы, Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
«оралмансың» деп кемсіту басым. Мектептің өзінде де балаларымыз түрлі қысымдар көріп жылып келіп жатады. Біз оларға «шыдаңдар, үйренісіп кетесіңдер» деумен әлек болмыз. Ал араша түсейік деп былдырлап бірдеңе айтқан болып барсақ, өзімізді мазақ қып күледі әуелі, – дейді ауыл тұрғыны Айша Абдоллақызы.

Ал Есіл ауылындағы №2 орта мектеп директоры балаларын мектепке жібермей қойға оралмандардың ісін «балаға қарсы жасалған қиянат» деп бағалайды.

– Бірінші қыркүйекте балаларыңызды неге мектепке жібермедіңіздер дегеніме міне мынадай түсініктеме жазып берді, – деді мектеп директоры Лидия Калайчева алдында жатқан бірнеше түсініктемені Азаттық радиосы тілшісіне көрсетіп, – мұнда баланы мектептен қазақша сынып ашылса ғана жіберетіндері айтылған, ал бұған бастауыш сынып оқушыларының қатысы қанша? Маған балалардың сабаққа келгені дұрыс, ал ересек оқушыларға қазақ сыныптары ашыла ма, ашылмай ма – онда менің шаруам жоқ.

Аудандық білім бөліміндегі шенеуніктердің барлығының да пікірлері осы директордың ойымен тұспа тұс келіп отыр. Уәждері: оралмандар мұндай шуды орынсыз көтеріп отыр. Мемлекеттен алатын жәрдемақылары жетіп артылады. Жұмыс істегілері келмейді. Тиіп тұрған жердегі мектеп интернатқа төлейтін екі мың теңгені ауырсынады.

– Бұларды әңгімеге тартып сөйлесуден шаршадық. Ештеңе тыңдағылары да, түсінгілері де келмейді. Интернатта балаларға барлық жағдай жасалған. Иә, кейбір ата-аналардың интернатқа тамаққа төленетін ақшаны тауып беруден қиындық көріп жатқандары рас. Оның өзінде
Зура Оскеева – Осакаровка аудандық білім бөлімінің бастығы. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
біз осы тамақтың ақшасының 20 пайызын ғана төлеуді сұраймыз. Ол ақша банкке төленеді. Қалған 80 пайызы мемлекет есебінен төленіп отыр. Жаңағы төлей алмай отырған адамдарға көмек қолын ұсынатын боламыз келешекте. Ал ол ауылдан қазақ мектебін ашу – қиын мәселе. Себебі, заң бойынша ортаңғы және жоғарғы сыныптарға баратын оқушылардың саны 41-ге жеткенде ғана мектеп ашуға болады. Ал ол ауылдағы бұл санатқа жатқызылатын балалар саны 15-16 ғана. 37 бала деп отырғандары өтірік, – дейді аудандық білім бөлімінің бастығы Зура Оскеева.

Оның айтуынша, Есіл ауылындағы мектепке толықтай қазақша сыныптарды ашу мәселесі келешектің еншісінде. Ал дәл қазір бірлі-жарым балаға бола мұндай қадамға баруға бюджетте қаржы қарастырылмаған. Мамандар тарту мәселесі тағы бар. Тіпті енді білім бөлімі жанынан көлік бөліп, интернатқа апта сайын сол ауылдан балаларды алып барып келіп отыратын да жағдайлар да жасалады дейді шенеунік.

Бір қызығы, оралман отбасылары интернат ақысын сол мекеменің өзіндегі бір әйелдің қолына тапсыратынын айтады.
Интернатқа ақша төленгенін растайтын түбіртек. Осакаров ауданы, Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
 Оралмандардың қолындағы ақша төленгенін растайтын түбіртекте не банктің есепшоты, не мекеменің мөрі жоқ боп шықты. Түбіртек қағаздың үстіңгі жағында орыс тілінде «Гострудсберкасса СССР от 4 июня 1984 г.» деп жазылыпты.

Бұл жағдай жөнінде Азаттық тілшісі аудандық білім бөлімінің есепші маманынан түсініктеме сұраған еді. Ол мұны біресе «сол кезде банк істемей қалды» десе, біресе «бұл ақшалай емес, азық-түліктей алынған болуы керек» деген болжамдар айтуымен шектелді.

Айтпақшы, интернатқа ақшалай қаражат құя алмағандар қарыздарын азық-түліктей де өтей алатын тәртіп бар екен. Ал бірақ ол азық-түлікті кім, қалай бағалайтыны, қандай бағамен қабылдайтыны, оның сапасын кім тексеретіні тағы түсініксіз.

Есіл ауылындағы оралман отбасылары мәселе шешілмесе балалаларын интернатқа да, мектепке де жібермейтіндерін айтып отыр.

Осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Азаттық тілшісі аудандық әкімдікке хабарласқанымен, ондағылар түрлі сылтау айтып, сауалдарға жауап беруден жалтарды.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: оралмаған қазақ Қайдан: оралмайды да
03.09.2010 18:35
+0 / -0
Дәл осы Осакаровка дей ме, не десе о десін дей ме, әйтеу тілім "келмейтіноравка"-да менің жақын туыстарым тұрады. Мұңғылдан көшкенде туыстарымның балалары, немерелері таза қазақ еді, енді кәдуілгі қара орыс болыпты. Міне, атажұртқа барып қазақ болып жатқан қазақтың сиқы. Өз елінде отырып қазақша оқуға да еркі жоқ қайран қазағым-ай. Ол жаққа барып нелерің бар еді, жатпайсыңдар ма мұнда мұңғыл болса да нағыз қазақ болып.
Балаларым моңғолдар арасында болып моңғолша мектеп, балабақшаларда тәрбиеленіп келеді, мұнда ешбір қазақша TV, медиа жоқ. Бірақ та біз иншаллаһ қазақпыз, тіліміз де, діліміз де таза қазақ. Ал сендер бүкіл бүтін қазақ елі деп отырып ұялмастан қара орыссыңдар.
Мен қазақ Елбасын осы сайт арқылы ешқашан сынап көрмегем, сынағым келмейді де. Бірақ та осы тіл мәселесіне келгенде Үлкен кісіге деген өкпем қара қазандай. Бар тетігі қолында бола тұра жөнді ештеме істемегеніне таң қаламын. Бір қарасаң осыны ана азуы алты қарыс Ресей қасақана істетпей отыр ма деген ойға қаласың. Әйтпесе Нұрекең өзі айтқандай аю да үйренетін түгіл меңіреу-саңырау жылан да тіл үйренетіндей жиыыыыырмааааа жыыыыыл өтіп кетті ғой. Бұл уақытта қандай ақымақ, миғұланың өзі бес ауыз сөз үйренетін еді ғой. Не деген намыссыздық десейші. Егер де бұл елдің аты басқа-стан болғанда осылайша өкпе артпас та едім...
Қазақша сөйлей ме, сөйлемей ме шаруам жоқ еді. Алыста жатып ап өлмек түгіл өмірем қап деп жата берер едім. Әнтек, бұл елдің аты Қазақстан. Туған халқың болған соң күйінесің, шыдамайсың. Бірдеме жазған боласың, бірақ та біздің, сіздің осы жазған, айтқандарымызды тыңдайтын еститін билік қайдаааа.

Кімнен: Бек Қайдан: Астана
03.09.2010 20:59
+0 / -0
Бұл аудандағы шенеуніктер үшін үкіметтен шығып жатқан қаржы есеп емес, тек қазақша мектеп ашылмаса болды. Жерлік қазақтарды баяғыда орыс қылып алған, енді міне бір едірейген оралмандарды сағын сындырып орыс қылып алса болды бітті. Бейшара бір ауылға бір қазақ сыныбын ашып бере алмайтын не деген сорлы мемлекет. Менің айтпағым: Оралман баруырлар таймаңдар. Тіресіп бағыңдар. Иттерді бір еңіретіңдерші.

Кімнен: арқадан Қайдан: Сарыарқа
04.09.2010 00:37
+0 / -0
Ол шенеуніктер сол оралмандардың қазақ деген халықтың өкілдері екендігін түсінетіндігіне күмәнім бар. Какой-то моңғолдар үшін фронттан шегінудің, жағдай жасаудың қажеті қанша деген ой ғой. "Оралмандар Қазақстан үшін еңбек сіңіріп үлгерген жоқ " деген Елбасымыздың тұжырымына мен мынаны қосар едім. Осы Сарырақадағы бірнеше облыста қираудың аз-ақ алдында тұрған қаншама ауылдарды демографиялық тұрғыда қан жүрітіп ұстап қалған оралмандар емес пе? Біздің әке-шешелеріміз бен тұстастарымыз дайын маман ретінде келіп, алды Қазақ Отанына 20 жыл еңбегін сіңіріп, адал зейнетақысына қол жеткізсе, олардан кейінгі әрдайым қазақ рухымен тыныстайтын замандастарымызды кез-келген мектептен кездестіруге болады. Моңғолиядан келген қазақтардың мыңдаған өкілдері ұстаздық қызметін адал атқарып жүр. Мектеп басқарып жүрген көптеген қандастарым бар. Бұл үлес емес пе? Қазақ мектебінің өрісін тарылту - тек оралмандарға қатысты жайт та емес. Ал мына жерде шенеуніктердің өз тідімен айтқанда, чего-то, не чисто, чем-то пахнет... Ұлт рухы ақшаға айрыбасталған заман-ай

Кімнен: Ілекен Қайдан: Атырау
04.09.2010 08:07
+0 / -0
Қазақтар! Қандастар! Таймаңдар! Алға басыңдар!
Сендердікі дұрыс құдай алдында да, адам алдында да!
Иншалла, жеңіс біздікі болады!

Кімнен: Айнур Қайдан: Қазақстан
04.09.2010 16:06
+0 / -0
Осындай тілге қатысты мәселелерді тек қана сіз бен біз оқитын "Азаттық радиосында" ғана емес еліміздегі теле арналарға, орталық газеттерге шығару керек, үлкен адамдар да оқысын, үлкен кісілердің негізгі ақпарат құралдары газеттер ғой, солай таратылса екен хабарлар, қазақ жерінде тұрып қазақ мектебіне зар болып отырған қандастарымыздың зары билікке жетпей қала ма деп ойлаймын. оларға жан-жақтан телеарналар арқылы айғайлап айту керек

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
04.09.2010 17:21
+0 / -0
Өз жерімізде сырттан келген қандастарымызды осыншама сарсаңға салып қойған билікте ес жоқ шығар. Әлде Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанда орыстардың билігі әлі де жүріп тұр деген сөз. Өз қандастарына жаны ашымаған биліктегі әкімсымақтарға айтарым, көзіңді аш, өзіңді-өзің қорға, өзгеге мазақ қылма. Біздің Оңтүстік өңірде жағдай басқаша, егер өзге тілдегі мектептерде 1 бала қазақ сыныбына барамын десе, онда ол үшін сынып ашып береді. Өйткені қазақ боламын деп тұрған адамға қалайша қой дейсің?

Кімнен: Оспан Қайдан: Шымкент
05.09.2010 00:15
+0 / -0
Әттең жете алмай отырмын. Жетсем Лидия Калайчева жане Зура Оскеева ханымға қазақша тусіндіріп қояр едім.

Кімнен: Масқара!
05.09.2010 09:42
+0 / -0
Мынау тірі масқара ғой! 1991 жылдан бері "тәуелсізбін" деп ұрандатып келе жатқан Қазақстанда 20 жыл өткен соң өз қазағын ана тіліндегі мектепсіз сандалтып қойған мұндай биліктің тұқымы тұздай құрысын! Бұл сияқты масқараны жалпы қазір Қазақстаннан басқа ешбір елде көрмейсің.
"Қазақ сыныптары ашыла ма, ашылмай ма - онда менің шаруам жоқ", - дейді қыртиып отырған мектеп директоры Лидия Калайчеваның түрі анау, қазақы табиғи қалпынан безіп, шашын сарыға бояп шүртиген аудандық білім бөлімінің бастығы оспей қалғыр Зура Оскенованың сиқы анау!
Маған салса адамшылықтан жұрдай бұл сияқты безбүйректерді білім-тәрбие саласына жолатпақ түгіл, Қазақстанның маңайына жолатпай қуар едім! Керек десе, осындай масқарашылықтарға жол беріп қарап отырған облыс әкімі мен басқа да басшылармен қосып. Масқара!

Кімнен: Балталы Төлеген Қайдан: Қызылорда
05.09.2010 13:28
+0 / -0
Мен Қазақстандағы Ең Үлкен көкенің ҚАЗАҚ халқына, ҚАЗАҚ тіліне деген әрекеттерін түсінбеймін. Өмір бақи, Қазаққа керек еместей "бізге тыныштық керек" деп, бүкіл әлемдегі діндарларды, елге хабар айтатын жорналшыларды, тағысын тағыларды жинап алып, жақсы әңгімелер айтып, "бүкіл әлемде халықтар бірлігі жарасқан бірден-бір мемлекет жасадым" деп жар салудан жалықпайды.Ал оның басқаратын ҚАЗАҚ елінде ҚАЗАҚ халқының, ҚАЗАҚ тілінің проблемасы шаш етектен.Неге сол Есіл ауылында орыстың мектебі болмаса ол түсінікті болар еді.Өйткені ол ауыл ҚАЗАҚТЫҢ ауылы,ҚАЗАҚТЫҢ жері."41 баладан аспаса сынып ашылмайды" дейді.Ал оқитын оқушысы 41 адамнан асатын орыс сыныптарын көрсеңіз, сыныптағы оқушының 80 пайызы қазақтың балалары.Орыс сыныптары қазақтың балаларының есебінен толықтырылуда.Бұл не саясат."Қазақстан елі.Қазақстандық халықтың" алғы шарттары ма. Олай болса ЕҢ ҮЛКЕННІҢ "Қазақстанның болашағы ҚАЗАҚ тілінде" деген Ұранын қайда қоямыз. Неге бүгіннен бастап ҚАЗАҚ елінде тек қана ҚАЗАҚ тілінде оқытатын мектептер ғана жұмыс жасамайды. Біз әр тілде оқытатын /орыс,өзбек,ұйғыр т.б./ мектептер ашып, сол тілде оқытып, қай ел үшін ұрпақтар тәрбилейміз? Кімге жалтақтаймыз? Біреу бірдеңе деп мұрынның астынан міңгірлесе, "керек болса өз келешегіңді өзің тәрбиелеп ал, ал мен тек қана ҚАЗАҚ елінің келешектерін тәрбиелеймін" деп неге айтпаймыз. Ең болмаса, өзбектен,түрікпеннен, әзірбайжаннан, тіптен жерінде миллионға жуық қазақтар тұрса да, ҚАЗАҚ мектебі емес, қазақ тілін оқытпайтын,тек орыс тілінде ғана оқытатын орыстан үлгі алайық. Сорлы болмайық. Анау "41 оқушы керек" деп отырған әйелдің орнына ұлт жанды ҚАЗАҚ азаматын отырғызу керек.Ол жақтан табылмаса сол әйелдің орнына Қызылорданың қазағын отырғыз.Ол міндетті түрде жұмысты 100 пайызға үш күнде шешеді.
Пікір алмасу

Кімнен: Арыс Қайдан: Шымкент
05.09.2010 20:53
+0 / -0
Төке, "Қазақ елінің болашағы-қазақ тілінде" дегеніңіз, бұл тек баяғы Кеңестік кезеңдегі "Барлық елдердің пролетиаттары бірігіңдер" деген, алайда сол күйі біріге алмай кеткен ұран бар емес пе еді, құдды сол сияқты жалаң ұран ғой.Алайда осы көкең тұрғанда қазақ тіліне болашақ болмай кетейін деп тұр-ау? Әй қайдам, дегенде ол көкеңді отырған тағынан далаға екі аяғымен "алып шығардың" алдында да ол ;- "Қазақ тіліне болашақ берме" деп кететін сыңайлы-ау, ең соңында қасында тұрғанға? (түсінікті шығар?)

Кімнен: Алтай Қайдан: Орталық
05.09.2010 19:16
+0 / -0
Құрметті қазақы қаны бар азаматтар осы іске бір кісідей ат салысып көрейікші, кім жеңер екен. Сол үшін кез-келген қазақ Білім және ғылым министрінің сайтына және өз атына хат жолдайық, екіншіден Парламентте отырған ұлтжанды азаматтарға хат жолдайық. Кімге қандай шенеунікке хат жолдағанымыз жайлы Құдай тілеуіңді бергір Азаттықтың осы сайтына жазып тұрайық. Болмаса хаттардың кімге барғанын, олардың неге үнсіз қалғанын көріп отырайық. Өтірік жалған депуттатардың беті ашылсын. Үшіншіден, қарт Елбасының "Оралмандардан пайда көрмедік" деген сөзі жалған. Осыны біреулер ұран қылып ұстап алып оралмандарға зардап келтірері сөзсіз. Қысқасы қолдан келгенді жасу керек.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
06.09.2010 12:54
+0 / -0
Жігіттер, мүмкіндік болса, оралмандардың телефонын осы жерге жазсаңыздар екен! Рахмет!

Кімнен: Гуншомен Қайдан: Қазақстан
06.09.2010 21:29
+0 / -0
Ия, бір ауылда бір мектеп болса , ол қазақ тілді мектеп болуы тиіс.
Басқа тілде оқитындар интернатқа барып оқысын.
Оралман болсын , болмасын ол да Қазақстан азаматы, және ол алғашқы кезекте қазақ тілінде білім алуға құқылы және міндетті. Әкімдер халық жаулары, оларға репрессия қажет болып тұр.......
Тек қағаз жүзінде бәрін қатырып отыр, рахат бәрі, ұсталса үкіметтен зәбір көрген халық батыры болып шығады .

Кімнен: Қайрат Қайдан: Алматы
06.09.2010 23:45
+0 / -0
Үш айтарым бар. Біріншіден, қазақ азаматтарының бұлай істегені дұп-дұрыс. Басқаша орыстанған шенеуніктерге түсіндіре алмайсың. Талаптары заңды. Орыстарға не орыстанған қазаққа бүйтіп істеп көрсінші, дереу құқымызды бұзды деп шырылдап, дүние жүзіне байбалам салады. Ал қарапайым қазақты басына береді. Екіншіден, бұл орыстанған шенеуніктер қазақ заңдарын қасақана бұзып отыр, өйткені Конституциямызда орта білім тегін деп жазылған, яғни интернат не болмаса басқа орта білім мекемесінің жалпы орта білім үшін ресми түрде ақша алып жатқаны заңсыз. Бұны сотқа беру керек не прокуратураға мәлімдеу керек.
Және де үшіншіден, Азаттық радиосы журналистеріне арнайы айтарым. Осы сіздер шыныменен қазақ тілінің заңдарын бұзып жатқанын кейбір кезде сезбей жүрсіздер ғой. Әйтпесе "бір әйел азаматшаның қолына" деп есі дұрыс қазақ жазбайды ғой. Білмесеңіздер айтайын: қазақ тілінде (тура ағылшын тіліндегідей) сөздер жыныс категориясы бойынша (яғни ұрғашы, ер және бейтарап топ дегендей) бөлінбейді. Ол орыс (неміс және т.т.) тілінде сондай бөлініс бар. Совет заманы кезінде орысқа ұқсаймыз не жақындаймыз деп қазақ тілінің заңдарын жергілікті оқымыстысымақтар құрметтемей өрескел және жүйелі түрде бұзып жүрген. Соның бір түрі қазақ тіліне жыныс категориясын күшпен, жасанды болса да енгізу, яғни "гражданин" дегенді "азамат" деп аударып, "гражданка" дегенді бүйректен сирақ шығарып "азаматша" дейтін болды. Басқа да сондай мысалдар ьолып жатыр. Бірақ тіл деген жеке адамның қолында емес қой. Тілдің өз құдіреті бар. Есі дұрыс қазақ "азаматша" дегенді "кішкене азамат" деп түсінеді, өйткені әр тілдің өз заңдары болады. Сол сияқты қазақ тілінің де ереже-заңдары бар. Сол бір ережеге сәйкес, "-ша, -ше"-ні зат есімге жалғайтын болсаңыз, бұл сол негізгі сөздің кішкенесі деп түсінеді ел. Сіздер бұны білуге тиістісіздер. Біз енді орыстың боданында емеспіз ғой, журналист бауырларым. Қазақ тілінің заңдарын сақтайтын болсаңыз, ешкім сіздерді, Құдайға шүкір, енді жазаламайды тәуелсіздіктің арқасында. Соны ескеріп, қазақ тілінің заңдарын құрметтеуге шақырамын. Сіздер қазақша жазып отырсыздар ғой, орысша емес.

Кімнен: Й Қайдан: Ф
07.09.2010 11:49
+0 / -0
QAZAQTAR...........QAZAQ BOLMAY-AQ QOYALIQ.....

Кімнен: Балталы Төлеген Қайдан: Қызылорда
07.09.2010 18:08
+0 / -0
Біздің биліктің бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы, "біздің елді "кемеңгер адам" басқарғандықтан, біз барлық сала бойынша жын ұрғандай алды-артымызға қарамай дамып бара жатырмыз. Бірақ ешкім түсінбейтін цифрларды жазып, бір түсінбейтін пайыздық көрсеткіштерді көрсетеміз. Мұндай өтірігімізге өзіміз сеніп, басқа елдерді де сендіргіміз келеді. Біздің елдегі көрсеткіштердің барлығы орысша "блеф" деген сөз. Ең жоғарыдағылар, ең Үлкендер де "блефуют". Бұл ащы. Бірақ шындық. Әйтпесем, дені дұрыс адам "Ресейдің Қиыр Шығысындағы өзендерді бізге қарай тартайық", деп тағы бір "ойлы" да "толғаулы", "келелі" "ортақ проблемалық" сөздер айтып ой тастап, өзінің еліндегі проблемалар шешіліп болғандай сыңай береді ме. Кедендік одақтан соң,"ортақ экономикалық кеңістік", "ортақ ақша", "сыртқы жаудан бірлесіп қорғану" сұрқия саясаттары біздегі Ең үлкеннің "рұқсатымен" бастау алып келе жатқандығы өтірік емес.Тоқ етері жоғарыдағы құйтырқы саясат "өз жемісін берсе" сенің Қазақ тілің емес, ҚАЗАҚ ЕЛІҢНІҢ өзі өз атауын жоғалтады. Сондықтан қазір біздің саясат бойынша Қазақ еліне Қазақ тілі керек емес. Олай болса Қазақ мектебі, Қазақ тілді оқушылар, Қазақ тілді тұрғындардың тіптен қажеті жоқ. Бұған дәлелім біздің Қызылордада барлық ұлттар Қазақ тілін жақсы біледі және бізде орыс тілінің, орыс тілді кадрлардың бір тиынға да қажеті жоқ. Өйткені тұрғын халықтың 90 пайызы Қазақ халқының өкілдері. Бірақ биліктің зорлықпен жиындарды, тіптен жоқ жерден биліктің ойлап тауып жасайтын сайқы-мазақ, әйтеуір бітпейтін тойлары да екі тілде жүргізіледі. Орыс тілін тіптен қажеттілігі болмаса да. Адамдарды үгіттеп, әйтеуір түрлі амалдармен балаларын орыс мектептеріне, аралас болса орыс сыныптарына бергіздіреді. Қызылордадағы орыс мектперіндегі, орыс сыныптарындағы оқушылардың 90 пайызынан көбі Қазақтың балалары. Осылардың есебінен орыс мектептері күн көріп отыр. Ал Есіл ауылында ҚАЗАҚТАР жоқ деп көргенсіз тірліктерінің түрі анау. Қазақтар тоқтамаңдар. Енді ЕҢ Үлкенге барлығымыз ЕҢ Үлкен сұрақты қояйық.
1/. Қашан толық қанды ҚАЗАҚ мемлекетін құрып боласыз.2/.Қашан Қазақ тілінің шын жанашырлары билікке келеді.3/.Қашан Қазақ елінде Қазақ тілінде оқытатын мектептер көптеп ашылып, Қазақ тілі, Қазақ тілінде оқитын балалар өз елінде өгейсімейтін болады.4/.Қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың, өз жерінде Қазақ тілінің мәртебесі аяқ асты болуды Қашан, қай кезде тоқтатасыз.80-90 пайызы Қазақ ұлтының өкілдері отырған алқалы жиындарда, мәжіліс, сенат депутаттарының алдында орыс тілінде сөйлеп, осы мәртебесі биік жиындардың орыс тілінде өтуіне мұрындық болуды қашан, қай кезде тоқтатасыз.Қашан Қазақтың балалары, Қазақ елінің болашақтары Қазақ елінің барлық аумағында, барлық мектептерде, мемлекеттік кеңселерде өздерін ӨЗ елінде жүргендей сезінетін болады. Мұндай сұрақтарды шексіз түрде қоюға болады. Өйткені біздің елде барлық ҚҰҚЫҚТАРЫ аяқ асты болатын ҚАЗАҚ ұлтының өкілдері екендігі жасырын емес. Бірақ Сіздерге Бір АЛЛА қуат берсін.Біз Сіздердің азаматтықтарыңызға сүйсінеміз.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
10.09.2010 17:01
+0 / -0
Құрметті Елбасы мырза сіздің атағыңыздың жер жарып тұрғаны осы - ҚАЗАҚ деген ұлттың арқасы емес пе? Өз жерімізде неге біз өгейсуіміз керек. Өз тілімізде сөйлей алмасақ, өз жеріміздің төл егесі екендігімізді өзгелерге білдірте алмасақ, дінімізді қорғай алмасақ, біздің кім болғанымыз. Осы мәселені сіз, сіздің айналаңыздағы өзін - ҚАЗАҚ -пын деп санайтын саналы азаматтар осыған неге көңіл аудармай екен. Әлде қазақ болуға намыстанады ма? Біздің қалада өзге ұлт өкілдері балаларын орыс сыныптарына береді, өйткені оларға біздің билік - қазақ ұлтын оларға мойындата алмай жүр. Біз көп ұлтты мемлекетпіз, бірлігіміз жарасқан деп жаһанға жар саламыз. Ол өзіміз үшін қасірет екендігін қазірден сезінудеміз. Өйткені өзге ұлттардың ыңғайына ығыса беріп, оларды еркінсітіп жібердік. Оларға өз тілдерінде оқитын мектептер ашып беріп, қаржыландырып отырмыз. Оларды қаржыландырмау керек. Олар сол жақсылықты білмей, дандайсып барады. Өзара қазақты менсінбейтін болды. Қазақ ойланайық, ертерек оянайық.