Келесі бағдарлама






 

Әлеумет

Қазақтың көрнекті қайраткерлері туып-өскен ауылдар құрып барады

Сарыкөл ауданындағы Анновка селосы. Қостанай облысы, тамыз, 2009 жыл.

26.08.2009

Қостанай облыстық мәслихаты 17 ауылды жою туралы шешім қабылдады. Әрқайсысында елуге жетер-жетпес тұрғын қалған. Бұл ауылдарда мәдениет және білім ошақтары жабылған. Облыста соңғы бес жылдың ішінде ғана 104 елдімекен тып-типыл болды.

БАҒЫ ТАЙҒАН АУЫЛДАР

«Ауыл – қазақтың бесігі. Оның үстіне олар үлкен шалқар көлге құйылып жатқан бұлақтар тәрізді. Алайда, бұлақ көзі бітелсе көл де ортаймай ма? Мұндай саясатты мүлде ақтауға болмайды», - дейді зейнеткер Балтабай Қожмұхамбетов.

Қазіргі уақытта Қостанай облысының аумағындағы елдімекендер саны - 646. Бірақ, келешекте олардың саны тағы да қысқаруы ықтимал.

«Бір кездері Совет Одағы тұсында перспективасы жоқ елдімекендер қатарына бірыңғай қазақ ауылдары жатқызылып, халқымыз теперіш көрген еді. Ал енді тәуелсіз ел болғанда көрген құқайымыз тағы да сол болып отыр. Мен Таран ауданынан Лисаков қаласына көшіп келдім», - дейді зейнеткер Абай Қошалов.

Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ауылы. Қостанай облысы, тамыз, 2009 жыл.
Оның айтуына қарағанда, аталған аудандағы Бейімбет Майлиннің кіндік қаны тамған Ақтөбе ауылында он шақты үй ғана қалыпты. Қазақтың классик жазушысының жүз жылдық тойы қарсаңында онда елуден астам тұрғын үй және мешіт салынған болатын. Бүгінде ол мешітке жан баласы кірмейді дейді сұхбаттасымыз. Жап-жаңа үйлер қиратылып, құрылыс материалдарын әлдекімдер тасып алып кеткен.

Барлық пәле ауылдың Әйет өзенінің арғы бетіне салынуында болып отыр дейді оның бұрынғы тұрғыны. Өйткені, көктемде су тасыған уақытта жан баласы арғы бетке өте алмайды. Осы тұста көпір саламыз деген биліктің бір кездегі уәдесі аяқсыз қалған. Ал жаңа ауылды тас жолдың бойына, өзеннің бергі бетіне салу -ол кезде ешкімнің де ойына келмеген.

«Шынында да Қостанайдағы көрнекті қайраткерлер туып-өскен ауылдар құрып барады. Ұлы ғалым Шоқан туған ауыл туралы Азаттықтың сайтынан оқыдым. Айтар сөз жоқ, бармағыңды шайнайсың. Педагог-жазушы Спандияр Көбеев туып-өскен, кейін өзі сабақ берген Меңдіқара ауданындағы Ақсуат ауылының да жағдайы мәз емес. Ал олардың табаны тиген жерді Лев Толстойдың Ясная Полянасы, Чеховтың Мелиховосы секілді жұрт ағылып келетін қасиетті мекендерге айналдыруға болмас па еді», - дейді өлеңдерін орыс тілінде жазатын ақын Әбдірахман Досов.

Облыста тек байырғы қазақ ауылдары ғана емес, сонымен бірге тың игерген кезде салынған кейбір елдімекендердің жағдайы да осыған ұқсас дейді ондағы тұрғындар. 

«Рас, қазақтар ауылда көбірек тұратындықтан, әуелгі соққы соларға тиді. Дәл сондай кеп тың игеру жылдары салынған біраз шаруашылықтардың басында бар. Ал олардың көпшілігінде орыстар, немістер, украиндар тұрып жатыр. Сондықтан, шағын қоныстарды сақтап қалу мәселесі барлығымызға ортақ. Селоны көркейтпей еліміз көгермейді», - дейді тағы бір село тұрғыны Анатолий Феслер.

АУЫЛҒА ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАН МИЛЛИАРДТАР

Алыс ауылдарға апаратын жол қатынасының қиындығы, жұмыстың жоқтығы ауылдарға дерт болып отыр. Әлеуметтік проблемаларды шешуге қаржы керек, дағдарыс салдарынан онсыз да аз бөлінген мардымсыз қаржы ауылдарға жетпейді.

2003 жылдың желтоқсан айында облыстық мәслихаттың депутаттары Қостанай облысы селолық аумақтарының аймақтық дамуының бағдарламасын бекіткен болатын. Облыстық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мария Щеглованың сөзіне қарағанда, соңғы алты жылдың ішінде оны жүзеге асыруға 59,5 миллиард теңге қаржы бөлініпті.

Қостанай ауданындағы Ульяновское селосы. Қостанай облысы, тамыз, 2009 жыл.
Алайда, сол бөлінген қаржы негізінен шалғайдағы мекендерге жұмсалудың орнына аудан орталықтарынан аспай қалған. Өйткені, аталған бағдарламада бөлінген қаржының қандай мақсатқа жұмсалатыны нақты көрсетілмеген. Ал ауыл-селоларға жетті деген қаржының өзі көбінесе жергілікті мектептерді ағымдық және күрделі жөндеуге жұмсалған. Ауылдағы мәдениет ошақтарын жөндеу және елдімекенді көркейту секілді шаралар сол жерде тұратын тауар өндірушілердің мойнына артылған.

Бағдарлама бойынша бұл мақсатқа 16,9 миллиард теңге бөлінген екен. Алайда, ірі елдімекендерде клубтарды жөндеуге жағдай бар болғанымен, шағын ауылдар тағы да назардан тыс қалған. Ауылдық жерлерде, әсіресе байырғы қазақ ауылдарында жұмыс орындары жоқ, бұл ауылдарда негізінен малын бағып, күнкөріс жасап отырған шағын шаруа қожалықтары мен кәрі-құртаң ғана тұрады.

МЕКТЕБІ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР ТАРТАДЫ

Жолдың жоқтығы, ауылдағы мәдениет ошақтарының жабылуы, дәрігер қызметіне зәрулік, тағы басқа әлеуметтік мәселелердің оңды шешімін таппауы, айналып келгенде, жұрттың ауылдан жаппай көшуіне, оқушылар азайғандықтан мектептің жабылуына, сөйтіп, ауылдың біржолата құруына әкеп соғып отыр.

Облыстық білім басқармасының бастығы Генрих Шек биылғы жылы облыстағы барлық білім ордаларының 71 пайызы күрделі жөндеуден өткенін айтады. Ал оқушылар санының азайып кетуіне байланысты Денисов, Қостанай, Сарыкөл аудандарында бірнеше бастауыш мектеп жабылып қалған.

Облыстық әкімдікте өткен кезекті аппарат мәжілісінде облыс әкімі Сергей Кулагин мектептердің жабылу мәселесіне арнайы тоқталып: «...бастауыш мектептерде он оқушыдан болса, жағдай басқаша болар еді. Ал екі-үш бала қалса, ол мектептің болашағы жоқ екені белгілі. Ауылдан қатынап оқитын әлгіндей балалар үшін аудан орталықтарындағы мектептер жанынан арнаулы интернаттар ашылып жатыр. Сондықтан босқа үркудің қажеті жоқ» деген пікір айтқан болатын.

Кейбір ауылдарға арнайы көлік бөлінген. Дегенмен, бұл мәселеге байланысты ата-аналардың пікірі әрқилы. Олардың көпшілігі балаларын көзден таса қылғысы келмейді және қыстың көзі қырауда кездейсоқ ауырып қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Кейбір ата-аналар бұл жағдайға шарасыздықтан көніп отырғанын айтады.
Бұл форум жабық
     
Пікірлер
Кімнен: кадыр Қайдан: алматы
26.08.2009 17:53
Қостанайдан шыққан азаматтар қайда? Мен Қостанайда болған емеспін бірақ ауылды көтеруге дайынмын, барамын қолдау тапсам! Қостанайда туылған бизнесмендер, министрлер, Депутаттар болса хабарлассам деп едім!

Кімнен: Жанашыр Қайдан: Астана
26.08.2009 18:51
Қостанайдан шыққан депутаттар деймісіз? олардың біреуі академик Сағадиев Парламенттің қаржы комиссиясын басқарып отыр. Біреуі облыстың бұрынғы әкімі Қадамбаев, тағы біреуі облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Баймағамбетова, тағы біреу ол да ауданға әкім болған, қазіргі спикер Мұхамеджанов. Тағы біреуі ауданды басқарған, қазіргі сенатор Амань. Тағы біреуі Қарасу ауданын басқарған Тұрсынов. Осы да жетер. Әлде тағы керек пе? Олардың жаны ашиды деп ойламаймын. Сол ауылдарды құртудың басы-қасында жұрген солар ғой.Ауылдың жағдайын солар мүше болып отырған "НүрОтаннан" сұрау керек.

Кімнен: кадыр Қайдан: алматы
27.08.2009 01:40
Астаналық Жанашыр! Сізге рахмет! Ораза қабыл болсын! Енді олармен кездесіп сұхбат құру "бір мәселе". Бауырым Жанашыр, Сіз не айтасыз? Біреуден екеу жақсы дегендей..!

Кімнен: Жанашыр Қайдан: Астана
28.08.2009 11:26
Айтқаныңыз келсін!Менің ойымша, олар бұл тақырыпқа сұқбат бермейді, әртүрлі сылтау айады, бірақ, Қостанайдан сайланған, Асамблеядан тағы екі депутат бар. Вишнишенко және Киколенко. Осы екі хохолдың біреуі болмаса біреуі айтуы мүмкін.Ұлты басқа болғандықтан, бәлкім, шындығын айтар.
     
Мәтін көлемі - +