Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 22:50

ӘЛЕУМЕТ

Қазақстандағы кейбір мұсылмандар өз тілдерінде уағыз тыңдай алмайды

Қазақ билігі мен елдегі мұсылмандардың жетекшілері мұсылман жамағат арасында қазақ тілінің үстемдігін орнатуды көздеп отыр. Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұра кейбіреулер шариатқа сілтейді дейді құқық қорғаушылар.

Қажыға баратындарды шығарып салуға келген мұсылмандар Алматының орталық мешітінде. 8 қараша 2010 жыл.
x
Қажыға баратындарды шығарып салуға келген мұсылмандар Алматының орталық мешітінде. 8 қараша 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

Қазақстандағы этникалық азшылық ұлт өкілдерінен құралған сүнниттер мен шииттердің (шиғалардың) кейбір жамағаттары өздеріне мешіт салуға мүмкіндік ала алмай отыр. Олар «біздің мешіттеріміз өз тілінде уағыз тыңдағысы келетін өзге ұлт өкілдеріне есігін айқара ашар еді» дейді. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тек өз бақылауында болатын құлшылық үйлер ғана ашуға рұқсат беріп отыр.

Ослода орналасқан халықаралық «Форум-18» құқық қорғау ұйымы Қазақстанда айтыла бермейтін осынау тақырыпты қозғады. «Форум-18» құлшылық үйлерін тіркеткен мұсылмандардың кейбір этникалық жамағаттарына мемлекет тарапынан шектеулер қойылып отыр деп хабарлайды. Оған мысал ретінде құлшылық үйлерінде жұма намазын өткізуге тыйым салынғанын келтіреді. Мұсылман жамағат көп жиналатын мұндай жұма намаздарды тек қана мешіттерде өткізуге рұқсат берілген. Ал ондағы уағыздар қазақ тілінде айтылады.


«АТ-ТОНЫН АЛА ҚАШАДЫ»

«Форум-18» ұйымы Қазақстанда төбесіне күмбез тұрғызылған құлшылық үйлерін салуға тыйым салынғанын, жұма намаз өткізуге рұқсат етілмейтінін жазады. «Сондықтан, құлшылық үйлеріне келетін мұсылмандар аз және мұндай орындардың мәртебесі мешіттердің мәртебесінен төмен саналады» деп атап өткен құқық қорғау ұйымы.

Этникалық белгілеріне қарай мұсылмандық діни әрекеттерге қойылған шектеулер әсіресе шииттерге көбірек әсер отыр. Шииттердің басым көпшілігі – Қазақстандағы азшылық мұсылмандар, яғни әзербайжан ұлтының өкілдері болып саналады.

«Билік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мемлекет бақылауында болғысы келмейтін кез-келген мешітке қырын қарайды» деп жазады «Форум-18» ұйымы. Қазақстандағы азшылық ұлттардың өз тілдерінде уағыз тыңдай алмауына не себеп деген осы құқық қорғау ұйымының сауалына көптеген мұсылмандар жауап беруден қашқалақтайды.

Бұл мәселе жөнінде пікір айтуға келіскендердің өзі биліктен сескенетінін алға тартып, «Форум-18» ұйымынан мақалада аты-жөндерін көрсетпеуді өтінді. Құқық қорғау ұйымы өкілдері көтерген бұл мәселені талқылаудан лауазымды қызметкерлер де бойларын аулақ салды. Шенеуніктер де, ҚМДБ басшылары да алдын-ала келіскен күннің өзінде телефон арқылы әңгімелесуден ат-тонын ала қашады.


ИМАМЫ ДА, МЕШІТІ ДЕ ЖОҚ

2009 жылы Қазақстанда өткен санақ мәліметтері бойынша, елдегі 16 миллион адамның 457 мыңы өзбек, 224 мыңы ұйғыр және 204 мыңы татар ұлтынан. Сондай-ақ қырғыздар мен әзербайжандардың, Кавказ пен Дағыстаннан келгендердің қауымдастықтары да өмір сүреді. Осынау этникалық азшылықтардың басым көпшілігі мұсылмандар. Бұл топтардың өкілдері «Форум-18» ұйымына санақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 16 қараша 2010 жыл.
қорытындысында өз сандарының азайтылып көрсетілгенін айтады.

Жамбыл облысындағы қырғыз қауымдастығында ұлты қырғыз имам жоқ деп хабарлайды «Форум-18» ұйымына аты-жөнін айтуды қаламаған жергілікті құқық қорғаушы. Қырғызстанмен көршілес Жамбыл облысында көптеген қырғыздар өмір сүреді, алайда бірде-бір қырғыз имамға қырғыз тілінде уағыз айтуға рұқсат етілмейді.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Рахия Тұрмағамбетова «Форум-18» ұйымына Қазақстанда мешіттер ұлтына қарай бөлінбейді деген пікір айтты. «Бізде қазақтың, күрдтің немесе қырғыздың мешіті деген мешіт жоқ, мешіт бәріне ортақ», – деді ол.

Қазақстан Конституциясы мен діни сенім бостандығы туралы заңда азаматтардың діни қауымдастық (жамағат) құрып, жетекшісін сайлап алуына еркіндік берілетіні туралы айтылғанымен Қазақстан татарларының да өз мешіттері мен татар имамдары жоқ. «Тіпті советтік кезеңнің өзінде татар диаспорасы көп шоғырланған Семей қаласында екі татар мешіті болатын, олардың имамдары да татар еді», – деп жазады «Форум-18».

Семейдегі татар мәдени орталығының төрағасы Ғабдулхақ Ахунжанов бүгінде бұл өңірде ресми түрде танылған бірде-бір татар мешіті де, татар имамы да жоқ екенін айтады. Ғабдулхақ Ахунжанов «көптеген татарлардың ұлттық дәстүрден қол үзіп қалғанын, сондықтан мешіттерге де бара бермейтінін» және «ресми түрде қысым жасалмағанын» айтып берді. «Егер мешіттерде татар тілінде уағыз айтылса татарлар барар ма еді?» деген сауалға Ғабдулхақ Ахунжанов жауап бермеді.

Көптеген татарлар тұратын Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі Жақсылық Омар «Форум-18» ұйымына мешіт имамдарын тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғана тағайындайды деп хабарлады.

Алматыдағы әзербайжан жамағатының өз құлшылық үйі бар, бірақ оны мешіт ретінде тіркетуге бата алмапты. «Фатимай» жамағатының жетекшілері Әзиз-аға Гамбаров пен Гахраман Баширов Қазақстанда әзербайжандар баратын құлшылық үйі төртеу дейді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 140 мың әзербайжан өмір сүреді. «Алайда Қазақстандағы әзербайжан қауымдастығы шындығында өздерінің 350 мың адамға жеткенін айтып отыр» деп жазады «Форум-18».

Алматыдағы әзербайжандардың жетекшілері өздеріне арнап мешіт тұрғызу үшін қалалық билік пен ҚМДБ-дан рұқсат ала алмағанын айтады. Олардың сөздеріне қарағанда ҚМДБ қойған шарттардың бірі – мешіт ішіне арнайы жәшік қою. Бұл жәшік ҚМДБ-ның мешітке келушілерден түсетін садақалардың белгілі бір пайызын алып тұруы үшін керек. Тағы бір талап бойынша, әзербайжан мешітіне кімді имам етіп тағайындайтынын ҚМДБ-ның өзі шешпек.


ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ МОНОПОЛИЯСЫ

«Форум-18» ұйымынан мақалада аты-жөнін айтпауды өтінген Қазақстандағы дін мәселесі жөніндегі тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз мұсылман жамағаттарының мешіттеріне мұсылмандардың көптеп бара бастауынан қауіптенетін билік оларды тіркеуден бас тартып отыр деп санайды.

«Мемлекет мешіттерге ҚМДБ-ның монополия орнатқанын қалайды. Ал заң жүзінде діни жамағаттың мешіт ретінде немесе құлшылық үйі ретінде тіркелуінде тұрған айырма жоқ», – дейді сарапшы.
Мемлекет мешіттерге ҚМДБ-ның монополия орнатқанын қалайды. Ал заң жүзінде діни жамағаттың мешіт ретінде немесе құлшылық үйі ретінде тіркелуінде тұрған айырма жоқ.


Сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстан билігі қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениетін өзгелерден үстем етуге тырысып отыр. «Бұл бір жағынан советтік кезеңдегі орыстандыру саясатына қарсы жасалған қадам болуы да мүмкін. Имамдардың қазақтардан тағайындалуы және мұсылман жамағаттары мен мешіттерде қазақ тіліне басымдық беруге тырысуы қазақ үстемдігін орнатуы жолындағы талпыныстардың бір парасы болар», – деп жазады «Форум-18» ұйымы.

«Мәселен, ұйғырлар салған мешіттердің көпшілігінде қазақ имамдар тағайындалған», – дейді мақалада аты-жөнін айтуды қаламаған мұсылмандар. Алматының «Ақсай» ықшам ауданындағы «Ақсай-Айша» мешіті мен Әуезов ауданындағы «Музаммил» мешітіне негізінен ұйғырлар барады, қазақтар санаулы ғана. Бұл екі мешітті де өз қаржыларына ұйғырлар салған көрінеді.

Бұл мешіттердің имамдары «Форум-18» ұйымына өздерінің ұлты қазақ болғандықтан жұма намаздағы уағызды да қазақ тілінде айтатынын хабарлады. «Музаммил» мешітінің имамы Әбдіқұл Әзбергенов өзінің орынбасары ұйғыр екенін және екі аптада бір рет ұйғырлар жұма намаз кезіндегі уағыздарды ұйғыр тілінде тыңдай алатынын айтты. «Қазақ арнаулы қызметінен сескенген этникалық ұйғырлар құқық қорғау ұйымының мұндай сауалдарына жауап қайтарғысы келмеді.

Елдегі мешіттердің барлығы өздеріне түскен пітір-садақалардың 30 пайызын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына береді», – деп жазады «Форум-18» ұйымы.


«БАСТЫҚТАР ЖИНАЛЫСТА»

Мәдениет министрлігі жанындағы дін істері жөніндегі комитет қызметкерлері халықаралық «Форум-18» құқық қорғау ұйымының өкілдерімен бұл тақырыпты талқылауға құлықсыз болды. Комитеттің бас сарапшысы Серік Елемесов бұл мәселеге түсініктеме беретіндей
Имамдардың қазақтардан тағайындалуы және мұсылман жамағаттары мен мешіттерде қазақ тіліне басымдық беруге тырысуы қазақ үстемдігін орнатуы жолындағы талпыныстардың бір парасы болар.
өкілеттігі жоқ екендігін алға тартты.

Серік Елемесов Мәдениет министрлігі жанындағы дін істері жөніндегі комитеттің төрағасы Ардақ Досжан мен оның орынбасары Жанболат Мұхаметқалиевтің аса маңызды кездесуде екенін айтты. Алайда «Форум-18» ұйымының өкілі кейін тағы да бірнеше рет телефон шалғанымен хатшы-қыз (аты-жөнін айтпады) төраға мен оның орынбасары «жиналыста отыр», не болмаса «кеңседе жоқ» деген жауап қайтарумен болды.

Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі жергілікті әкімдіктердің шенеуніктері «Форум-18» ұйымына имамдарды тек қана ҚМДБ тағайындайтыны және мешіттер адамдардың этникалық шығу тегіне қарап салынбайтынын көлденең тартты.

Қазақстанның жоғарғы мүфтиі Әбсаттар Дербісәлінің орынбасары Мұхаммед Хұсейн-қажы Алсабеков елдегі мешіттердің имамдарын тек мұсылмандар діни басқармасы ғана тағайындай алатынын мәлімдеді. «Шариат бойынша мұсылман жамағат ғұламаларды (үлемдерді) сайлайды, ал ғұламалар имамдарды тағайындайды», – дейді Мұхаммед Хұсейн-қажы Алсабеков.

Алайда құқық қорғау ұйымы өкілінің «Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан шариғат заңдарымен жүрмеуі тиіс» деген сөзіне Жоғарғы мүфтидің орынбасары «тәртіп солай» деп жауап берді.


«ТӘРТІП СОЛАЙ»

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы дін істері жөніндегі бөлім бастығы Владимир Иванов та «мешіттердің ұлтқа бөлінбейтінін» қайталап айтты. «Тек яһуди діні ғана бір ұлттың діні. Ал ислам – халықаралық дін», – деді ол «Форум-18» ұйымының өкіліне. Сонымен қатар ол егер әзербайжан-шииттер қаласа құлшылық үйлерін тіркетулеріне құқықтары бар екендігін айта кетті.

«Мешіт пе, құлшылық үйі ме, қандай атаумен тіркелгенінде айырмашылық жоқ», – деп мәлімдеді ол «Форум-18» ұйымының өкіліне. Владимир Иванов әзербайжан жамағатына қандай да бір қысым болғанын теріске шығарды.

Атырау облысындағы дағыстандықтардың мәдени орталығының төрағасы Мұса Алышаев «Форум-18» ұйымының өкіліне Қазақстандағы дағыстандықтар жамағатының құлшылық үйі де, дағыстандық имамы да бар деп хабарлады. Бірақ жұма күні уағызды тыңдау үшін олар Атырау қаласының орталық мешітіне барады екен. «Дағыстындықтардың жамағаты жұмадағы уағызды өздерінің құлшылық үйінде тыңдамайтыны қалай?» деген сауалға имам бір сөзбен: «Тәртіп солай» деп жауап берді.

Бірақ ол мұндай тәртіпті кім орнатқанын айтпады. «Орталық мешітте уағыздың қазақ тілінде айтылып, оны орыс тілді жамағаттың түсінбейтінінде тұрған ештеңе жоқ, Өйткені бәріміз де бір дәстүрді ұстанатын сүннитпіз», – дейді Мұса Алышаев.

2007 жылы «Даруссалам» мұсылман жамағатының «Тақуа» мешіті сот шешімі бойынша таратылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бақылауына берілді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Кеңес Қосыбаев сол кезде «Форум-18» ұйымына аталған «жамағат мұндай қадамға өз еркімен барды» деген болатын.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
19.11.2010 09:51
+0 / -0
«Форум-18» ұйымы Қазақстандағы мұсылмандарды ұлтқа бөлшектегісі келе ме қалай? Оған жол бермеу керек. Онсызда сиырдың бүйрегіндей болып кеттік.
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
27.11.2010 15:04
+0 / -0
Үкімет мемлекеттік тіл жөніндегі мәселерді шешуде. Уақыт келер, қазақтармен ілесіп, қалған ұлттар да қазақ тілінде сөйлер.

Кімнен: Ауылдың қазағы
19.11.2010 09:56
+0 / -0
Мұсылман жамағат көп жиналатын мұндай жұма намаздарды тек қана мешіттерде өткізуге рұқсат берілген. Ал ондағы уағыздар қазақ тілінде айтылады.
====================================================
Қазақ жерінде отырып уағыздар қазақ тілінде айтылмағанда қандай тілде айтылуға тиісті, ойрат тілінде ме?!
Жүзге бөліп біттік. Кіші жүздің құрқылтайын ашып сұрқылтай болайық деп жатырмыз. Бұның арты үш жүздің үшке айрылып, жеке-жеке мемлекеттер құру әрекетіне апарып соқтырмақшы.
Діннің секталарының нешеме атасын кіргіздік қазақ жеріне. Тілден одан сымпиып отырмыз.
Кім көрінген келімсек олар басымызға т..ып жатыр.
Енді неміз қалды?

Кімнен: Ерлан Әбдірашитұлы. Қайдан: Намазхан
19.11.2010 10:13
+0 / -0
НАМАЗХАН МҰСЫЛМАНДАР БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ ОЛАРҒА МІНДЕТ! Құран сүрелерін талпынып қалай жаттаса, қазақ тілін де солай талпынып үйренсін! Бұнда тұрған ештеңе жоқ!

Кімнен: Сырлыбай Қайдан: Арқадан
19.11.2010 10:30
+0 / -0
"Егесіз үйді қонағы басқарады" деген осы. Кезінде бұл келімсектерді біз төрімізге шақырған жоқпыз. Енді келіп өз тілінде сайрайтын мешіттерін салғысы келеді. Мықты болса сол кезінде Сталиннің айдауына көнбей елінде отыра бермедіме.Бұларың бара-бара қазақтың жерін бөліп бер деуден тайынбас. Демократияныңда шегі болу керек шығар ағайын.

Кімнен: Ерлан Әбдірашитұлы Қайдан: Алматы
19.11.2010 10:41
+0 / -0
Әзірбайжан, Дағыстан, Чешен ж/е т.б намазхан мұсылмандар бола ма УАҒЫЗ бәрібір ҚАЗАҚ тілінде жүргізілуі керек! Имам дағыстандық бола ма, буағыз қазақ тілінде жүргізілуі міндет! Заңымызды, тілімізді сыйласын!

Кімнен: Айбар Қайдан: Астана
19.11.2010 10:54
+0 / -0
осыда соншалықты керек болып тур ма ? Ұйғыр, Татар,Өзбек барлығы болсын дінни басқарма қолданып отырған мемлекеттік тілді біледі гой , оны әлде бір Қазақстанның ұйыған берекесын қашыруга әрекет еткен орыс саясатынын тағы бір корынынсы шығар.

Кімнен: Дін жанашыры
19.11.2010 11:49
+1 / -0
Қазақстанда намаз бен азан да толығымен қазақ тіліне көшуі қажет. Арабша айтпасаң Алла қабылдамайды деген сөз бекер. Алла тілді және ұлттарды бөлгенде олардың әрқайсысының тілін өзі жаратты десек, онда қазақ тілі де араб тілімен дәрежесі тең, еш кемдігі жоқ Алланың жаратқан тілі! Ендеше намазды да, азан шақыруды да қазақша жүргізуге болады. Қазақша жалбарынуды Алла қабылдайды! Ол ешқандай күнә емес, одан шошыну да қажет емес. Сонда қазіргі көп дүмшелердің "арты ашылады". Фундаментализмнен арыламыз.
Егер осы қадамға бармасақ - урбанизациялану процесі қазақтың мұсылмандығын болашақта жоқ етіп тынады! Айтпады демеңіздер!
Пікір алмасу

Кімнен: Ерлан
19.11.2010 12:08
+0 / -0
Дін жанашыры! Сен әдейі араңдатып отырсың ба! Қай мұсылман мемлекетінде өз тілдерінде намаз оқып азан шақырып еді? Сен кішкентай бала сияқтысын!
Пікір алмасу

Кімнен: Көпкөрген
19.11.2010 14:56
+0 / -0
Баяғыда Мұстафа Кемалл Ататүрікте намаз, аяттарды түрік тіліне аударып масқара болған. Әрине, көнеден барлығы араб тілінде оқытылып және оқылып келеді. Тек, уағыз қазақ тілінде айтылып халық санасына жеткізілсе болды емес пе. Ал, қанғырып келген халықтарға солардың тілдеріңде уағыз айтуға біз міндетті емеспіз.
Пікір алмасу

Кімнен: тау баласы
19.11.2010 18:11
+0 / -0
Бұл дер кезінде, орынды айтылған пікір. Яғни Қазақстанда қай мешіт болса да тек қана қазақ тілінде уағыз айтуы керек!!! Әзірше бұны биліктегілер "қағып" отырған жоқ, "қақпай-ақ" қойсын Әйтпесе, бір күні "ойбай, мешітте уағызды үш тілде жүргізіңдер" деп шығуы мүмкін. Құдайдың бір нығметті күні "уағыздарың қазақша, орысша, ұйғырша айтылсын" деп бұйрық шығартса таң қалмай-ақ қойыңыздар. Ал құранды қазақша оқу туралы ұсыныс қоғамда көптен бері айтылып, күн санап жақтаушылары да көбейіп келе жатыр. Менімше, бұл өте орынды ұсыныс. Дәл қазір болмағанмен, бір күндері оған да жетерміз, құдай бұйырса. Ондағы ойдың астары - қазақ қауымын сектанттардан тазартып алу екенін ойлы, ұлтшыл азаматтар түсініп отыр. Дін жанашырына қосылам!
Пікір алмасу

Кімнен: алдаспан
22.11.2010 11:07
+0 / -0
Өте дұрыс!

Кімнен: мен ҚАЗАҚ Қайдан: Алматы
19.11.2010 12:33
+0 / -0
сонда 130 ұлытдағы мұсұлманға 130 тілдегі мешіт салу керекбе? азаттық қай мақсатбен осыны көтеріл отыр? Қазақ боламай жатқан кезде бұнысы не? кім үшін сайрап отыр?

Кімнен: ауыл баласы Қайдан: ауылдан
19.11.2010 12:53
+0 / -0
мына "форум-18" құқық қорғаушы емес ау деймін, бул жерде олардың ешкайсының құқығы бұзылып тұрған жоқ қой, оларға ешкім, бұл қазақтың мешіті, әр ұлттың өз мешіті болу керек деген жоқ қой, қазақ тілі ол әр бір қазақстан азаматының ана тілі, мыналарың бугін бөлніп мешіт салуды сурауы жаман, автономия жасаудын қамы ғой, автономиясы құрылса Қазақстан Республикасын мойындаудан бас тартамыз деп шыға келер, енді бірі мына форум 18 деген палелердің түпкілікті жоспары қазақстандағы мұсылмандардың бірлігін жою, Қазақ ұлтының тәуелсіздік алудағы мақсаты өз ұлттық болмысын, ұлттық мұддесін әрі қарай дамыту ушін алды, бұларды қуып жатқан ешкім жоқ, арттарын қысып қазақпен бірге өмір суріп, қазаққа ілеспейме,

Кімнен: Қуат Қайдан: Түркістан
19.11.2010 13:01
+0 / -0
Ооо тоба, "жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады" деген осы шығар. Құрып бара жатқан қазақтың тілін шырылдап орнына келтіре алмай жүрсек, мына бір жағынан келімсек, бір жағынан түркі тілдес бауырлас халықтардың өз мешітімізде өз тілімізде сөйлейміз, бізге уағызды өз тілімізде айтыңдар деп тайраңдап басқа шыққаны несі? Осы жерде кіндік қаны тамып, қазақтың суын ішіп, топырағына аунағасын тұрып жатқан жерін сыйласа етті?! Кезінде сұрқия саясаттың кесірінен босып келген ата - бабасына бір үзім нанын бөліп берген қазақты сыйласа қайтті?
Не бастарына күн туғанын қайдам, қазір де бар еркіндікті беріп отырған "130 ұлтшыл, ұлтаралық тату-тәттішіл, диаспорашыл" қазақтың билігі оларға күн көрсетпей жатыр ма? Қазақтың мүддесі шетке ысырылып, бар жақсылық соларға жасалып жатыр емес пе?

Айналайын қандас (түркімен, қырғыз, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, татар), түркі тілдес бауырлар! Өзбекстанда қырғыз тілінде уағыз айтылатын мешіт кездеспейтіні сияқты қазақтың жерінде де қазақ тілі үстем болуы заңды. Өзі тілімізді сақтай аламыз ба жоқ па деп отырғанда сендер етектен тартпаңдаршы.

Кімнен: Көпкөрген
19.11.2010 14:45
+0 / -1
Өзбек, Ұйғыр, Татар, Азербайжан халықтары елімізде "орыс тілді халықтар" деп есптеледі. Себебі, мен оларға қазақша сөйлейтін болсам олар әмәнда тек орысша жауап береді.Барлықтары түркі тілдес, туыс халықтар болғанымен олар қазақпен әдейлеп тек орысша сөйлесуге тырысады. Сондықтан оларға еліміздегі араб және қазақ тіліндегі сөйлеген мешіттер ұнамаса орыстардың шіркеулеріне барып орыс тілінде уағыз айтып, табынсын. Осы біз, осы күнге дейін күн-көрінгенге төселіп болдық қой. Біз біреулерді елімізге ешқашан шақырғаңымыз жоқ.
Пікір алмасу

Кімнен: Арман Қайдан: Қазақстан
19.11.2010 16:18
+0 / -0
Әй, қатырыпсың!
Пікір алмасу

Кімнен: Qazaq Қайдан: Qazaqstan
21.11.2010 03:41
+0 / -0
Zharaisyn Qazaq! Osyndai rukhy kyshty Qazaqtar kobeisin!!!!!

Кімнен: Темір Қайдан: Кен
19.11.2010 15:03
+0 / -0
Сәліңдәр,көбейтіңдер басқа тілды мешітті,ертеңгі прөблемә көбейсін.өл жетпесе қытайларды сарттарды көп көп кіргізіңдер,өн жыл өтпей жетісу біздің иер десін, Хаха!хохо!

Кімнен: ара Қайдан: қыр баласы
19.11.2010 16:40
+0 / -0
Бұл не қылған бассыздық??? форум-18 деген қайдан шыққан "ТӨРЕШІ"?

енді қалмағаны 130 ұлтқа 130 мешіт салу беру қалды бізде!!!

форум-18 батыстың жансызы, елімізді жікке бөліп жүрген арандатушы ұйым

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
19.11.2010 21:46
+0 / -0
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Қазақ тілі мемлекет ісінде де, дін ісінде де баршаға бірдей ортақ қолданылуы керек.

Кімнен: Қазақтың баласы Қайдан: Шымкент
20.11.2010 12:47
+0 / -0
Өз тілінде уағыз тыңдағысы келген адамдар өздерінің тарихи еліне барып өз тілінде уағыз тыңдасын, Қазақстанда тек ғана қазақ тілінде уағыз айтылуы керек ұнамайтын болса қазақ тілі онда көшсін өздрінің тарихи отанына!!!

Кімнен: алаш Қайдан: шет ел
23.11.2010 14:33
+0 / -0
жарайсың Қазақтың баласы ,балақтағы бійтті басқа шығармаңдаршы осы.тағы бір айтарым :осы сендер куні бойы Нұрсұлтан Назарбаев пен алыспай . Кәрім Мәсімовты неге Қуаламайсыңдар .ол Ұйғыр емеспе .намысың Қурып кеткендер-ау Қалың Қазақтың хатынынан біреу премьер министр тумадыма. шет елдік Қазақ болсақта біз уйаламыз

Кімнен: Уақұлы Қуаныш Қайдан: павлодар
28.11.2010 16:48
+0 / -0
Есіктен кіріп :"төр менікі"-дегендерді әбден басқа шығарып алдық! Анау "Формула -18" , т.б. сұрқия ұйымдардың жымысқы, зымияндық істеріне жол бермеу керек, тойтарыс беру керек.Бұл -бір! Екіншіден , Қазақстанға анау соғыс жылдары Сталиннің әй-шайға қаратпай бір-ақ күнде айдап әкеліп еді, Сол кезде қару ұстауға жарарлық барлық еркек кірдіктілері майданға кетіп, елде тек әйелдер мен бала-шағасы қалған сорлы қазақ аядай үйінің бір бөлегін бөлісіп , ауызындағы бір ұзім наны мен бидай көжесін бөліп ішіп еді .Енді міне сол ағайындарымыз өзі ішкен құдығына түкіріп отыр. Бұлай басына берсе, біз қазақтар жылқы мінездеспіз, бірақ күнде тулап отырған ерінен лақтырып жібереміз!