Сәрсенбі, 8 ақпан 2012, Алматы 19:05

ӘЛЕУМЕТ

Шаңырақ ауылында тапа тал түсте бес үй қиратылды, тағы да дау шықты

Шілденің 23 күні Алматы маңындағы Шаңырақ елдімекенінде жергілікті билік заңсыз салынған деп танылған кейбір үйлерді бұзды. Жалпы саны 5 үй күресінге айналды. Кейбір үйлерді күреп жатқанда ішінде адам да болған екен.

Мәтін көлемі - +
Бұған наразы болған Шаңырақтың жүздеген тұрғыны орталық көшеге шығып, көлік жүретін жолды 4 сағат бойына бөгеп тастады. Бала-шағаларын шұбыртып, жылап-еңіреген шаңырақтықтар Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың келуін талап етті.

Жиналған тұрғындар осыдан тура 3 жыл бұрынғы Шаңырақ қақтығысында құрбан болғандарға арнап ас беріп, үйлеріне тараған уақытта, бірнеше үйдің тағы да қиратылып қалғанын көргендерін айтады.

Зәбира есімді қарияның айтуынша, үйін қирата бастаған трактордың да алдына кесе-көлденең тұрғанына қарамастан ауыр техника оның үйінің жартысын құлатып кетіпті.

Ал ерлі-зайыпты Орынбасар мен Мақпал Иманғалиевтер болса, бірнеше жыл бойы тірнектеп салып біткен үйлеріне кіру қамымен
Шаңырақ ауылының тұрғындары наразылық танытып, жол бөгеуде. Алматы, 23 шілде 2009 жыл.
базарға кетіп қайта оралғанда үйлерінің орнына тек үйіндінің қалғанын көргендерін айтады. Бір жастан жаңа асқан сәбиін құшақтаған Мақпал Иманғалиева енді қайдан пана табатынын біле алмай, еңіреп жылаумен болды.

Үйінен айырылған Шаңырақтың тағы бір тұрғыны Нұрман Жүнісәділов Азаттық тілшісіне былай деді:

- Бұл жерде тұрып жатқаныма биыл бес жыл болды. Жерді 3500 долларға сатып алғанмын. «Біз жерді заңсыз басып алғанбыз» деп жазсаңдар заңдастырып береміз деп алдап, 12 мың теңге төлеткен әкімшілік міне бізді тағы да алдап соқты. Мен үйімнің мәселесі шешілмей осы жерден тапжылмаймын. Қажет болса өлемін де, кеше осы Шаңырақ үшін құрбан болғандардан жаным артық емес.

Тұрғындардың шақыруымен жиынға келген «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин салынып қойылған үйлердің еш ескертусіз, әрі арнайы құжатсыз бұзылуын әкімшіліктің әдейі жасап отырған арандатуы деп санайтынын айтты.

Жиынға келген Алматы қаласы прокурорының орынбасары оған түсіндіру хатын тапсырып, бұл жиынды рұқсат етілмеген митинг деп
Полиция сақшылары Шаңырақ тұрғындарының ереуілін бақылап тұр. Алматы, 23 шілде 2009 жыл.
танып, Ж.Қуанышәлинді ұйымдастырушы ретінде жарияламақ болды. Бірақ жиналған жұрттың қатты наразылығы оның бұл әрекетін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Ашулы халықты басып, елді тыныштандыруға Шаңыраққа жүздеген құқық қызметкерлері әкелінді. Олар халықтан тарауды талап еткенмен, ел әкіммен сөйлеспей қайтпайтындарын мәлімдеп тұрып алды.

Бірнеше сағаттан соң ел ортасына Алматының Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров келді. Жұрт алдындағы сөзінде әкім халықпен кездесуден қашпайтынын, Шаңырақ мәселесін шешуге бір кісідей ат салысып жүргенін айтып ақталғандай болды:

- Жаңа жылда арнайы тізім жасалып, 4523 үй сол тізімге енді.Осыған байланысты 2500 адамның үйі заңдастыру үстінде. Ал жуырда суға кеткендерге 60 үй салынып берілді, тағы 14 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ содан бері жаңадан заңсыз салынған үйлер рәсімделмейді және олар бұзылады.

Сөз соңында Бағдат Мәнізоров 24 шілде күні сағат 15-те үйлері бұзылған адамдардан, бейресми ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған комиссиямен қиратылған үйлерді тексеруден өткізетінін айтты. Алайда үйсіз қалғандардың жағдайы мен оларға төленер өтемақы туралы қойылған сауалдарға жауап берген жоқ.

Шаңырақтағы дәл осындай халық толқуы 2006 жылғы шілденің 14-інде болған еді. Сол жолы да Шаңырақтағы заңсыз салынған деп танылған баспаналар ауыр техникалармен қиратылған-тұғын. Бірақ биліктің ісіне қарсылық танытып, өре түрегелген халық полиция күштерімен қақтығысып баспаналарын қорғап қалған-ды. Сол жолғы қақтығыста бір полиция офицері қаза болды. Ол оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айып тағылған 25 адамның төртеуі сот үкімімен 14 пен 18 жылға шейін бас бостандығынан айырылды, 1 адам ақталып, қалғандары әртүрлі мерзімге шартты түрде сотталды.
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жасарал Қуанышәлин Қайдан: Алматы
24.07.2009 00:58
+0 / -0
"24 шілде күні сағат 15-те үйлері бұзылған адамдардан, бейресми ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған комиссиямен қиратылған үйлерді тексеруден өткізетіні айтты", - деген де онша дәл емес, осы уақытта аталмыш адамдар құрамындағы 30 адамды әкімдікте өзімен жолығып, болған жағдайды сөйлесіп, талқылауға шақырды. Сондықтан БАҚ өкілдері ертең түгел сонда келсе, тіпті жақсы болар еді. Өйткені ол әңгіменің өте күрделі әңгіме болатындығына күмән жоқ.

Кімнен: ben
24.07.2009 07:07
+0 / -0
Ne degen onbagandyh.Jerimiz jetedi goi.arendep salgan uilerdi buzganyn harashy.Akimi it hoi buiryh berip otyrgan

Кімнен: Нағашыбай Есмурзаев
24.07.2009 09:36
+0 / -0
Он жерден заңсыз салынған үй болса да, оны бұзудың заңды тәртібін 2007 жылы қалалық сотта 9 ай талқылаған жоқ па едік. Қалалық сот сол жолы (14.07.2006.) билік органдарының барлығының да заңға қайшы әрекет еткендерін көрсетіп, жеке қаулы қабылдаған еді ғой. Әкімшіліктің бұл жолғы тайраңдауына жол болсын? Заңсыз әрекеті үшін әкімді сотқа беру керек.

Кімнен: казак Қайдан: алматы
24.07.2009 09:51
+0 / -0
Қасқа болған,қор болған қазақтар ай, жеріміз кең деп мақтанғанымызбен бір алақан жер бұйырмады ау.күшті болса чиновниктердің алма бақты қырып салған үйлерін неге бұзбайды оларда заңсыз салды ғой. өздері әрең жүрген халықты әйтеуір қор қылып.Біздің үкімет не ойлайтынын білмеймин. Кайда барсада халықты азапка салу. Халықта ешкандай жағдай жок тек бізде барыжаксы деп құр мақтаныш.

Кімнен: Сыр қазағы Қайдан: Қызылорда
24.07.2009 10:28
+0 / -0
Шаңырақ деген атау қазақта киелі ұғым. Салынған үйді бұзуды "шаңырағын ортаға түсірді", яғни қиратты деп те айтады. Сонда билік Құдайдың қахарынан, жылаған бала-шағаның көз жасынан қорықпағаны ма? Ей, адамдар не боп барамыз өзі?

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
24.07.2009 12:03
+0 / -0
Аянышты...өте Аянышты...

Кімнен: Шапырашты емес Қайдан: Астана
24.07.2009 12:58
+0 / -0
Біздің халыққа ұйымшылдық жетіспейді. Шаңырақтағы жолды бөгеген халық сол маңда, яғни сайда тұратын адамдар. 150-200 адамнан билік еш қорықпайды, олар жолды бөгемек түгілі тағы басқа нәрсе жасаса да, үлкен проблема туғыза алмайды. Ал сол Шаңырақтың тұрғындарының ең болмағанда үштен бір бөлігі көшеге шыққанда ғой, Мәнізоров пен Есімов тұрмақ Астанадан Кәрім Мәсімовтың өзі жетіп келіп, халықпен жылы сөйлесер еді. Әрине, аздың аты аз, осы тақырыпқа байланысты бүгін шыққан видеоны көріп шыққанымда, ол жерге СОБРдың барғанын көрдім. Тұрғындар тәртіпке бағынбағанда, оларды полицияның арнайы жасағы басып тастар еді. Сондықтан, бүгінгі биліктен өз құқыңды тек күшпен ғана талап ете аласың. Үлкен шапырашты баяғыда -ақ қазақ халқының бар екенін, олардың проблемасы шешілуі тиіс екенін ұмытқан. Ал оның қарамағындағы, билік тізгінін қолында ұстап отырғандарға қазақтың мәселесі көк тиынға да керек емес. Сондықтан, қалың қолмен бастау қажет, әйтпесе қаңғырып кетулерің бек мүмкін. Жалпы, менің ойымша бүгінгі билікке қазақ мәселесі, әсіресе Шаңырақтың тұрғындары түкке де қажет емес, осыдан бірнеше жыл бұрын Тасмағамбетовтың өзі бастап, шаңырқатың қарапайым қазағын арнайы жасақпен жазалап, бас көтергендерін түрмеге қаматқан жоқ па?