Accessibility links

Абхазияда абортқа тыйым салынды


СССР құлаған соң православ шіркеуі және тыйым салынған басқа діндер қайта бас көтеріп, абортқа шек қоюды талап еткен еді. 
СССР құлаған соң православ шіркеуі және тыйым салынған басқа діндер қайта бас көтеріп, абортқа шек қоюды талап еткен еді. 

Грузияның өзін тәуелсіз деп жарияланған Абхазия аймағы халық санын көбейту мақсатында жасанды түсікке тыйым салатын заң шығарды.

Қаңтардың 29-ы күні халықаралық қауымдастық тәуелсіздігін мойындамаған Абхазия республикасының парламенті денсаулық сақтау туралы жаңа заң жобасын мақұлдап, ақпанның 8-і күні оған елдің де-факто президенті Рауль Хаджимба қол қойды. Жаңа заң бойынша жүкті әйелдерге жасанды түсік жасатуға тыйым салынды.

Жаңа заңда «Мемлекет дүниеге келмеген баланың ұрықтанған сәттен бастап өмір сүруге құқығы бар екенін мойындайды және жүктілікті жасанды түрде тоқтатуға тыйым салады. Ана мен баланың өмір сүруге деген тең құқығын ескере отырып, мемлекет олардың осы құқықтарын қорғайды әрі оның орндалуын талап етеді» деп жазылған.

Заң тек жатырда шетінеп кеткен жағдайда ғана шарананы алдыруға рұқсат береді. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енді. Ақпанның 9-ы күні Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында Абхазия парламентінің денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Аполлон Гургулия:

- Заңда туылмаған баланың құқықтары қорғалатыны, аборт жасаудың қылмысқа жататыны айқын жазылған, - деді.

Ресейдің «Интерфакс» агенттігіне сұхбат берген заң авторларының бірі, Абхазия парламенті депутаты Саид Харазия «Онсыз да аз Абхазия халқы саны аборт кесірінен жасанды жолмен кеміп отыр» деген. Оның айтуынша, Абхазияда 1993 жылдан бері 11 мың 900 әйел жасанды түсік жасатқан. Ресми мәлімет бойынша аймақта 242 мың адам тұрады.

1990-жылдардың басында Грузиядан іргесін ажыратып, тәуелсіздігін жариялаған сепаратистік аймақты 2008 жылы Ресей жеке мемлекет ретінде мойындаған.

Төңіректегі бұрынғы Совет Одағы елдерінің бәрінде аборт керісінше бала санын шектеудің заңды тәсілі ретінде кеңінен қолданылады.

Коммунизм құлаған соң православ шіркеуі және Совет Одағы кезінде тыйым салынған басқа діндер қайта бас көтеріп, абортқа шек қоюды талап еткен. 2013 жылы Грузияның өзінде жасанды түсікке қарсы науқан жүріп, бірақ оны бастаған белсенділер ешқандай нәтижеге жете алмаған.

2015 жылғы мамыр айында Ресей мемлекеттік думасы депутаты Елена Мизулина абортты шектеуді көздейтін үш бірдей заң жобасын ұсынған. Бұл құжаттарда жекеменшік емханаларда жасанды түсік жасатуға тыйым салу, баласын алдырғысы келетін әйелдерді райынан қайтару шараларын қолға алу көзделген.

Қыркүйек айында Ресей үкіметі бұл ұсыныстарды жасырын емханалардың, тастанды балалардың көбеюіне алып келеді деп сынаған еді.

XS
SM
MD
LG