Accessibility links

Украина, Грузия, Молдова ЕО-ға неге құмартты?


Еуропа кеңесінің төрағасы Херман Ван Ромпей (оң жақта) мен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк ЕО мен Украина арасындағы серіктестік келісіміне қол қойды. Брюссель, 21 наурыз 2014 жыл.

Еуропа кеңесінің төрағасы Херман Ван Ромпей (оң жақта) мен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк ЕО мен Украина арасындағы серіктестік келісіміне қол қойды. Брюссель, 21 наурыз 2014 жыл.

Еуропа Одағы Украина, Грузия және Молдовамен маусымның 27-сі күні маңызды саяси және сауда келісім-шарттарына қол қояды. Келісімдер бұл үш елге қандай пайда береді және Ресей оған неге қарсы?

Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты бес сауалға жауап іздеп көрді.

ОЛАР ҚАНДАЙ КЕЛІСІМДЕР?

Украина Еуропа Одағымен (ЕО) еркін сауда келісіміне (DCFTA) қол қояды. Киев пен Брюссель бұған дейін (21 мамыр күні) серіктестік (Association Agreement) туралы келісімнің саяси бөлігіне қол қойған еді.

Молдова мен Грузия ЕО-мен серіктестік және еркін сауда келісімінің екеуіне де қол қоймақ.

Бұл келісімдерге қатысты ЕО-ның бастапқы жоспарына Украинаға басқыншылық жасаған Ресей бөгет болған еді. ЕО-ның «Шығыстағы серіктестік» бағдарламасының мүшесі болған үш мемлекет енді бұл келісімдерді маусымның 27-сі күні бекітпек.

Негізі Украинамен бұл келісімдер былтырғы қарашада, Вильнюс саммитінде жасалуы тиіс еді. Бірақ Украинаның сол кездегі басшысы Виктор Янукович Ресейдің қысымына шыдамай, ол мәмілені бұзды. Оның бұлтақтағанына ашуланған украиналықтар «Еуромайдан» шеруіне шықты.

"Еуромайдан" шеруі. Киев, Майдан, 23 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Еуромайдан" шеруі. Киев, Майдан, 23 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Ол көтерілістің екпіні бірнеше ай күшейе беріп, жұрт ашуы кемерінен асқан шақта Янукович Украинадан қашып кетті. Украина ішінен «бүлініп» жатқанда Ресей осы елдің Қара теңіздегі түбегі – Қырымды басып ала қойды. ЕО мен Украина арасындағы саяси келісім осы оқиғадан кейін жасалды.

Ресейдің кесірінен Брюссельдің Кишинев пен Тбилисиге қатысты жоспары да өзгерді. Молдова мен Грузия ЕО-мен арадағы саяси және еркін сауда келісімдерін осы жылдың соңына қарай бекітпек болған. Ол туралы тараптар Вильнюстегі саммитте келісіп қойған еді. Бірақ тағы да Мәскеу бір зиян жасар деген қауіппен тараптар келісімді бекіту мерзімін өзгертіп, бері жақындатып отыр.

Брюссельдегі Еуропа саясаты институтының сарапшысы Аманда Пол: «Ресей Молдова мен Грузияның ішкі ісіне араласып, келісімге бөгет жасар деген қауіп туды, тараптар енді бұл келісім-шарттарды бекітуді жылдамдатып жатыр. Олар Вильнюс саммитінде болған дағдарыстың (Украина дағдарысы – ред.) қайталанғанын қаламайды. Ол жолы Ресей бірнеше ай бойы сегізаяқ тәрізді мәселені шырмап, қармауынан босатқысы келмей, жағдайды шиеленістіріп жіберген еді» дейді.

КЕЛІСІМ-ШАРТТАР БҰЛ ЕЛДЕРГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Қол қоятын үш елге бұл келісім-шарттар экономикалық жағынан пайдалы. Бұл елдердің тауары 500 миллион тұтынушысы бар ЕО нарығына енеді. ЕО бұл елдерді нарыққа кіргізер алдында импорт тарифін бастапқы бірнеше жылда біртіндеп азайта береді.

Дегенмен үш мемлекетке әлсіз дамыған секторларын қорғауға да мұрсат беріледі. Ол үшін бұл елдер ЕО-дан келген тауарларға қоятын тарифтерін бірден емес, жылма-жыл ақырындап азайтады.

Осындай ретпен ЕО Украина тауарларына деген тарифтерін жеті жыл бойы біртіндеп азайтса, Киев ЕО тауарларына өз нарығын шамамен 10 жыл ішінде ашады. Болжам бойынша, Украинаның әлсіз тұсы саналатын автокөлік секторына 15 жыл жеңілдік берілмек.

Тарифтерді азайтумен бірге, Брюссель үш елдің тауарлары ЕО-ның сапа стандартына сай болуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Украинадағы Германия кеңесшілер тобының жетекшісі Рикардо Джуччи (Ricardo Giucci) «Стандарттар енгізетін ең маңызды сала – азық-түлік, себебі адамдар сатып алған өнімінің денсаулыққа зияны жоқ екеніне сенімді болуы тиіс. ЕО-да азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ереже-талаптар көп» дейді.

Германия үкіметі қаржыландыратын бұл топ Киевтің дайындығына көмектеседі. «Украинадағы кез келген компания енді тағам өнімдерін ЕО нарығына шығарғысы келеді, бірақ олар стандарт сақтауы тиіс. Украина азық-түлік өнімдері жаңа қауіпсіздік стандартына сай болса, Германия, Англия және Францияға қосымша құжатсыз сатылады» дейді Джуччи.

Еуропа комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу (оң жақта) Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвилиді күтіп алып жатыр. Брюссель, 21 мамыр 2014 жыл.

Еуропа комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу (оң жақта) Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвилиді күтіп алып жатыр. Брюссель, 21 мамыр 2014 жыл.

Бұл - келісім-шарттардың экономикалық пайдасы делік. Одан бөлек, енді бұл үш елдің ЕО-ға мүше болу мүмкіндігі де көбейеді. Еуропа кеңесінің халықаралық қатынастар бойынша Софиядағы орталығының директоры Дмитар Бечев «ЕО-ға соңғы 15 жылда қосылған Шығыс және Орталық Еуропа мен Балқан елдері басында серіктес болған» дейді. Бірақ ол «Брюссельдің ЕО-ға мүше боласыңдар деп алдын ала уәде бермейтінін» де ескертеді.

Бечев: «ЕО алдын ала уәде бермейді. Еуропалық көршілік саясатын (ENP) жүзеге асыруды бастағанда да осындай позиция ұстанған еді. ЕО-ның шығыс тараптағы көршілеріне лайық деп қабылдаған формуласы – осы ENP. Оның ішінде серіктестік туралы келісімшарттар «көршілік саясатының» негізі саналады. Ол мүшелікке апаратын баспалдақ емес, бірақ оған басқа балама да жоқ» дейді.

Оның пікірінше, ЕО ішінде Польша мен Румыния сияқты одақты шығысқа қарай кеңейткісі келетін елдермен қатар, Германия мен Франция сияқты сақ мемлекеттер де бар. ЕО ішіндегі осы баланс мүшелік мәселесінде «өте нәзік мәміле» барын байқатады.

РЕСЕЙМЕН САУДА ШЕКТЕЛЕ МЕ?

Мәскеу үш елді өзі басшылық ететін Кеден Одағына кіргізуге тырысып отыр. Ресей оны ЕО-ға балама болатын еркін сауда аймағы деп ойлайды.

Қысастығын күшейте түсу үшін Мәскеу «ЕО-мен келісім жасаған елдер Ресеймен сауда жасай алмайды» деп мәлімдеді. Бірақ сарапшылар «Мәскеудің мұнысы коммерциялық шектеу туралы мәлімдемеден гөрі, доқ көрсетіп, күшке басатынын ескертуге көбірек ұқсайды» дейді. Ал сарапшы Полдың сөзінше, «ЕО-мен серіктес болатын елдерге Ресеймен еркін сауда келісімшартын бекітуге Брюссель тарапынан кедергі жасалмайды».

Ал егер Мәскеу екіжақты еркін саудаға келіспей, бұл елдерден Кеден Одағына басы бүтін кіруді талап етсе, онда ол мүмкін емес. Бұл жерде Ресейдің ұмытпауға тиіс бір міндеті бар. Аталған үш мемлекет ЕО-мен де, Мәскеумен де еркін сауда жасай алады, себебі Ресей -Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) мүшесі.

Сарапшы Аманда Пол: «ЕО-ның серіктестік келісімшарты ДСҰ құрылымына кіреді. Сондықтан үш мемлекет ЕО-ға мүше емес елдермен де еркін сауда жасай алады. Себебі бәрі ДСҰ деп аталатын үлкен «сауда үйінің» ішінде отыр» дейді.

АЛ КРЕМЛЬ НЕ ІСТЕМЕК?

Мәскеу ЕО-мен еркін сауда келісіміне отырса, Украинамен арадағы саудаға кедергі қоятынын ашық аңғартты. Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Ставропольдегі ауылшаруашылық өкілдерімен кездескенде «Ресейдің украиналық тауарларға баж салығын көбейтетінін» айтты. Путин «Украина ЕО тауарларын Ресейге әкеліп сатса, отандық өнім бәсекеге төтеп бере алмайды, содан сақтануымыз керек» дейді.

Ресей президенті Владимир Путин үкімет мәжілісін өткізіп отыр. Ново-Огарево, 25 маусым 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин үкімет мәжілісін өткізіп отыр. Ново-Огарево, 25 маусым 2014 жыл.

Ресейдің Киевке қарсы жасаған кез келген кеден немесе тарифтік шарасы Украина экономикасына бірден әсер етеді. Дағдарысқа ұшыраған бұл елдің Мәскеудің саяси үстемдігіне жол беріп қоюы да ғажап емес. Украина экспортының 20 пайызы Ресейге сатылады, одан жылына 15 миллиард доллар пайда түседі.

Украинаға қатысты «жоспарын» аңғартқан Мәскеу Молдоваға қандай шара қолданатынын анық айтпады. Бірақ қауіп жоқ емес. Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин өткен жылдың соңында «Молдованың ЕО-ға тым жылдам жақындап бара жатқанын» айтып, бопса аралас ескерту жасаған еді. Ол тұспалмен «Осындай қарқынмен жүйткіп бара жатқан пойыз артқы вагондарынан айрылып қалмасын» деген.

Молдова эспортының 12 пайызы Ресейге сатылады. Бұл цифрға да қауіп төнді. Өткен жылдың қыркүйегінде Молдова шарабын Ресей нарығына кіргізбей тастады. Сарапшылар мұны «көрінеу зорлық» деп бағалады. Мәскеудің тарапынан жасалуы мүмкін басқа да «құқай» көп. Мәселен Молдова Ресейдің газына тәуелді, оның үстіне Ресейге визасыз барып жұмыс істейтін Молдова азаматтары үйлеріне әжептеуір қаржы аударып отыр.

Ресей ашуына мінсе, Молдовадан Приднестровье аймағын тартып алуы мүмкін немесе Молдованың автономиясы Гагаузияның қолтығына су бүркуі ықтимал. Гагаузия ақпан айында референдум өткізіп, жұрты Кеден Одағына қосылуды қалайтынын білдірген.

2008 жылғы соғыстан соң Мәскеуден іргесін аулақ салып отырған Грузия Ресейге экономикалық тұрғыда қатты тәуелді емес. Бұл ел Баку-Жейхан құбырының арқасында газды Ресейден емес, Әзербайжаннан алады. Бірақ Ресей Тбилисиге қарсы Абхазия мен Оңтүстік Осетия сияқты сепаратистік аймақтарды айдап салуы мүмкін. Тбилиси бұл аймақтарды Мәскеудің қосып алғанын қаламайды.

«БОЛАШАҚ СЕРІКТЕСТЕР» НЕ ДЕЙДІ?

ЕО-ның «Шығыстағы серіктестік» бағдарламасына қабылданған үш ел – Әзербайжан, Армения және Беларусь. Бұл елдердің ешбірі маусымның 27-і күні Брюссельге барып, серіктестік һәм еркін сауда келісім-шарттарына қол қоймайды. Жақын арада олай ететін сыңайлары да байқалмайды.

Әзербайжанға Брюссельдің де, Мәскеудің де «есігі ашық» сияқты. Бірақ Баку екі тараппен де ынтымақтасып, тәуелсіз отырғанды жөн көреді.

Ал Армения ЕО-ны таңырқатып, Ресей қысымына шыдамай, Кеден Одағына қосылатынын мәлімдеді. Армения президенті Серж Саркисян мұны былтырғы қыркүйектің 3-і күні «естіртті».

ЕО-ның «Шығыстағы серіктестік» бағдарламасының тағы бір мүшесі Беларусь әлдеқашан Кеден Одағына кіріп алған, қазір Брюссельмен жараспай отыр.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG