Accessibility links

Экс-депутат ауған әйел бассауғалауға мәжбүр


Ауғанстан парламентінің бұрынғы мүшесі, құқық қорғаушы Нурзия Атмар. Кабул, 17 шілде 2013 жыл.
Ауғанстан парламентінің бұрынғы мүшесі, құқық қорғаушы Нурзия Атмар. Кабул, 17 шілде 2013 жыл.

Ауғанстандық құқық қорғаушы әйел Нурзия Атмар зәбір көрген жандарға арналған орынды паналап отыр. Оның тағдыры Ауғанстандағы әйелдердің шатқаяқ жағдайына мысал болады.

Ауғанстан парламентіне мүше болған алғашқы әйелдердің бірі, белгілі әйел құқын қорғаушының басындағы жағдай бұл елде қысым көріп жатқан әйелдердің ахуалы халықаралық күштер кеткен соң одан сайын қиындай түседі деген қауіпке негіз болады.

БҰРЫНҒЫ ДЕПУТАТ

Нурзия Атмар Ауғанстандағы әйел құқын қорғаудың адамгершілік келбетіне айналған еді, енді оның құлшынысы мен арманы жарыққа шықпай, тұншығып жатыр. Елдегі алғашқы заң шығарушы әйелдердің бірі болған белсенді көптеген жылдар бойы Талибанның қатыгездігінен зардап шеккен әйелдерді қорғау үшін күресті. Бірақ қазір отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған орынды паналап қалған оның жағдайы өзі жүргізген күрестің нәтижесі қандай болғанын көрсеткендей.

Ұлттық парламенттегі орнынан айрылған Атмар үйінде де қолайсыз жағдайларға тап болды. Өзіне күш көрсеткен ерінен ажырасқан соң, туған отбасы да оны қабылдамады, енді Кабулдегі қорғансыз әйелдерге арналған баспанада бассауғалауға мәжбүр.

40 жастағы әйелдің тағдыры 2014 жылдың соңына қарай шетел әскерін шығарғалы жатқан елдегі әйел құқықтарының өрескел бұзылатынын көрсетті. Халықаралық ұйымдардың бақылауы әлсіреген соң ықпалды діни, әрі консервативтік күштер әйел құқықтарын қайта аяққа таптай бастады. Соңғы онжылдықта ауған қоғамындағы әйелдер айтарлықтай жетістікке қол жеткізген болатын, миллиондаған қыздар мектепке барып, әйелдер елдің саяси сахнасына
Ауғанстан парламентінің депутаттары президент Хамид Қарзайдың сөзін тыңдап отыр. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.
Ауғанстан парламентінің депутаттары президент Хамид Қарзайдың сөзін тыңдап отыр. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.
көтерілген еді. Дегенмен, аталған жетістіктерге қарамастан, отбасындағы зорлық-зомбылық, күштеп некеге тұрғызу қалыпты жағдай саналады. Ауғанстандағы әйелдердің өзіне қол жұмсауы әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткіштен түспей тұр.

Атмардың айтуынша, жұбайы Торялай Малакзай әу баста әйелінің саяси құлшынысын қабылдағандай көрінген. 2010 жылы Атмар Нангархар шығыс провинциясы атынан парламент мүшесі болу үшін қайта сайлауға түседі. Бірақ қайтадан сайлана алмайды, содан соң күйеуі оны үйден шығармай ұстап, сыртқа жібермейді, пәренже киюге мәжбүрлейді.

Жарты жыл бұрын Малакзай өзіне пышақ жұмсап, өлтіремін деп қорқытқан соң Атмар үйінен қашып кеткен.

- Зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым. Ол адаммен өткен өмірім сұмдық болды. Күнде ішіп алып мені сабайтын. Аяғында, пышақ сияқты өткір заттарды лақтыра бастады. Сондықтан қазір панасыз әйелдерге арналған жердемін, - дейді ол.

Қорғансыз әйелдер үйінде бірнеше айдан бері тұрып жатқан Атмар ері қол жұмсаған соң ата-анасына барғанын айтады. Бірақ ата-анасы «қайтадан күйеуіңе орал» деп талап еткен екен. Ол қайтадан Малакзайға барады, бірақ азғантай уақыттан соң ажырасуға өтініш беріп, қорғансыз әйелдер үйін паналайды. Сол кезде ата-анасы да одан безінеді.

- Отбасым шешімімді құптамады. Олар ажырасуды масқара, ұят әрекет деп санайды. Туған отбасым мені жек көретіндей сезімде болдым. Қоғамдық жиындарда атым аталған соң ата-анам мені қарғады. Сол жаныма қатты батты, - дейді ол.

Бұрынғы депутат қазір панасыз әйелдер үйінен жұмысына үкіметтік көлікпен қатынайды, кеңесші болып қызмет істейді. Ол күйеуі немесе отбасы тарапынан «ар-намысты сақтау мақсатында өлтіру» деп аталатын қатыгез жазаның құрбаны боламын ба деп қорқады.

Атмар Ауғанстан қоғамында түрлі қарама-қайшылық пікірлер тудырған, отбасынан жапа шеккен әйелдер паналайтын баспанада енді қанша тұратынын білмейді. Елдегі әйелдер жағдайын жақсартуға арналған бұл баспананы консервативтік көзқарастағы заң шығарушылар «жеңіл жүрісті әйелдер үйі» деп сипаттайды.

ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

2011 жылы Ауғанстан президенті Хамид Карзай әйелдер паналайтын үйді үкіметтің бақылауына өткізбек болды. Батыс баспасөз құралдары ерекше назар аударған соң қабылданбай қалған заң жобасы күшіне енген күнде әйелдер баспанаға ие болу үшін үкіметтің рұқсатын алып, тіпті пәктігі тексерілетін еді.

Бұрынғы журналист Атмардың айтуынша, зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған баспананың есігі отбасынан қуылған әйелдер үшін әркез ашық болуға тиіс.

- Егер осы баспаналар жабылса, біз сияқты отбасынан жапа шеккен ауған әйелдері далада қала ма деп қорқамын. Егер әйелдің қолы, не аяғы сынса,
Ауғанстандық белсенді әйелдер зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді паналататын арнайы орын ашу туралы талап қойды. Кабул, 10 қаңтар 2012 жыл.
Ауғанстандық белсенді әйелдер зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді паналататын арнайы орын ашу туралы талап қойды. Кабул, 10 қаңтар 2012 жыл.
мұрны, не құлағы кесілсе, оны көшеде қалдыруымыз керек пе? Қазіргі Ауғанстан үшін мұндай баспаналар – қорғансыз әйелдер паналайтын жалғыз мекен, - дейді ол.

Атмардың басындағы жағдай елдегі әйел құқықтарын қорғауда қол жеткен жетістіктердің қыл үстінде тұрғанын көрсетеді. Ауғанстан парламентінің төменгі палатасы елдің қылмыстық заңына өзгерістер енгізіп, әйелдерді отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғайтын шараға қарсы әрекет жасамақ. Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің жобасы қазір талқыланып жатыр. Оны қабылдаған күнде, айыпталушының туысқандары куәгер ретінде сотқа қатыса алмайды. Бұндай заң күшіне енсе, отбасылық зорлықтан жапа шеккен жанның туыстары оны қорғай алмайды.

Оның үстіне, парламенттің жоғарғы палатасы қазір уәлаяттық және аудандық кеңесте әйелдерге арналған 25 орынды алып тастаған заң жобасын талқылап жатыр. Бұл жобаны парламенттің төменгі палатасы қабылдап қойды, егер күшіне енсе, әйел адамдар провинциялық және жергілікті билікте сайлауға түсе алмайды. Бұл мамыр айында заң шығарушылар зорлық-зомбылық пен күштеп некелестіруге қарсы заң жобасын талқылауды кейінге шегеріп қойған соң болған оқиға. Әйел заңгерлер 2009 жылы президент сайлауынан кейін қол жеткізген құқықтарын парламенттік сайлау арылы бекіткісі келеді. Бірақ консерваторлар оған үзілді-кесілді қарсы шығып, қажет болса сайлаудан бас тартамыз деп мәлімдеді.

Батыс елдері мен ұйымдары Ауғанстандағы әйелдер құқын қорғауда аянбайтындарын білдіріп, көмекке келді. Халықаралық даму агенттігі (USAID) 18-30 жас арасындағы кем дегенде 75 мың әйелді оқытып, сауатын ашатын бағдарламаны қолға алды. USAID-тың айтуынша, бес жылдық бағдарламаның мақсаты – әйелдер құқықтарын бекіту, олардың экономикаға атсалысуына жағдай жасап, үкіметтегі санын арттыру. Бағдарламаға АҚШ 200 миллион доллар қаржы бөлді, халықаралық демеушілер де сондай мөлшерде қаржы бөлмек.

Азаттық тілшілері Фруд Бежан мен Фареба Вахидидің мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG