Accessibility links

Ауған парламентіндегі әйелдер орнынан айырылмақ


Ауған парламенті мүшелері. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.
Ауған парламенті мүшелері. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.

Ауғанстанның сайлау туралы заңына енгізілетін түзетуде провинциялық және жергілікті кеңестердегі орынның ширек бөлігі әйелдерге арналуы тиіс деген шарт жоғалып кеткен.

Ауғанстан соғысы әлі біте қойған жоқ. Бірақ елде Талибаннан кейінгі дәуірдің ең әйгілі жетістіктерінің бірін жоюға деген талпыныс байқалады.

КОНСЕРВАТИВТІК КҮШТЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

Ауғанстан әйелдерінің саяси оқиғаларға қатысу құқығы елдің жаңа конституциясы мен сайлау заңнамасы бойынша қалпына келтіріліп, қорғалып келген еді. Енді соның өзіне қауіп төніп тұр. Ауғанстан парламентінің жоғарғы палатасы қазір «аудандық және жергілікті орынның 25 пайызы әйелдерге арналсын» деген бөлімі жоғалып кеткен заң жобасын талқылап жатыр.

Ауғанстанның төменгі палатасы заң жобасын 22 мамырда қараған еді. Жоғарғы палата мақұлдаған жағдайда жоба президенттің қол
Ауғанстан президенті Хамид Карзай (сол жақ шетте) парламентте сөйлеп тұр. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай (сол жақ шетте) парламентте сөйлеп тұр. Кабул, 6 наурыз 2013 жыл.
қоюына жіберіледі. Бұл шара құқық қорғаушылар мен демократия белсенділерін алаңдатты. Олар «жоба мақұлданса, консервативтік-патриархалдық қоғам үстемдік ететін ауылдық және жергілікті орындарда әйелдердің үлесін азайту арқылы оларды үкіметтің қызметінен алшақтатады» деп қауіптенеді.

Бір жағынан, бұл – мүшелері провинциялық кеңестен сайланатын жоғарғы палатадағы әйелдердің санын кемітетін әрекет. Заң жобасы қабылданса, әйелдерге парламенттен 25 пайыз орынды әперетін конституция шартына қауіп төнеді. Белсенділер мен әйел заңгерлер бұл қадам «мемлекетті өз қалауы бойынша құрғысы келетін консервативтік күштердің ауған институттарына жасаған ықпалынан туындады» дейді.

Заңгер әйелдердің пікірінше, халықаралық күштер Ауғанстаннан кетуді жоспарлағаннан бері консервативтік топтар өкілеттіктерін арттыруды көздей бастаған. Кабул елдің қауіпсіздігі үшін жетекші рөлге ие. Азаматтар келесі жылдың басына дейін президенттік сайлауға қатысуға тіркеле бастады. Саяси тартыс күшейе түсетін тәрізді, себебі сайлау мен шетелдік әскердің елден кетуі жақындаған сайын консерваторлар «әйелдерге орын бөлу – демократиялық іс емес» деп, бұл заңға қарсы шығып жүр.

«ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ, ӘЛЕУМЕТТІК ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ҚАУІП»

Төменгі палатаның заң шығарушы комиссиясының төрағасы Қази Назир Ахмад Ханафи сайлау заңына енгізілуі мүмкін өзгерісті қолдайды:
Провинциялық кеңесте әйелдерге арнап 25 пайыз орын бөлу Ауғанстан конституциясына қайшы.
Төменгі палатаның заң шығарушы комиссиясының төрағасы Қази Назир Ахмад Ханафи.

– Провинциялық кеңесте әйелдерге арнап 25 пайыз орын бөлу Ауғанстанның конституциясына қайшы. Бұл заң бойынша аз дауыс жинағандар көп дауыс алғандарды жеңіп кетуі мүмкін. 4 мың дауыс алған ер адам сайланбай, 500 не мың дауыс жинаған әйел неге сайлануға тиіс? Cонда әйелдер алдын ала тағайындалып қойған болып шығады, – дейді ол.

Ауғанстан конституциясында әйелдердің провинциялық кеңеске қатысуы туралы нақты нұсқаулық жоқ, бірақ ұлттық парламенттің екі палатасынан 25 пайыз орынды әйелдерге бөлуге рұқсат етеді.

Танымал ауған парламентарийі Шукария Баракзай өткен айда төменгі палатада қаралған мәтінге дауыс берген. Ол кейін үкіметте әйелдердің болуын
Ауған парламентарийі Шукария Баракзай. Кабул, 16 қыркүйек 2010 жыл.
Ауған парламентарийі Шукария Баракзай. Кабул, 16 қыркүйек 2010 жыл.
қолдайтын бөлімнің түсіп қалғанын естігенде наразы болды. Оның айтуынша, парламенттің заң шығарушы комиссиясы өзгеріс туралы ескертпей, заң шығарушыларды алдаған.

Баракзай бұл әрекеттің тасасында астыртын сөз байласу бар деп біледі.

– Кейбір «Хизб-и-ислам және «Жамиғат-и ислами» сияқты (әсіредіншіл) фракциялар ауған халқының демократиялық жетістігін құртқысы келеді. Олар билікке тапаншаның күшімен жететін кезге оралғысы келеді. Әйел мүмкіндігінен қорқады. Олар саясаттың оқпен емес, бюллетень арқылы шешілгенін қаламайды, – дейді Шукария Баракзай.

Баракзайдың айтуынша, әсіредіншіл екі бағыттың жетекші өкілдері демократияға, сайлауға ашық қарсы шығып, үкіметті демократиялық жолмен таңдаудың орнына ұлттық кеңес құрайық деген пікір айтады.
Қазір әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірге араласуының өзіне қауіп төніп тұр.
Ауған парламенті депутаты Шукария Баракзай.

– Осы күштер парламенттің әйелге қарсы зорлық-зомбылық туралы заңын «ислам дініне қайшы» деп өткізбей тастаған. Ауғанстандағы әйел құқықтарына қатысты саяси қауіп үнемі бар еді. Бірақ қазір әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірге араласуының өзіне қауіп төніп тұр, – дейді ол.

Баракзайдың айтуынша, парламенттің екі палатасындағы парламентарий әйелдер сайлау туралы заңдағы әйелдердің орны жайлы бапты қайтаруға бел шешіп кіріспек. Екі палатадан құралған арнайы комитет мәселені қарайтын болады.

2004 жылы парламенттегі орынның 25 пайызын әйелдерге арнаймыз деп жаңа конституция қабылдаған ауған үкіметі мақтау-мадаққа ие болған. Енді сайлау туралы заңға енгізілуі мүмкін өзгеріс кесірінен 11 әйел жоғарғы палатадағы орнынан айрылуы ықтимал. Бұлар – провинциялық кеңестен сайланған әйелдердің орыны. 102 мүшесі бар заң шығарушы органдағы 17 әйел депутатты президент тағайындаған.

Әбубәкір Сыддық пен Қадыр Хабибтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG