Accessibility links

Ауған әскері Бадахшанға ие бола алмай жатыр


Отқа жылынып отырған ауған полицейлері. Қандағар, 24 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Отқа жылынып отырған ауған полицейлері. Қандағар, 24 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Елдің солтүстік-шығысындағы бір кездегі бейбіт Бадахшан провинциясы қазір қақтығыс аймағына айналған. Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігі – ауған күштерінің мойнында.

Ауғанстанның басқа бөліктерінде соғыс болып жатқан кезде орталықтан жырақтағы Бадахшан провинциясы мамыражай тіршілік кешіп, «тұрақтылық аралы» атанған еді. Кикілжің оты жайылған сайын солтүстік-шығыстағы бұл провинцияның да тынышы кетіп, болашағы бұлыңғырланып келеді.

Оның себебі – 2014 жылы бұл елден әскерін шығаруды жоспарлап отырған НАТО былтыр Бадахшандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін толығымен Ауғанстанның ұлттық армиясы мен ұлттық полициясына тапсырған. Бірақ бұдан кейін аймақта қақтығыстар жиілеп, әскери шабуылдар көбейіп кетті.

Халықаралық бейбітшілік жасағы Ауғанстаннан кетуге әзірленіп жатқан кезде Бадахшандағы ахуал – елдің ішкі тәртіпті қамтамасыз ететін қауқарын тексеріп байқайтын алғашқы сынақ іспетті.

ӨТКЕЛ

Бұл аймақта қарулы топтардың жасырынуына ыңғайлы биік тау шатқалдары көп. Сондықтан бүкіл ел аумағында жүрген қарулы жасақтар пана іздесе, осы өңірге келеді. Бадахшан – көршілес жатқан үш ел (Қытай, Тәжікстан және Пәкістан) шекаралары түйісетін тұс. Сондықтан бұл өңір – еселеп өсіп келе жатқан есірткі саудасының ең маңызды өткелдерінің бірі.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласы маңындағы тау шатқалдары. Ауғанстан, 7 қазан 2012 жыл.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласы маңындағы тау шатқалдары. Ауғанстан, 7 қазан 2012 жыл.

Аймақтың оқшау орналасуы оны ауған кикілжіңіне тіке араласудан сақтап қалды, сол арқылы бұл аймақ 2014 жылдың соңында бүкіл елдегі қауіпсіздікті қолға алардың алдында жаңа жасақталған әскердің тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

Бірақ жанжалдарды шешу мәселесі бойынша сарапшы, American Security Project жобасының ғылыми қызметкері Дэвид Янгтың айтуынша, біріккен коалиция мен ауған әскері қалаларға баса назар аударып, халқының көбі ауылда тұратын Бадахшан сияқты ірі аймақтарын қараусыз қалдырғалы бері елдегі қауіпсіздіктің сипаты өзгерген.

– НАТО күштері бүкіл ел аумағында тек нәтижелі болады-ау деген жерлерге мән беріп, ресурстарды сол аймақтарға таратып жатыр. Бадахшан мұндай аймақтардың тізімінде жоқ. Тіпті жартылай қалалық аймақ деп саналған өңірлердің өзі тасада қалып, «Талибанның» дендеп енуіне жол бере ме деп қорқамын, – дейді америкалық сарапшы.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласының көірініс. Ауғанстан, 26 тамыз 2012 жыл.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласының көірініс. Ауғанстан, 26 тамыз 2012 жыл.

«ҮКІМЕТ ЖАСАҚТАРЫ ӘЛСІЗ»

Биыл көктемде ауған қауіпсіздік күштері мен қарулы жасақтар арасында бірнеше ірі қақтығыс болды. Ауған ұлттық армиясы кейбір аудандарда содырлардың бекіністерін бұзу үшін бір аптаға созылған әскери операциялар жүргізді.

Наурыздың 23-інде тұрақсыз аудандардың бірі Вардуджде кемінде 50 талиб қаза тауып, тағы ондаған адам жарақат алған. Бадахшан провинциясына көршілес аудандардан қосымша күш жіберген Ауғанстан қорғаныс министрі ұрыс барысында үш ауған әскері қаза тауып, тоғыз сарбаздың жараланғанын айтты.

Соңғы жылдардағы үкімет әскеріне қарсы жасалған ең қанды шабуылдардың бірі 6 наурызда Вардудж ауданында болды. Сол жолы ауған әскерін қоршауға алған «Талибан» жасақтары 17 сарбазды мерт қылған. 11 солдат тұтқынға түсіп, кейінірек үкімет бақылауында отырған «Талибан» жасақтарына айырбасталды.

Бадахшанның жергілікті тұрғындары үкімет жасақтарының әлсіздігін, елдің ең үлкен провинциясындағы қауіпсіздікті бақылауға аз әскер жіберілгенін айтады.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласының тұрғындары. Ауғанстан, 19 қыркүйек 2012 жыл.
Бадахшанның орталығы Фаизабад қаласының тұрғындары. Ауғанстан, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Салахуддин – провинция орталығы Файзабадтан 60 шақырым жердегі Вардудж ауданының тұрғыны. Оның айтуынша, үкімет жасақтары мен содырлар арасындағы ұрыс кезінде жергілікті ондаған тұрғын қаза тауып, жарақат алған.

– Тұрақсыздықтың кесірінен жүздеген отбасы көршілес аймақтарға көшіп бас сауғалады, – дейді ол.

Салахуддин 22 наурыздағы алты бейбіт тұрғын ауыр жарақат алған, үкімет жасақтары мен қарулы топтар арасында болған қақтығыс туралы айтып берді.

– «Талибан» біздің ауданға шабуыл жасады. Вардудждің орталығы мен шеткері аймақтарында қатты атыс болды. Үйлерді автоматтармен атқылады, алты адам жарақаттанды. Үкімет әскерінің ұрысқа қатысқаны рас. Бір жақ зымырандар қолданса, екінші жақ автоматтан оқ жаудырды. Олар көздегендеріне тигізе алмай, адамдарды атты, – дейді Салахуддин.

Герм ауданының тұрғыны Шарифтің айтуынша, аудандағы барлық мектептер жабылған, көп үй қирап қалған. Адамдарды қалқан қыла ма деп үрейленген жергілікті халық жаппай үдере көшкен.

– Жер-жерде болып жатқан атысты күн сайын көресің. Халық [үкіметтен] мұны тоқтатуды талап етіп жатыр, – дейді Шариф.

«АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС ТУУ ҚАУПІ БАР»

Ауғанстан қорғаныс министрлігінің өкілі, генерал Мұхаммед Захир Азимидің айтуынша, «қауіпсіздік саласындағы ахуалдың нашарлағанына қарамастан, ауған ұлттық армиясы мен полициясы Бадахшанда содырлардың қаупін азайта алады».

– Содырлар қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті тапсырылған аймақтарды нысанаға алуға тырысты. Бірақ, бағымызға орай, Бадахшандағы жалпы қауіпсіздік ахуалы жақсарды, – дейді ол.

Биыл Ауғанстан армиясы мен полициясы үшін үлкен сынақ жылы болғалы тұр, себебі олар ел аумағының 80 пайызын бақылауға алды.
Полицейлер тұрғындарды тексеріп тұр. Ауғанстан,4 сәуір 2013 жыл.
Полицейлер тұрғындарды тексеріп тұр. Ауғанстан,4 сәуір 2013 жыл.

Бірақ American Security Project жобасының ғылыми қызметкері Дэвид Янгтың айтуынша, ауған күштерінің Бадахшанда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шығуы олардың бүкіл ел аумағын бақылауға дайын еместігін айғақтайды. Ауған қауіпсіздік күштерінде әскерден қашу, жаңа сарбаздардың аз қатысуы, моральдық жағдайдың нашарлығы және құралдардың жетіспеуі сияқты проблемалар көп. Сарапшының ойынша, «бұл Ауғанстанға, әсіресе ауылдық жерлеріне жақсылық емес».

– Менің болжауымша, елдің шығысы мен оңтүстігіндегі ауылдық жерлерде шектеулі ауқымдағы азаматтық соғыс жүреді. Ауылдық жерлерге сарбаз жіберуге адам күші жетіспейтіндіктен, халықаралық күштер мен ауған әскері қалаларды бақылаумен шектеліп отыр. Сондықтан содырлармен күрес ерекше ауғандық стильде жүреді. Үкімет күштері халқы тығыз аймақтарды қорғайтындықтан, «Талибан» бүкіл елді қарамағына ала алмайды, – дейді сарапшы Янг.

Ақпарат құралдарының 1 мамыр күнгі хабарларына қарағанда, «Талибан» наурызда Бадахшан провинциясының Вардудж өңірінде тұтқынға түскен Ауғанстан ұлттық армиясының 10 сарбазын жуықта ғана босатқан.

(Материал Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшілері Фруд Бежан мен Мұстафа Сәруардың мақаласы негізінде әзірленді).
XS
SM
MD
LG