Accessibility links

Барак Обама АҚШ пен Мұсылман әлемі қарым-қатынасының жаңа парағын ашуға шақырды


Барак Обаманың жолдауын кафеде тыңдап отырғандар қол шапалақтап жатыр. Қаир, 4 маусым, 2009 жыл.
Барак Обаманың жолдауын кафеде тыңдап отырғандар қол шапалақтап жатыр. Қаир, 4 маусым, 2009 жыл.

Әл-Азхар университетіндегі сөзінде Обама "мен мұнда Құрама Штаттар мен Мұсылман әлемі арасындағы байланыстардың жаңа бастауларын іздеп келдім' деді. Сонымен қатар АҚШ президенті ислам туралы қалыптасқан теріс пікірді жоюға күш саламын деп уәде берді.

Президент Барак Обама Құрама Штаттар мен әлемнің 1,5 млд мұсылмандары арасында жаңа қарым-қатынастар кезеңін бастауға шақырды.

"Әлем халқы бірігіп бейбітшілікте өмір сүре алады. Біз бұл Құдайдың көрегендігі екенін білеміз. Қазір планетада ол біздің жұмысымыз болуы керек".

Қаирдағы сөзінде Барак Обама өзара түсіністік жөнінде үмітке толы сөздерді қолданды:

АҚШ президенті Барак Обаманың Мұсылман әлеміне үндеуін Әл-Азхар университетінде тыңдап отырғандар. Қаир, 4 маусым 2009 ж.
"Мен бұл жерге Құрама Штаттар мен әлемдегі Мұсылман қауымы арасындағы жаңа бастауларды іздеп келдім, ол шынайы түрде өзара түсіністік пен сыйласымдық негізінде болу керек, Америка мен Мұсылман әлемі басқалардан ерекше еместігі шындық, сондықтан мұнда бәсекелестік болмауы қажет. Оның орнына олар бірін-бірі жауып, әділет және алғабасушылық, төзімділік пен адами құндылықтар сияқты ортақ принциптерді бөлісу керек”, - деді АҚШ президенті.

Бұл тұрғыда Обама өзгерістер бір сәтте бола қоймайтынын мойындаймын, бір сөз ғана жылдар бойы келе жатқан сенімсіздікті құрта алмайды, сол себепті мен алғабасу болу үшін жүрегімізде ештеңені бүгіп қалмай, ашық айтуымыз керек, бір-бірімізді тыңдауымыз, бір-бірімізден үйренуіміз қажет деді.

АҚШ президенті осыған орай Құран кітабынан үзінді келтіріп, “Құдайды сезініп, әрдайым шын сөйле” деген аятты тілге тиек етті.

“Мұндай сенім-наным менің өзімнің де түп-тамырымда жатыр, мен христиан дініндемін, бірақ менің әкем тегі мұсылман кениялық отбасынан шыққан. Мен бала кезімде бірнеше жыл мұсылман елі Индонезияда тұрдым, онда азан шақыруды естіп өстім, одан кейін бейбітшілік пен ар-ожданды мұсылман дінінен тапқан Чикаго қауымдастықтарымен бірге жұмыс істедім,” - деді.

Мен бұл жерге Құрама Штаттар мен әлемдегі Мұсылман қауымы арасындағы жаңа бастауларды іздеп келдім
Сонымен қатар Америка Құрама Штаттары барлық адамның теңдігі деген негізінде құрылған дей келе президент Обама Ислам әрдайым Құрама Штаттар өмірінің бір бөлігі болғанын алға тартып, бүгінде мен АҚШ президенті ретінде кез-келген жерде исламға қарсы қалыптасқан теріс стереотипді жоюға жауапкершілік аламын деді. Бірақ Барак Обама мұсылмандардың да Американы қабылдауы дәл осындай негізде болуы тиіс деді.

Америкада африко-американ Барак Хуссейн Обаманың президент болып сайлануының өзі көп нәрсеге дәлел бола алады деген ол, бүгінде американ мұсылмандарының саны 7 млн-ды құрады, елде 1 200 мешіт бар деп атап өтті. Және АҚШ соттары хижаб киетін әйелдер мен қыздардың құқын қорғап, оларды қабылдамағандарға айып тағады деп атап көрсетті.

Мұсылман әлеміне арнаған үндеуіне Барак Обама өзекті деген жеті мәселені арқау етті. Соның бірінде АҚШ президенті Батыс пен Ислам әлемінің арасын алыстатып отырған қақтығысшыл экстремистерді айыптап сөйледі.

Ал Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталғанда Барак Обама Америка мен Израильдің байланыстары өте тығыз дей келе, бірақ палестиндіктерге қатысты жағдай төзуге болмайтындай деді. Ол Израиль-Палестина қақтығысы туралы айтқанда, Израиль мен Араб қарым-қатынасында өзара түсіністікке шақырып, бұл мәселеде сөздерін ұқыпты пайдаланып, екі жақтың келісе алмай келе жатқан мәселелерін атап өтті.

Бұл мақсатта Обама Израиль мен палестиналықтар Таяу Шығыстың бейбіт жоспары аясында өз міндеттемелерімен өмір сүруі керек болады деді.

Палестиналықтар зорлық-зомбылықтан бас тартуы керек, ал Хамас Израильдің өмір сүру құқығын мойындауы тиіс деді Обама. Ол сондай-ақ Израиль қоныстарын кеңейтуін тоқтатуға уақыт келді деп атап көрсетті.

АҚШ президенті Иран жетекшісі Махмуд Ахмединежадтың Холокосты мойындамай, оны жоққа шығарып, Израильді картадан сызып тастау керек деген сөздеріне тоқтала келіп, мұндай мәлімдеулер Таяу Шығыста тұрақсыздық пен қауіп-қатер тудырады деді.

“6 млн еврей өлтірілді. Бұл бүгінгі Израильдегі еврейлер санынан көп. Мұндай фактіні жоққа шығару негізсіз, немқұрайлылық әрі жеккөрушілік. Израильді құртамын деп қорқыту түбегейлі қате және ол тек израильдіктердің санасына өте ауыр әсер етіп қоймай, аймақта бейбіт жағдай қалыптастыруға кедергі жасайды”.

Барак Обама Құрама Штаттар мен Иран арасындағы сенімсіздікті жоюға бірнеше жылдар керек екенін мойындай келе, бірақ артта қалғаннан гөрі байланыстарды алға жылжытқан жақсы деді.

Оның айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдай шешуші кезеңге жетті бірақ Иран халықаралық келісімдерді орындаса, Теһранның атом энергиясын дамытуға құқығы болуы тиіс.

Мұсылмандар көптеп тұратын елдерде қажетті өзгерістер жасау үшін демократияны күшейту қажет
Сондай-ақ, Барак Обаманың сөзіне қарағанда, Ауғанстан мен Пәкістандағы проблемалар әскери күшпен ғана шешілмейтінін Вашингтон түсініп отыр.

Бұл тұрғыда АҚШ алдағы бес жылда Пәкістандағы қарулы қақтығыстан қорғанып босып кеткен адамдарға көмек беріп, мектеп, аурухана, жолдар салу үшін жылына 1,5 млд доллар ақша құйып отырады деді ол.

Және де Ауғанстан экономикасын дамыту үшін Вашингтон бұл елге 2,8 млд доллар ұсынып отыр.

Обама сонымен бірге Құрама Штаттар Ирақтың территориясына немесе ресурсына қызығып отырған жоқ деп қадап айтты. Оның айтуынша, АҚШ-тың Ирақтың келешегін жақсартып, Ирақты ирақтықтарға қалдыру жөнінде екіжақты жауапкершілігі бар.

Құрама Штаттардың мұсылман әлемімен байланысын жақсарту үшін не істеуі керек дей келе, Обама мұсылмандар көптеп тұратын елдерде қажетті өзгерістер жасау үшін демократияны күшейту қажет деп айтты.

Обама өзінің мұсылман қауымына арнаған сөзінің соңында әйелдер құқы туралы да айтып өтті.

Бір сағаттай сөйлеген сөзін қортындылай келе АҚШ президенті Барак Обама соғысты бастағаннан аяқтау қиын деді.
XS
SM
MD
LG