Келесі бағдарлама






 

Қазақстан

Офицерлердің жекпе - жегінен екі инспектор жарақат алып ауруханада жатыр

Жол полициясының қызметкерлері қаржы полициясымен болған төбелеске байланысты басшылық өткізген жиналыстан шығып келеді. Атырау, 5 қазан 2009 жыл.

06.10.2009
Сәния ТОЙКЕН

Қазанның 3-інде Атырау облыстық Қаржы полициясы департаменті мен Жол қауіпсіздігі қызметі басқармасы қызметкерлері арасында кәдімгі төбелес болып, 2 жол полициясы қызметкері дене жарақатынан ауруханаға түскен. Қазір бұл екі күштік құрылымдардың әрқайсысы қылмыстық іс қозғайтындарын мәлімдеп отыр.

Оқиғаның кездейсоқ куәсі болған жүргізушінің Азаттық тілшісіне айтқан мәліметіне сүйенсек, Қаржы полициясы қызметкерлері көшедегі Жол полициясы инспекторын пара алмақ болып жатқан жерінен ұстауға әрекет еткен. Бірақ өзін аңдушылар бар екенін байқап қалған жол инспекторы қашып құтылмақ болады. Бұл жайтты ақырына дейін білгісі келген жүргізуші бірін-бірі қуған орган қызметкерлері соңынан ілесе берген. Әлгі полиция қызметкері сол бетінде Атырау облыстық жол полициясы басқармасы ғимаратына кіріп кеткен екен. Сол жерде екі күштік құрылым арасында кәдімгі төбелес болған.

«ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ЗАҢ ТӘРТІБІН БҰЗДЫ»

Атырау облысы ішкі істер басқармасы бұл оқиғаның болғанын растап отыр.
-Шынымен 3 қазан күні 19 сағат 45 минут шамасында Қаржы полициясы қызметкерлері Жол полициясы қызметкерін пара алды деген күдікпен ұстамақ болды. Жол полициясы басқармасы ғимаратына күшпен басып кірген Қаржы полициясының қызметкерлері қызметтік куәліктерін көрсетпестен, азаматтық киіммен келіп, ішінде өздері іздеп жүрген жол полициясы қызметкері бар әжетхана есігін бұзып ашып, қызметкерді еденге құлатып, қолына кісен салған,-деп хабарлады Азаттық тілшісіне облыстық Ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жектешісі Гүлнәзира Мұхтарова.

Сол себепті Жол полициясы басқармасының кезекші тобы көмек тобын шақыруға мәжбүр болған. Жедел хабар бойынша келген наряд пен Қаржы полициясы қызметкерлері арасында даулы жағдай туындап, екі жол полициясы қызметкері дене жарақатын алды дейді ол.
Ал пара алды деген күдікпен қуғынға ұшыраған әлгі полиция қызметкері ұрыс-төбелес кезінде оқиға болған жерден кетіп үлгеріпті.

Облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз жетекшісі осы фактіге байланысты тексеру жүргізіліп, ҚР Қылмыстық кодекстің 308 бабына сәйкес (Билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғау жөнінде мәселе қарастырылып жатқанын айтады.Әрі оның айтуынша Қаржы полициясы қызметкерлері заң тәртібін бұзып, кезекші нарядтармен күзетілетін режимдік объектіге рұқсатсыз кірген.

"ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ ИНСПЕКТОРЫНЫҢ ПАРА АЛҒАНЫНА ДӘЙЕК БАР"

Алайда Қаржы полициясы бұл оқиғаға байланысты басқаша дерек келтіреді. Атырау облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Алтынай Мұхтарова «Жол полициясы инспекторының 30 000 теңге пара алғаны жөнінде нақты дерек бар» деп отыр.

-Енді осы мәселеге байланысты Қылмыстық кодекстің 311 бабының 2 тармағы (Пара алу) бойынша қылмыстық іс тергелуде. Әзірге тергеу құпиясын сақтау мақсатында іс бойынша толық ақпарат берілмейді,- деп мәлімдейді А.Мұхтарова.

Сонымен әр күштік құрылым өзінше қылмыстық іс қозғамақ. Дау түйінінің қалай шешілетіні әзірге белгісіз.

Ал бұған дейін, қазанның 5-і күні Астанада Қазақстан ІІМ баспасөз қызметі жетекшісі Қуанышбек Жұманов журналистермне болған брифингте Қаржы полициясы мемлекеттік агенттігіне «ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты арандату әрекеттерін қолданады» деген айып таққан еді. Оның айтуынша жедел тексеру жұмыстарын жүргізу барысында заңның бұзылуы Оңтүтсік Қазақстан, Атырау облыстарында орын алған. Қаржы полициясының дәл осындай арандату мен жалған дәйектер келтіруі Қостанай облысында да тіркелген
Бұл форум жабық
     
Пікірлер
Кімнен: Мен едім
07.10.2009 05:00
Отбасының қиын материалдық жағдайына байланысты жол полициясына жұмысқа тұрғандардың сыбайласқан жемқорлығын әшкерелеп, тоқтату оңай емес.
Қазақстан ІІМ-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Қуанышбек Жұмановқа Қаржы полициясы мемлекеттік агенттігіне айып тағуына қандай заң құқық берді? Мемлекеттік бір ғана қызметші, бүтін бір Мемлекеттік Күштік Құрылымды халықтың алдына шығып, тергеусіз, сотсыз айып тағыуын қалай түсінуге, ұғуға болады. Бұл деген, нағыз қылмыс қой. ҚР-сы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығымен бекітілген ҚР-ның мемлекеттік қызыметшілерінің АР-НАМЫС КОДЕКСІнің талаптарын да бұзып отыр. Бүтін бір Күштік Құрылым, екінші бір бүтін Күштік құрылымды жерден алып, жерге салып жатса, сонда жеке адамға не істемейді. Біз, оларға арқа сүйеп, бізді қорғайды деп сеніп жүрген, Астанамызда, жоғарыда отырған, Ішкі Істер министрінің "айнасы", халықтың алдына шығатын қызметшіміздің, заңгеріміздің деңгейі осы болса, осы мемлекеттің негізін құрайды деген ұлттан, яғни, қарапайым халық-қазағымнан не сұрайын.
Әрине, Ішкі Істер Министрлігінен жасырын, ауызша тапсырма алған, осындай,сауатсыз баспасөз қызметшілер мен "шаш ал десе, бас алатын" жергілікті жердегілер, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұрудың орнына,қайткенде де, бәрі жабылып, әлдері келмеген соң, полиция нарядын шақырып, "қашқынды" қашып кетуге көмектесіп, сыбайласып,қылмыс үстіне қылмыс жамап отыр. Мына түрімізбен, сыбайласқан жемқорлықты жақын арада жеңе алмаймыз. Сондықтан, үлкен ағай депутаттарды қылғындырып, қытайға тәжірибе жинақтауға жіберіп, біздің елімізге қытайлардікіндей заңдардың бәрін қабылдаттыру керек. Сол кезде, қазақтың мастығы тарқап, есін жинап, бірін-бірі тонап өмір сүруді қойып,таза еңбек етуді, шынымен сыйласудың, мемлекетшіл болудың не екенін үйреніп, есейіп, басқа жұрт бізді жеріміздің байлығы үшін емес, адамшылығымыз үшін сыйлайтын халық болар едік. Сол кезде , әркімді тонап, көрінгеннен қашып, бала-шағасын жылатып,сотталып, келіншегіне сенімін жоғалтып, оны басқалардан қызғанып,іші күйіп жүрмейді. Міне,мына гәишник енді сотталмай қалады деп ойламаймын, және сотталып кеткен соң жас әйелі де етегіне намаз оқып отырмайтын шығар. Мә, саған 30 мың. Ақша үшін бәрінен айырыласың. Ақшадан өлдің бе, ант ұрған?
Тек қана, тәртіпті елде ғана мемлекетінің байлығымен қарапайым халқының байлығы еселеп көбейеді.

Кімнен: Айна
07.10.2009 09:56
Қаржы полициясы мықты болса, неге күректеп параны алып, шетел асып кеткендерді ұстамайды. Күші жететіні мектеп, көшедегі МАИ қызметкері. Одан басқа ордалы жыландарды ұстаса көрер едім.

Кімнен: Әлім Қайдан: Сапақ
07.10.2009 12:00
Айнанікі дұрыс. Қаржы полицицясының "шортандарға" әлі келмейді немесе оған жоғары жақтағы "көкеміз" рұқсат ептейді. Сосын майда-шүйделермен белсене күреспегенде қайтеді. Оның үстіне мұндағылардың біліктілігі өте төмен. Пара алғандарды да бұлтартпас дәлелдермен ұқстай алмай масқара болып жатады. Анау Құлекеевтің өзі неге тұрады. Енді мынау экологтардың ісі де комедияға айналды. Сірә, тұтас трагедия әлі алда шығар.

Кімнен: Атырау ұлы Қайдан: Атырау
07.10.2009 13:42
Ұят болған екен. Бұл елдің заңды сактау, азаматтардың құқтарын қорғайтын ұйымдардың істеп отырғаны. жазда балаларымен елді аралап шыққам, кең байтақ елімізбен таныс болсын, мақтаныш тұтатын жерлер,жан сүйсінетін табиғатымен таныстырайын деп. сондағы бейнетім осы МАИ кызметкерлерінен болды. осы азаттықтың мәртік журналистерінің құлағына алтын сырға мемлекеттік басқарудың проблемалары жонінде мақала жазылса. айнала карасаңыздар ЦОН айналасы, салық жүйесінің айналасы, МАИ дың айналасы сенделіп жүрген елдің адамдары, осының өзі белгелі бір нәрсені көрсетпейме?
     
Мәтін көлемі - +