Accessibility links

Азиаданың шығыны бір жарым миллиард доллардан асқан


2011 жылы өткен VІІ қысқы Азия ойындары үшін салынған трамплин кешені. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.
2011 жылы өткен VІІ қысқы Азия ойындары үшін салынған трамплин кешені. Алматы, 23 қыркүйек 2012 жыл.
Қазақстанның есеп комитеті 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарының шығынын есептеп шығарды. Бір жарым жыл тексерген есепшілер «талай заң бұзылғанын анықтағанын» айтты.

Қазақстан Азиаданы ұйымдастыруға жалпы 1 миллиард 650 миллион доллар (233 миллиард 500 миллион теңге) шығындаған. Бұл елдің Азия ойындарын ұйымдастыруға жұмсаған қаржысы бұған дейін қысқы олимпиада ойындарын өткізген елдердің (Италия, 2006 немесе Канада, 2010) шығынымен бірдей.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Азаттыққа берген дерегі бойынша, Қазақстан Азиадаға арнап жеті спорттық нысан салу үшін бюджеттен 30 миллард 480 миллион теңге бөлген. Алайда кейін бұл сома 132 миллиард теңгеге дейін көбейген.

– Тексеріс кезінде жоспардан тыс жұмыстар жасалып, спорт кешендеріне салуға жұмсалатын қаржылардың көлемі өсіп отырғанын байқадық. Тексеріс кезінде талай спорт кешені белгіленген сомадан көп қаржыға салынғанын, Азия ойындары үшін алынған керек-жарақтардың көбі кейін пайдаға аспай қалғанын анықтадық, – деді есеп комитетінің маманы Константин Плотников.

«КЕРЕКСІЗ ЖАБДЫҚҚА – 69 МИЛЛИОН ДОЛЛАР»

Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенін салуға әуелі 12 миллиард теңге бөлінген. Кейін бұл нысанның құрылысына 20 миллиард теңге кеткен. 2012 жылдың наурыз айында «Сарыарқа» кешенінің шатыры тесіліп, күн жылынғанда еріген қар мен жаңбыр суы шатырынан өтіп кеткен.

– Азиада кезінде мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек жарысын өткізу үшін шетелден бір миллиард теңгеге мұз жабындысы сатып алынған. Бірақ бүгінде бұл мұз «Сарыарқаның» қоймасында пайдаланбай тұр, – деді есеп комитетінің мамандары,

Бұл жайтқа байланысты «Сарыарқа» велотрек кешенінің директоры Қали Әбішев
Астанадағы "Сарыарқа" спорт кешенінің директоры Қали Әбішов. (Сурет спорт кешенінің сайтынан алынды).
Астанадағы "Сарыарқа" спорт кешенінің директоры Қали Әбішов. (Сурет спорт кешенінің сайтынан алынды).
Азаттыққа арнайы түсінік берді.

– Бұл мәселені ақпарат құралдары ушықтырып жіберді. Көктемде шатыры тесіліп, су аққаны рас. Шатырдың тесілген жеріне құрылыс компаниясы Швейцариядан адамдар әкеліп, арнайы құрылғы орнатты. Ал Азиада кезінде бір миллиард теңгеге алынған мұз жабдығы керексіз болып қалды. Оның орнына басқа мұз сатып алдық. Қазір шорт-трекшілер осы мұзда жаттығып жүр, – деді.

Есеп комитеті Азия ойындары үшін 10 миллиард 280 миллион теңгеге (шамамен 69 миллион доллар) алынған спорт жабдықтары керексіз болып қалғанын анықтағанын да айтты.

«200 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ИГЕРІЛДІ – БАЗА ДА ЖОҚ, БАССЕЙН ДЕ ЖОҚ»

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасына 200 миллион доллар жұмсалған. Аумағы 40 гектар жерді алып жатқан «Шымбұлақта» құрылыс жоспары бойынша жаттығу базасы, 50 метрлік бассейн салынуы тиіс еді. Бірақ Азиадаға дейін жаттығу кешені мен бассейн салынып бітпеген. Құрлықтық жарыс біткелі екі жылға жуық уақыт өтсе де, бұл құрылыс аяқталмапты.

– «Шымбұлақта», жоспар бойынша, 200 миллион долларға тау шаңғысы базасы, жаттығу кешендері және бассейн салыну керек еді. Бірақ 200 миллион доллар толық игерілгенімен, «Шымбұлақта» бүгін не база, не бассейн жоқ. Тіпті «Шымбұлақ» бүгінде жұмысын тоқтатқан, – деді есеп комитетінің маманы Константин Плотников Азаттық тілшісіне.

Ал спорт және дене шынықтыру агенттігінің өкілі Мұрат Омаров:

– «Шымбұлақтағы» құрылыс жұмысы төрт жарым жылға жоспарланған. Қазір әлі салынып жатыр. Нақты қашан іске қосылатынын айта алмаймын, – деді.

АЗИАДА ҒИМАРАТТАРЫНА – 883 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Есеп комитеті Алматыдағы «Медеу» мұз айдынына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізгенін де айтты.

– Азия ойындарынан кейін «Медеу» қайта жөндеу жұмыстары үшін жабылды. Мұз айдыны басшылығы мұны 2012 жылы «Медеуде» бендиден өткен әлем чемпионатына дайындығымыз деп түсіндірді. Ал әлем чемпионаты өткен соң мұз
"Медеу" мұз айдынын Қысқы Азия ойындарына орай жөндеп жатыр. Алматы, 17 қараша 2008 жыл.
"Медеу" мұз айдынын Қысқы Азия ойындарына орай жөндеп жатыр. Алматы, 17 қараша 2008 жыл.
айдыны қайта жабылып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Бұл мұз айдынды қайта жөндеу үшін бөлінген 130 миллион доллар жетпей, құрылыс Азия ойындарын өткізу үшін шала жүргізілген, – деді есеп комитетінің маманы Константин Плотников.

«Медеу» мұз айдынының директоры Сабыржан Бектемісов «Азия ойындарынан кейін «Медеуде» азды-кемді апаттық жағдайлар болғанын» растады.

– Құрылыс жұмыстарын жүргізген компания олқылықтың орнын толтырып, жөндеп берді. Енді 2012 жылдың қазан айынан бастап мұз айдын жұмысын бастайды, – деді «Медеу» мұз айдынының директоры.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тексеру қорытындысын қаржы полициясы мен бас прокуратураға жіберіпті. Бұл іске «Нұр отан» партиясының жемқорлыққа қарсы орталығы да араласқан.

– Азия ойындары кезінде орын алған осы жайттарға байланысты үш адам жауапқа тартылыпты. Барлығы қарапайым есепшілер мен қаржы бөлімінің мамандары. Ал басшылары жазадан құтылып кеткен, – деді осы орталықтың маманы Айнұр Серимова.

2011 жылы Қазақстанда өткен Азия ойындарының Алматы мен Астана қалаларындағы ғимараттарын салу мен жөндеуге 883 миллион доллар қаржы бөлінген.

Төмендегі қаржының жұмсалу кестесі - есеп комитетінің, спорт кешендерінің сыйымдылығы Wikipedia ашық энциклопедиясының дерегі бойынша дайындалды.
Салыстыру үшін айта кетейік, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен олимпиада ойындарының кешенін салу үшін 432,55 миллион доллар жұмсалған.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

(Мақаланы дайындауға Махамбет Мәмбетов қатысты)
XS
SM
MD
LG