Accessibility links

Ең қымбат шырша қай қалада?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Павлодарда қалалық шыршаның құны туралы шу шыққан соң жергілікті билік қыруар ақша қаншалықты орынды жұмсалғанын тексере бастады. Азаттық Қазақстан мен әлемнің ірі қалаларында жаңа жылдық шыршаға қанша ақша жұмсалатынына шолу жасады.

Биыл Павлодар қаласындағы бас шыршаға қатысты бірнеше келеңсіз оқиға болды. Қараша айының аяғында Тengrinews сайты «Ресейде жасалған пластик қаңқаға шырша ойыншықтарын іліп жатқан екі жұмысшы 12 метр биіктен құлап кетті» деп хабарлады. Желтоқсан айының ортасында ақпарат құралдары хабарлаған «жаңа жылдың жасанды шыршасына қала бюджетінен 38 миллион теңге жұмсалды» деген жаңалық кейбір тұрғындардың наразылығын тудырды.

Павлодар қаласы әкімі Оразгелді Қайыргелдиев «шырша мен оны безендіруге арналған әшекейлерге нақтысы 31 миллион теңге жұмсалды» деп ақталғанымен, прокуратура мен қаржы полициясы бюджеттің қыруар қаржысы қаншалықты орнымен жұмсалғанын анықтау үшін тексеруге кірісті. Ал Kazakhstan Today агенттігі «шыршаның биіктігі де бұрын жарияланғандай 30 метр емес, одан аласа екен» деген хабар таратты. Шыршаның биіктігі 20 метрден сәл ғана асады.

Бораннан құлап қалған шырша. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл. (Әлеуметтік желіден алынған сурет)
Бораннан құлап қалған шырша. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл. (Әлеуметтік желіден алынған сурет)
Қазақстанның басқа үлкен қалаларының әкімдіктері жаңа жылдық шыршаға бұдан әлдеқайда аз ақша жұмсапты. Мысалы, жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қарағанды әкімдігі жаңа жыл алдында қаланы сәндеуге 20 миллион теңге, Қызылорда – 17 миллион теңге, Теміртау қаласы жеті миллион теңге, Орал – алты жарым миллион теңге жұмсаған.

Әйткенмен, Павлодардың шыршасы елдегі ең қымбат шырша болмауы да мүмкін. Жаңа жыл Астана, Алматы қалаларында салтанатпен мерекеленеді. Бірақ қос қаланың бюджетіне қаншаға түскені жөнінде әзірге ақпарат жоқ. Алматыдағы Республика алаңында орнатылған бас шыршаның биіктігі 18 метр, ал Ақорданың алдындағы алаңда тұрған астаналық бас шыршаның биіктігі – 25 метр екені белгілі. Ол Павлодардағы шыршадан сәл биіктеу.

Республика алаңындағы жаңа жылдық шырша. Алматы, 19 желтоқсан 2013 жыл.
Республика алаңындағы жаңа жылдық шырша. Алматы, 19 желтоқсан 2013 жыл.
Ал әлем бағаларымен салыстырар болсақ, Павлодар шыршасының құны көрші елдердің астаналарындағы шырша бағасымен шамалас болып шықты. Кommersant.ru сайтының хабарлауынша, осыдан екі жыл бұрын Мәскеуде орнатылған ең қымбат қалалық шыршаның құны теңгеге шаққанда 30 миллиондай теңге болған. Izvestia.kiev.ua сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бір айдан бері наразылық акциялары қызып тұрған Киевте биыл бас шыршаны сәндеуге 50 миллиондай теңге жұмсалған.

Ал Рождествоны мерекелеу дәстүрі берік батыс елдері шырша сатып алуға кейде қыруар ақша жұмсайды. Мысалы, Капитолий шыршасына Вашингтон қаласы қазынасынан бір миллион доллар жұмсалуы мүмкін. Forbes.ru сайтында «бүкіл елді аралап келетін табиғи шыршаны жеткізу, орнату, мыңдаған шаммен безендіру шығыны осы сомаға кіреді» деп көрсетілген. Бірақ бұл – әлемнің ең бай елінің ғасырлық дәстүрі.
XS
SM
MD
LG