Accessibility links

Данияр Ақышев ұлттық банкті басқарған 100 күн


Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.

Былтыр қараша айында тағайындалған Данияр Ақышев те ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов сияқты теңгеге қатысты «жағымсыз сценарийлер болмайды» деп уәде береді. Бірақ ұлттық валюта бағамында әзірше нығаюдан гөрі құлдырау тенденциясы басым.

Данияр Ақышев ұлттық банк төрағасы қызметіне кіріскеннен кейін жұмысын баспасөз жиындарын өткізу мен жергілікті телеарналарға сұхбаттар беруден бастады. Бұл долларға шаққандағы бағамы соңғы алты ай ішінде екі есе арзандап, әлемдегі ең нашар валюталардың бірі аталған теңгенің кезекті дағдарысы шарықтап тұрған кез болатын. Қазір кейбір жергілікті сайттар оқырмандардың Ақышевқа арналған сұрақтарын жинап жатыр, төраға жауабын ақпанның 12-сі күні беруге уәде еткен.

Қазақстанда девальвациялар легі басталғаннан бері жұртты көбінесе «Неліктен теңге бағамы Украинаның гривнасынан төмен?», «Теңге бағамының құбылуы қашан аяқталады?» деген сұрақтар мазалайды. Астананың бұл сұрақтарға қайтаратын кесімді жауабы жоқ.

АҚЫШЕВТІҢ ОПТИМИЗМІ

40 жастағы алматылық Данияр Ақышев ұлттық банк төрағалығына дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ол атқарған қызметтер тізімінде Орталық Азия қор биржасының жетекші экономисі, ұлттық банк төрағасының орынбасары, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі сияқты қызметтер бар әрі ол ұлттық банкке қарасты зерттеу және статистика департаменті мен «Қазақстан актуарлық орталығы» директорлары кеңесінде жұмыс істеген.

Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.

Ақышев Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «банк ісін ұйымдастыру» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген, мамандығы - экономист.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директоры Олжас Құдайбергенов ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов пен қазіргі төрағасы Данияр Ақышевтің арасындағы «кикілжің» жайлы жазып, теңгенің долларға шаққандағы бағамының бір күнде күрт құбылуына жол берген Ақышевтің кәсіби деңгейі туралы ойлануды ұсынады.

lsm.kz сайты Олжас Құдайбергеновтің «Бұған қоса, бағамның бір күн ішінде бұлай бес пайызға құбылуы «ұлттық банктің бағаны тұрақтандыруға қол жеткізу мақсатына қайшы емес» екен. Күрт девальвацияны талап етіп, бірақ бағаның қымбаттауы девальвацияның зардабы екенін терістейтіндердің позициясын ұлттық банк қисынды санайтын тәрізді. Егер теңге құлдырауы жалғасқан кезде де мұндай позициядан бас тартпаса, ұлттық банктің жаңа басшылығының кәсіби деңгейіне қатысты сұрақ туады» деген сөздерін келтіреді.

Оның айтуынша, теңгені әлсіретудің жайсыз зардаптарын мойындамағаны үшін ұлттық банктің бұрынғы басшылығы да әділ сынға ұшыраған, бірақ әлі жалғасып отырған бұл практика «халықтың ұлттық банк саясатына деген сенімін қалпына келтіруге көмектеспейді».

lsm.kz сайты Олжас Құдайбергеновтің «Тұтастай алғанда, мұндайға жол беруге болмайды, өйткені бұл басқару сапасын нашарлатып, келесі жаңа басшы қиын жағдайды өзінен бұрын жұмыс істеген адамнан көретін прецедентке айналады» деген сөздерін келтіреді.

ДЕДОЛЛАРИЗАЦИЯҒА ШАҚЫРУ

Алматыда өткен соңғы баспасөз жиындарының бірінде ұлттық банк төрағасы Ақышев «Қазақстанның төлем балансы тұрғысынан алғанда, қазір жағымсыз сценарийлердің көбі іске асып кетті» деп мәлімдеді. Ал Шымкенттегі баспасөз жиынында ол Қазақстан тұрғындарын «айырбастау пункттеріне жүгіре бермей, ақшаны ұлттық валютада сақтауға үйренуге» шақырған.

Қаңтарда «Нұр Отан» билік партиясы съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та азаматтар «теңгеге өмір сүруі тиіс, осымен тоқтап, йогалар сияқты терең тыныстап, долларды ұмытайық» деген болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы съезінде айтқаны (орыс тілінде):

Назарбаев: Забудем о долларах
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов бұл қызметте екі жыл отырды. Ол кеткеннен кейін жергілікті БАҚ-тарда «оның тұсында қазақстандықтар ұлттық валюта тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең үлкен құлдырауды бастан кешті» және «бір реттік девальвация – оның кәсіби қателігі» деген хабарламалар қаптап кеткен.

2014 жылдың маусымында Қайрат Келімбетов теңге - тұрақты, халықтың айырбас бағамына қатысты алаңдауына ешқандай негіз де, себеп те жоқ деп мәлімдеген болатын.

Келімбетов ол кезде «Ешқандай девальвация болмайтыны, мұның бәрі жай қауесет екені түсінікті ғой... Қазақстанда валюта саудагерлері девальвация болады деген қауесетті орта есеппен жылына 13 мәрте таратады» деп мәлімдеген.

Бірақ кейін теңге девальвациясы болған кезде Келімбетов «Қазақстанда социализм емес қой, ал бұл - жұрттың бәрін қорғай алмайтын нарықтық шешім» деп шыққан.

Қайрат Келімбетовтің ұлттық банк төрағасы кезі. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
Қайрат Келімбетовтің ұлттық банк төрағасы кезі. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Кейінірек ол 277 теңге деңгейіндегі бағамды «Қазақстан экономикасына тиімді бағам осы шығар, ал кез келген экономика жаңа курсқа, жаңа ақша-несие саясатына 6-12 ай ішінде бейімделіп алады» деп мәлімдеген. Бірақ биыл қаңтарда теңге тағы біраз құлдырайтынын Қазақстан халқы ол кезде білген жоқ.

Былтыр журналистер Келімбетовтен доллар бағамы мен ұлттық валютаның құлдырауы жайлы көп сұраған. Ол әлгі сұрақтарға берген жауабында Қазақстан резервтік валютаға айналған доллардан ешқашан бас тартпайды деп мәлімдеген.

«ЕРКІНЕ ЖІБЕРІЛГЕН» ТЕҢГЕ

Ал қарашаның 5-і күні, бұл жолы ұлттық банктің жаңа төрағасы Данияр Ақышевтің тұсында теңге бағамы биржадағы саудада 300 теңгеге дейін құлдырап, жаңа антирекорд жасады. Бір тәулік ішінде доллар 14 теңгеге қымбаттап шыға келді.

Былтыр тамызда ұлттық банк теңгені «еркіне жіберді». Бір доллар бағамы 240-250 теңгеге жеткеннен кейін Қазақстан қор биржасында (KASE) сауда көлемі бір күнде бірнеше миллион теңгеге күрт кеміді, бірақ теңге бағамы бұған қарамастан тез құлдырап, 285-ке дейін жетті.

Валюта бағамы жазылмаған табло жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 2015 жылдың қыркүйегі.
Валюта бағамы жазылмаған табло жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 2015 жылдың қыркүйегі.

Ал кейін, 2015 жылдың қазанында «іс жүзінде бюджетке немесе мемлекеттік компанияларға трансферт аясында жұмсалып жатқан ұлттық қордың ақшасы валюта бағамын ұстап тұруға жұмсалып жатыр деген жаңсақ түсінікке жол бермес үшін» ұлттық банк ұлттық қор валютасын нарыққа тікелей сату туралы шешім қабылдады.

Осы сәрсенбі, яғни ақпанның 10-ы күні ұлттық банк былтыр теңге долларға шаққанда «нақты 29,9 пайызға құнсызданды» деген хабарлама таратты. Сол күні валюта биржасындағы таңертеңгі сауда қорытындысы бойынша доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы 363,58 теңгені құрап, бір күн бұрынғы бағаммен салыстырғанда 3,19 теңгеге өсті. Бір жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанда доллар 185 теңгеден сатылған болатын.

Үкіметтің мәлімдеуінше, биыл қаңтарда бір баррелінің құны 31 доллардан арзандаған мұнай бағасы теңгеге қысымды күшейтіп тұр.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG