Accessibility links

Қырғыз төңкерісінің дабылы дүниеге жетсе де, көршісі Қазақстанға естілмейді


Наразылық ереуіліндегілердің бірі Бакиевтің әйелі Татьяна Бакиеваның суретін отқа жаққалы тұр. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.
Наразылық ереуіліндегілердің бірі Бакиевтің әйелі Татьяна Бакиеваның суретін отқа жаққалы тұр. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.

Қырғызстанда бес жыл бұрынғы халық толқуы тағы қайталанды. Бұл жолы қантөгіске жол берілді. Бакиев Орта Азиядағы басқа әріптестері сияқты өз өктемдігін күшейтумен айналысты, ондай биліктің ғұмыры әрдайым қысқа дейді қазақстандық сарапшылар.



Сәуірдің 8-де Қырғызстанда уақытша үкімет құрылып, президенттің, Жоғарғы кеңестің, парламенттің міндеттерін өз мойнына алғандығын жариялады. Бұл арада елдің оңтүстік өңіріне бас сауғалап кеткен президент Құрманбек Бакиев биліктен оңайлықпен кетпейтінін мәлімдеді.

АҚАЕВТЫҢ ҚАТЕЛІГІН ҚАЙТАЛАП, НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖОЛЫНА ТҮСУ


Қазақстандағы саясаттанушылар Құрманбек Бакиев осыдан бес жыл бұрын Қырғызстаннан Мәскеуге бас сауғалауға мәжбүр болған Асқар Ақаевтың қателігін қайталады деген пікірде.
Қырғызстанда уақытша үкіметтің басшысы Роза Отунбаева. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

- Құрманбек Бакиев президенттік болған бес жылда елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешумен бас қатырған жоқ. Естеріңізде болса осыдан бес жыл бұрын ол осындай төңкеріс нәтижесінде билік басына келгенде президенттік биліктің рөлін төмендетіп, президенттік-парламенттік билік құрамын деп уәде берген болатын. Сондай-ақ биліктегі қызметтерге тағайындаулар кезінде туыс-таныстарға басымдылық берілмейтіндігі мен елдің тұрмысын жақсартуды айтқан еді. Дегенмен уақыт өте біз бұл уәделердің тек сөз болып қалғандығын байқаймыз. Соңғы бес жылда президент Бакиев Орта Азиядағы көршілері секілді - президент билігін күшейтумен ғана айналысты, - дейді саясаттанушы Досым Cатпаев.

Оның пайымдауынша, Бакиев Қазақстанда орын алған көптеген жайттарды Қырғызстанда енгізе отырып, өзінің зерек шәкірт екендігін байқатты.

"Мәселен, басым бөлігі президенттік партиядан құралған, басқарып отыруға икемді парламент құрды. Бірқатар оппозиция жетекшілерін сыбайласқан жемқорлық айыбымен түрмеге отырғызып, осы арқылы елдегі оппозициялық қозғалысты әлсіретпек болды. Сондай-ақ дәл Қазақстандағы секілді елдегі тәуелсіз басылымдарға түрлі қысымдар жасалынды",- дейді Досым Сатпаев.

ЕНДІГІ БИЛІКТІҢ КӨҢІЛДЕН ШЫҒАРЫНА КІМ КЕПІЛ?

Саясаттанушы Қырғыз еліндегі кезекті төңкеріс халықтың қазіргі жүйеден шаршағандығын көрсетіп отыр дейді. Алайда, оның орнына келетін биліктің де қандай болары белгісіз.

Естеріңізде болса осыдан бес жыл бұрын Асқар Ақаев жүргізген саясатқа наразы халық оны елден шығарып тынған еді. Сол кездегі оппозиция жетекшілерінің бірі Құрманбек Бакиев те, қазіргі уақытша үкіметтің жетекшісі болып тағайындалған Роза Отунбаева да Ақаевтың кезінде мемлекеттік қызметтерде болғандықтарын екендігін ұмытпаған жөн дейді саясаттанушы.

- Революция асылында, қолданыстағы жүйені түгелімен өзгертіп, билікке толығымен жаңа азаматтардың келуін көздейді. Дегенмен іс жүзінде ол олай емес. Қазір Қырғызстанға жаңа билік келген күннің өзінде ол жерде бұрынғы билікте жұмыс істеген, бұрынғы жүйеден сабақ алған азаматтар болады. Сондықтан мен қазіргі белсенділерді халықтың шын жанашырлары деп айта алмаймын. Олар тек қалыптасқан жағдай мен тұтас халықтың наразылығын пайдаланып отыр. Сондықтан жаңа келетін басшылық Бакиевтың жолымен кетуі мүмкін деген қорқыныш бар, - дейді саясаттанушы.

ҚАЗАҚСТАН ҚЫРҒЫЗСТАННАН САБАҚ АЛСА

«Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин Қырғызстанда қантөгіске жол берген Бакиев үкіметін сынға алып отыр.
Бішкек көшелеріндегі милиция. 8 сәуір 2010 жыл.
- Қырғызстанның жағдайы, егер мына қан төгіліп, адам өлімі болмаса Қазақстаннан жақсы. Бұл естіген құлаққа бәлкім оғаштау көрінер, бірақ шын мәнінде қырғыз халқы өзінің халық екенін дәлелдеп отыр, бес жыл бұрын да, осы жолы да. Бакиев Ақаевтың саясатын қайталап қана қойған жоқ, одан да асып кетті. Отбасылық билік ақыр аяғында елді күйзеліске ұшыратты. Айналасынан ағайындарын, туған-туысы мен ұлына дейін маңызды орындарға отырғызып, соның кесірі қазіргі жағдай,-дейді Жасарал Қуанышәлин.

Оның пікірінше Қазақстан көрші елде болып жатқан толқулардан сабақ алуы қажет.

- Қырғыз бауырларымыздың басында болып жатқан жағдай олар үшін ғана емес біз үшін де үлкен сабақ болуы қажет. Себебі бізде одан сорақы, Ақаевтан да, Бакиевтен де сорақы отбасылық билеу жүйесі бар. Бізде билеп отырған биліктің де, өзін оппозиция деп жүргендердің де табиғаты бір - барлығы да «халық» деп емес, «билік» деп жүргендер. Сондықтан Қазақстан осы оқиғалардан сабақ алса игі , - дейді Жасарал Қуанышәлин.

"БІЗДІҢ ЖАҒДАЙЫМЫЗ ЖАМАН ЕМЕС"

- Қырғызстанда болып жатқан оқиғаның сипаты бірліктің жоқтығында. Қай кезеңде қоғамда бірлік болады? Тек әділеттілік болған кезде ғана! Меніңше Бакиев үкіметі осыны назардан тыс қалдырып қойған, - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов.
Ош қаласындағы митинг. 8 сәуір 2010 жыл.


Жұмыссыздық, халықтың әл-ауқатының нашарлығы жиналып келіп, тұрғындардың наразылын тудыратындығы анық деген депутат Қазақстанның жағдайы әлдеқайда жақсы дегенді айтып отыр.

- Ғылымда салыстырмалы коэффициент деген бар. Сол бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын қарайды. Мәселен, елдегі ең нашар тұратын 10 пайыз бен ең бай тұратын 10 пайыз адамдарды салыстырады. Екеуінің арасындағы айырмашылық 5 есе ғана болуы тиіс. Ал егер ол айырмашылық 10 есеге жетсе түрлі толқулар мен революцияға алып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның жағдайы жаман емес. Біздегі айырмашылық 8 -8,5 есе ғана, - дейді Камал Бұрханов.

Қырғызстандағы толқулар барысында қаза болған 70-тен астам адамның арасында Қазақстанның бір азаматы бар. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлімдеді. Оның сөзінше, Жамбыл облысының Мерке ауылында тұрған Илья Шиян деген азамат толқулар қарсаңында Бішкектегі туыстарына кеткен. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Шиянның отбасына көңіл айтты.
XS
SM
MD
LG