Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 03:01

САЯСАТ

Депутат интернет туралы заң жобасының пайдасына Азаттық директорының сөзін бұрмалап сілтеме жасады

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы прокуратураның интернетті бақылау құзыретін күшейтеді. Заң қабылданған жағдайда интернеттегі форум,чат, блогтар да БАҚ-қа теңестірілетін болады.

Мәтін көлемі - +
Заң жобасында көрсетілгендей, қадағалаушы мекеме заңға қайшы ақпарат шықты деп тапқан интернет ресурстарды сот шешімінсіз үш күннің ішінде жауып тастай алады. Жабылған веб-сайттың жұмысы үш айға дейін тоқтатылады. Осы аралықта сот белгілі бір шешім шығарғаннан кейін барып, интернет парақшаның тағдыры белгілі болады. Осындай өзгерістерді бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаев ел қауіпсіздігінің алдын алу деп отыр.

- Демалыс не болмаса мереке күндері интернет арқылы халықты жаппай заңсыз шеруге шақыруы мүмкін. Осы кезде соттың шешімін күтіп, қарап отырмаймыз ғой. Ол бірнеше күнге созылып кетуі мүмкін. Ия болмаса, сайлау болардың алдында үміткерлерді қаралайтын мақалалар шығуы мүмкін. Ал заңға сәйкес үміткер БАҚ алдына шыға алмайды. Сонда бір ақпарат үшін, үміткердің жолы кесіледі, оған қиянат болады, - дейді Асхат Дауылбаев.

Заң жобасындағы екінші өзгеріс интернеттегі жеке блог, форум, чаттар да бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріліп, «БАҚ туралы» заңға сәйкес жауапкершілік алады. Бұған қатысты Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев аталмыш чат, форум, блогтарда да түрлі ақпараттардың жарияланатындығын алға тартады.

- Егер шетел тәжірибесін мысалға алатын болсақ, олардың сайттарындағы форумдар да модератор арқылы қадағаланып, заңға қайшы келетін пікірлерді алып тастап отырады, - дейді Қуанышбек Есекеев.

Айта кету керек, елдегі сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері азаматтардың жеке блогын, пікірталас алаңын бұқаралық ақпарат құралына теңестіруге болмайды, ол адамның ой-пікірін жеткізуге мүмкіндік бермейді деген сөз, яғни, бұл Қазақстан Конституциясында жазылған баптарға қайшы келеді деп үндеу жариялаған болатын.

Алайда, осындай пікірлерге мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан парламент мінберінде төмендегідей уәж айтты:

- Таяуда Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауиннің «Тасжарған» газетінде сұхбаты жарық көрді. Онда Мағауин мырза журналистің сұрағына былай деп жауап береді: «Өткен жылдан бастап, Азаттық радиосы өз тарихында болмаған жаңалықпен жұмысын бастады. Яғни интернет желісінде хабар тарататын жаңа құрылымын іске қосты. Мұны ақпарат тарататын БАҚ саласындағы ең тиімді жүйе ретінде бүкіл әлем мойындап отыр».

Қадірлі әріптестер, мұны айтып отырған – сөз бостандығының үлгісі деп саналатын Азаттық радиосының бас директоры Едіге Мағауин. Ол интернетті ақпарат тарататын БАҚ деп мәлімдеді және әлем мойындаған жүйе деп растады. Ендеше, интернетті «БАҚ туралы» заң аясында қарау - дау туғызбайтын шындық. Осындай тайға таңба басқандай етіп айтылған сөздерден кейін пікір таластырудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын, - деді Уалихан Қалижан.

Дегенмен, мәжілісте интернет желісін реттейтін заң қабылданса, сөз бостандығына шектеу болады дейтін депутаттар да табылды.

Мәселен, Владимир Нехорошев жаппай тосқауылдың салдарынан үкіметтің сайттары да жабылып қалуы мүмкін деген пікірін білдіреді.

- Сөз бостандығы саңырауқұлақ емес, қайсысы улы, қайсысын жеуге болады, болмайды дейтін. Оның үстіне үкімет бұған шығын кетпейді дейді. Алайда, құстар ғана тегін сайрайды. Реттеуші мекеме қалайша бұл істі тегіннен -тегін қолға алып отыр?! - деді Нехорошев.

Бірақ, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуаныш Есекеевтің сөздеріне қарағанда, заң жобасы қабылданбай жатып, бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып, бөлініп те қойыпты. Ал аталмыш заң жобасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына қайшы келеді деген пікірге, Есекеев дамыған елдер қатарына қосылатын Германия мен Францияның өзінде азаматтың ар-ожданына тиетін ақпарат үшін қылмыстық жаза қарастырылғандығын алға тартты.


ЕДІГЕ МАҒАУИННЕН БІР АУЫЗ СӨЗ

Әдейі ме, әлде кездейсоқ па депутат Қалижан менің сөздерімді бұрмалап отыр. Қалай болғанда да, ол мен айтқан ойдың өңін айналдырып жіберген.

Біріншіден, сұхбат радио бола тұрып, не себепті біз интернетке көңіл аудара бастадық деген тұрғыда болған.

Екіншіден, сөз не жайында болып жатыр - БАҚ-ның интернет парақшаларындағы форумдар туралы ма, болмаса жеке блогтар мен чаттар турасында ма?

Шындығында, Батыста бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің интернет парақшаларындағы форумға келген комментарийлерді шығармас бұрын електен ( премодерациядан ) өткізіп алады және бұл бір ғана мақсатпен жасалады – зорлық-зомбылыққа, арандатушылыққа жетелейтін шақыруларға жол бермеуге, порнографиялық, біреуге күш көрсету, ар-намысына тию, жәбірлеу, дискриминациялық пиғылдағы жазбаларды жарияламас үшін жасалады.

(Азаттық радиосы да осы талаптарды ұстанады. Біз оқырманның пікірталасқа қатысқанын құптап қарсы аламыз, бірақ осы ережелерді басшылыққа алуларыңызды сұраймыз және пікірлеріңіз бірден жарық көрмей жатса, сәл шыдамдылық танытыңыз, талаптарға сай комменттер міндетті түрде жарияланады).

Ал биліктің еркін пікір алысу мен ақпарат алмасуды бақылауға алғысы келетіндігі тұрғысында, әрине әңгіме басқа. Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаушылардың мәлімдеуінше, бұл арада (заң жобасын талқылу барысында) дәл осы нәрсе айтылып отыр.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Арыстан
30.04.2009 00:24
+0 / -0
Е..бұлардың бәрі сайланбай тұрып, арнайы кабинетке кіріп, роботтың келбетіне саймын деген ант қабылдайды, одан кейін ғана, өз елін талауға үйрететін заңдарды жаттайды. Сосын барып қарттарға, жалғыз басты аналарға, жетімдерге және қоғамның қауіпті жағдайлардан қорғалмаған жиынтығана бөлінетін қаражатты жымқыруды үйренеді. Одан кейін ғана ол адам не министр не депутат болдып шыға келеді. Ал егер жолы болып біздің президенттің көзіне түссе онда ол өзі туған елінің азаматына шырылдатып тұрып қылбұрау салу өнеріне үлкен жетістікпен қол жеткізеді. Түбінде бір сыңғыр............. қолдарыңа қуат берсін,,, ағалар.

Кімнен: Ақыл айтар Қайдан: Ертіс бойынан
30.04.2009 11:33
+0 / -0
Бұл арада сондай даурығудың, шу көтерудің қажеті жоқ. Әрине, БАҚ-тың жұмысына бақылау қажет. Бетімен жіберуге болмайды. Кейде интернетте, соның ішінде болгтар мен чаттарда пікір білдірген тараптар ұлт пен елдің тұтастығына нұқсан келтіретін, ұлт намысын таптайтын пікірлер айтып жатады. Сондықтан осы тұрғыдан қатаң бақылау қажет.

Кімнен: Қалаубек Қайдан: Алматы
30.04.2009 20:02
+0 / -0
Депутат басымен Қалижан мырзаның Азаттық радиосы басшысының ойын бұрмалап өз пайдасына шешкісі келгені әбден ұят болған. Қазір халық қалаулысымыз деп жүрген депутаттар БАҚ тың үнін өшіру үшін бәріне баруға әзір. Мына Қалижанның да депутат болғандағы не бітіргенін білмеймін. Биліктің жандайшабы болып алған. Менің ойымша Азаттық радиосының қабылданғаны жатқан интернет туралы заңды қолдап сөйлеуі мүмкін емес. Мұны Қалижан Азаттықтың беделін төмендету үшін, өзінің жаман мақсатын жүзеге асыру үшін қасақана жасаған.

Кімнен: Уалихан Қайдан: Астана
30.04.2009 21:36
+0 / -0
Әй, осы депутаттарда ұят жоқ! Ұят жоқ. Шетінен екіжүзді. Уалиханды ауылына қой бағуға жіберу керек. Ауылындағы қойларды алдасын мұндай өтірігімен. Мы не бараны.

Кімнен: Нұржол Қайдан: Астана
02.05.2009 00:27
+0 / -0
Ғаламтор бетін толықтай байқылаймын деген өтірік, оны қадағалаймын деген де өтірік. Көп болса, көксегені бір сайт болар, соны сылтауратып, өздеріне тас тиместің тірлігін жасап отыр ғой.

Кімнен: Қазақ
02.05.2009 20:05
+0 / -0
"заң жобасы прокуратураға интернетті бақылауын күшейтеді"
мүмкін прокуратураның интернетті бақылауын күшейтеді - деген дұрыс болар:))
Емле қайда? үтір, тырнақша, төл сөз бен төлеу сөздің арасын айыру қиын боп кетті ғой

Кімнен: Шыназ Қайдан: Астана
04.05.2009 10:04
+0 / -0
Интернеттен алатын ондаған миллион ақшалар жетпей жатқанығой, сол осы анекдоттарын шығарып жатқанығой қайта қайта :)))))))))))))

Кімнен: Қазақ
04.05.2009 18:44
+0 / -0
мағыналық қателікті түзегендеріңізге рахмет