Accessibility links

Ермұрат Бапи: Халықтың нан сатып алуға қандай құқығы болса, ақпарат алуға да сондай құқығы бар.


Ермұрат Бапи "Тасжарған" газеті редакциясының терезесіне әлдекімдердің оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 ж.

Ермұрат Бапи "Тасжарған" газеті редакциясының терезесіне әлдекімдердің оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 ж.

2001 жылдың 3-ші сәуірінде Алматы қаласының Жетісу аудандық соты журналист Ермұрат Бапиды «ҚР президентінің ар-ожданына нұқсан келтірді» деген айыппен Қылмыстық кодекстің 318-бабының 2-тармағы бойынша бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын. Және осы айыптауға байланысты сол кездегі «Солдат» газеті де шығуын тоқтатқан еді. Содан бері сегіз жыл өтті.

«Дат» жобасының басылымдары жарық көрген он бір жылдың ішінде сан мәрте «тонын айналдырып» киіп, өз атауын бірнеше рет өзгертуге мәжбүр болды. Осылайша алғашқы «Даттан» бастау алған газет «Иртыш», «Арна», «Бота-Дат», «СолДат», «Жұма-Таймс», «Айна-плюстерден» кейін бүгінгі «Тасжарғанға» айналды. Азаттықтың сұрақтарына жауап берген газеттің «Бас оқырманы» Ермұрат Бапи басылымның айналасындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.

– Ермұрат мырза, осыдан сегіз жыл бұрынғы сот шешімінің шығуына не себеп болып еді?

– Негізінде, соттың бұл шешіміне сол кезде жарық көрген «Қазақгейтке» байланысты жарияланымдар мен «Солдат» газетіндегі Кәрішал Асановтың «ФЗУ-шник планетарного масштаба» атты мақаласы себеп болды. Бұл мақалада автор елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаев ФЗУ-ды (Фабрично-заводского ученичества школы) ғана бітірген және сол адам біздің елді басқарып отыр деген тұрғыда жазған еді. Бұл жарияланымда соншама шала бүлінетіндей ештеңе жоқ еді, бірақ сол кездің саясаты солай болды да, мені шартты түрде бір жылға бас бостандығымнан айырды, Кәрішал ағаны жасына байланысты жазадан босатты, ал газетті жауып тынды.

– Атауын бірнеше рет ауыстырған газеттің бүгінгі ұстанымы қандай?

–«Дат» жобасындағы басылымдардың жарық көргеніне осы жылдың 16 сәуірінде он бір жыл толады. Бұл аралықта басылымның атауы бірнеше рет өзгерді, 1999 жылғы сайлау кезінде биліктің қысымымен 2-3 саны ғана жарық көріп жабылған газеттеріміз де болды және бұларды біз Бішкек, Самара, Қорған, Барнауыл сияқты жақын шетелдердің қалаларында басып шығардық.

«Тасжарған» «Дат» сауда белгісінің атауы бойынша он бірінші басылымы. Осы жобада жұмыс істеген журналистердің де, газеттердің де он бір жылда көрмеген құқайы жоқ деп айтуға болады. Ал енді бүгінгі газетке қатысты айтар болсам, бізде бір елдің ішінде «ала қойды бөле қырыққандай» ой тудырайық деген алабөтен ұстаным жоқ, басылымның мақсаты — балама ақпаратты елдің құлағына жеткізу.

Себебі біздің билік мақтанып айтатын елдегі 5000 басылымның 4995-і биліктің жақтаушысы, қалған 5 газет қана елдегі болып жатқан оқиғалардың көлеңке жағын көрсетіп, сол туралы нақты ақпар беруге тырысады. Біздің мақсатымыз да осы. Халықтың нан сатып алуға, дүкеннен сауда жасауға қандай құқы болса, ақпарат алуға да сондай құқы бар. Ақпарат деген тәуелсіз болуы керек және оны халық тәуелсіз тұрғыда тұтына білуі тиіс, біз көпшілікті мейлінше балама ақпаратпен қамтуды мақсат етіп отырмыз.

– Қазақстанда жарық көретін басқа оппозициялық басылымдармен сіздердің араларыңызда бәсекелестік бар ма?

– Жалпы, елде 4-5 қана оппозициялық басылым бар ғой, өзіміз аз болғандықтан бізде бәсеке жоқ деп есептеймін. Қалған басылымдар биліктің маңында болса, біз бір-бірімізбен бет жыртысып жатсақ бұл түсініксіз жай болар еді. Оппозициялық басылым аз болғандықтан, оларға деген оқырманның сұранысы қатты, сондықтан бұл газеттер нарықтың есебінен өз алдына күн көріп отыр.

Биліктің бөліп беретін мемлекеттік тапсырыс, тендер дегенінен біз қағылғанбыз, тәуелсіз ақпаратқа сусап отырған оқырман газетті алады. Сұраныстың болғанынан шығар, қазір біздің ресми таралымымыздың өзі 45 мың, «Свобода слованың» таралымы 80 мыңның үстінде. Біз әріптес басылымдармыз, кейбір жарияланымдарды қалай беру туралы ой бөлісіп, пікір алысып отырамыз, сондықтан бақталастық жоқ деп санаймын.

– Ермұрат мырза, соңғы уақытта «Тасжарғанмен» соттасушылар саны тіпті көбейіп кетті, солардың бірі — мәжіліс депутаты Ромин Мәдиновтің талабы туралы не айтасыз?

– Оныңыз рас, соңғы бір жылдың ішінде біздің газетке қатысты алты бірдей сот болды. Соның ішіндегі айта кетерлігі, мәжіліс депутаты Ромин Мәдиновтің бізге қойған талабы. Бұл жерде ерекше ескере кететін бір жағдай аудандық сот Мәдиновтің талабын орындау жөнінде шешім шығарса, қалалық сот өмірі болмаған, сот өндірісінде болып көрмеген жаңалық ашып, 3 миллион теңгені 30 миллионға көбейтіп жіберді. Егер қалалық сот аудандық соттың шешіміне наразы болған жағдайда, тәртіп бойынша қолданылған жаза талапқа сай емес деп, бұл істі қайта қарауға жіберу керек болатын, бұл жерде олай болмай тұр.

Осыған қарап-ақ бұл шешімнің артында Мәдинов қана емес, Қазақстанның жоғарғы билігінің адамдары тұрғанын байқауға болады. Өйткені Мәдиновке бұл туралы айтпаған адам жоқ, Алматыдан барған оппозицияның өкілдері Болат Әбілов пен Асылбек Қожахметовтер, сондай-ақ елдің ішіндегі ақсақалдар да онымен сөйлесті, менің естуім бойынша қазір ол «Тасжарған» туралы айта бастағаннан екі қолын төбесіне қойып қашатын дәрежеге жетіпті. Бірақ оның кері қайтатын амалы жоқ, депутаттың атымен соттау биліктің өзіне де жеңіл болады ғой.

Егер де Еуропалық қауымдастық «газетті неге жаптыңдар?» дей қалса, «біз жапқан жоқпыз, депутатпен соттасты» деп айтуларына жақсы. Соның салдарынан биліктің қыспағымен, қиянатымен жасалып отырған жағдайға тап болып отырмыз. Бұл шешімнің артында президент әкімшілігі, президенттің өзі тұрғанын мен айта аламын. Бірақ газетті жауып тастаса да қиналайын деп тұрған мен жоқ, ертеңіне осы «Дат» сауда белгісімен басқа газет шығарамын және ол да осы тиражбен сатыла береді.

Сондықтан да мен биліктегілерге, президент әкімшілігіндегілерге, Мәдинов сияқты далбаса тірлікпен айналысып жүргендерге, «маймылдың мехнаты» сияқты шаруамен айналысып қажеті жоқ дегім келеді. Американдықтардың «баспасөзбен қақтығысып керегі жоқ, өйткені олардың бітпейтін бір бөшке сиялары бар» дейтін сөзі бар, сол сияқты біздің сиямыз бітпейді және запаста тұрған басылымдарымыз да бар.

– Енді әрі қарай не істемек ойларыңыз бар?

– Қазір біз қалалық соттың қадағалау алқасына шағым түсірдік, егер сот талапты осы күйінде қалдыратын болса, бір депутаттың айтқанымен біздің 200 мың долларды бере салып қарап отыратын жағдайымыз жоқ және ондай құлқымыз да жоқ, одан да сол ақшаға басқа газет шығарамыз. Сот пен биліктің төңірегінде жүрген азаматтар ақылға келіп, президентке «мына алқын-жұлқын тірлікті қояйық» деп ескертіп, одан да Бапимен, оның газетімен тіл табысайық деген мәміле табады деп ойлаймын.

– Газетке қатысты оқиғалардың ешқайсысы сізді айналып өтіп жатқан жоқ, жеке басыңызға да тіпті көлігіңізге де ылғи қауіп төндіріліп келеді, бір кездері журналистік жұмысыңызға да тиым салынды. Шыныңызды айтыңызшы, шаршаған жоқсыз ба?

– Оқ ату, көлігімді жару деген жағдайлар болып жатыр, мен мұны өзіме жарнама жасайын, даңқымды шығарайын деп айтып отырған жоқпын. Сұрағыңызға орай айтарым, әрине, мұндай тірліктің бәрі шаршатады, бірақ бастап қойған шаруаны тастай алмайсың, кейін қайтуға жол алыс дегендей, әйтеуір көкжиек көрініп қалды ғой, жақындап қалдық деген үмітпен алға жылжып бара жатырмыз. Сотты да болдық, оқ та атылды, қуғын да көрдік, оның бәрінен менен бұрын отбасым шаршайды.

Бірақ «үш күннен кейін көрге де үйренеді» демекші, он бір жылдан бері биліктің құқайына да қудалауына да көндігіп қалдық. Дегенмен Қазақстан басшылығы ЕҚЫҰ-на төраға болғаннан кейін доғал мінезін доғарып, жөнге келіп қалар, оппозициялық басылымдармен тіл табысып, елдегі кемшілік, қиянаттардың бәрін бірлесіп ашып көрсетуге билік те мүдделі болатын шығар деген мәңгілік үмітім бар, оның қашан орындалатынын тағы білмеймін.

– Ермұрат мырза, қоғамда оппозицияның қарқыны басылыңқырап қалды деген пікір ішінара естіліп қалады, сіздіңше қазіргі оппозицияның пәрмені қаншалықты?

– Тәуелсіз журналист ретіндегі көзқарасыммен айтар болсам, анау 90-жылдардың аяғындағы Әкежан Қажыгелдиндер көтерген «Назарбаевсыз Қазақстан» деген ұран қазіргі оппозицияда, әрине, жоқ. Қазіргі оппозицияның стратегиялық мақсаты да өзгерді деп ойлаймын. Бұрынғыдай алақұйын боп, қылышты қолға алып «уралаудан» түк шықпайтынына көз жетті. Себебі, Қазақстанда оппозиция халықты соңынан ертіп кете алмады.

Оның бір себебі, бұқаралық ақпарат құралдары айтып-жазып жүргендей, елдегі мұнай халықтың жағдайын біршама жоғары ұстап тұрғандықтан, яғни тоқ адам бар, тоқмейілдер мен аштар да бар деген сияқты, дегенмен елдегі осы қатал да құйтырқы саясаттың салдарынан, бір отбасы бір мұғалімнің табысына қарап отырған жағдайда ертеңгі күні нансыз қалмас үшін оппозицияның төңірегіне жолай да алмайды.

Осының зардабынан халық оппозицияның соңынан ере алмайды, сондықтан да оппозиция өзінің саясатын өзгертіп, елдің басында отырған Назарбаевқа дағдарыс жағдайына, демократия, азаматтық қоғам мәселесіне байланысты бірігіп жұмыс істейік, елді бірлесе дамытайық деген ұсыныстар жасап отыр, оны биліктің қаншалықты қабылдайтыны белгісіз. Билік дегенде бұл жерде жалғыз Назарбаевты айтуға болмайды, оның төңірегінде де түрлі адамдар бар.

Ел президенті азаматтық қоғамды қалыптастыруға, демократияны орнатуға мүдделі шығар, бірақ оның қасында желпуішін алып жұлқынып жүргендер «елдегі жағдайды өзіміз-ақ бақылаймыз, бәрін жүзеге асырамыз» деген сияқты түрлі уәждермен оның аузын алады, президент те адамның баласы, маңайында бірге жұмыс істеп жүрген топырлаған шенеуніктердің сөзіне сенеді. Бірақ ел түгелімен оппозицияны толық қолдамаса да, бәрінің ішінде бір қыжыл жатыр, ол запыран бір күні төгіледі.

Оның үстіне халықаралық қауымдастықтар да елдегі оппозицияның осындай пәрменсіз жағдайға тап болғанын көріп, билікпен көбірек жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда бәрінің мысалда айтылғандай, «не ишак не падишах өлетін» күнді күтіп жүрген жағдайы бар.

Осы сәуірдің 11-12-де елдегі оппозициялық партиялардың республикалық форумы өтеді, онда оппозициялық партиялардың бірігуі жөнінде сөз болады деп жоспарланып отыр. Мен осы форумға үлкен үмітпен қараймын. Талқылау мен ой қорыту барысында осы партиялар бірігіп, елде біріккен демократиялық саяси күш құрады және билік бұл күшпен санасуға мәжбүр болып, ел ішінде әлдебір өзгеріс болады деп ойлаймын.

– Жүрегіңізге қолыңызды қойып айтыңызшы, Сіздің жасап жүрген әрекеттеріңіздің бәрі не үшін және мақсатыңыз не?

– Менің мақсатым – газетімнің ұстанымынан алыс емес, яғни тағы да қайталап айтамын, алабөтен мақсат жоқ менде. Ешкім менен асқан газет шығармады деп кеуде соғатын жағдай және жоқ, әу бастағы қалаған тірлігім тәуелсіз газет шығару болды, соны қолға алдым, осы жолда талай теперіш көріп, соққы да жедім, сотталдым да. Жеке өзім 3 рет қылмыстық, 3 рет азаматтық, 16 рет әкімшілік сотқа тартылдым.

Осының бәрінен өтіп, шаруаны жарты жолға тастап, осы жеген тұзым да жеткілікті деп аттың басын кері бұрып кетіп қалатын ойым жоқ. Не үшін дегенге келсек, менің атқарып жүрген тірлігім елдегі мыңдаған оқырманға өзінің айналасында болып жатқан оқиғаның іші-сыртын, көлеңке-күнгейін ашып көрсету арқылы көпшіліктің көзін ашу, ой тудыру, елдің бет-бейнесін дамып бара жатқан көкжиекке қарай жетелеу мақсатынан туындаған.

– Сұхбатыңызға рахмет, Ермұрат мырза!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG