Accessibility links

Степногорск түрмесіне түскен тұтқын он күннен кейін жұмбақ жағдайда көз жұмды


Атбасардағы қатаң тәртіптегі колонияның қақпасы. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Атбасардағы қатаң тәртіптегі колонияның қақпасы. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Марқұмның туыстары денесі соққыдан көгерген Дмитрий Ракишевтің «аурудан қайтыс болғанына» сенбейді. Олар сот-медициналық сараптама жүргізуді талап етіп отыр


«Прокуратура қайтадан сараптама өткізуге қарсы еместігін білдіріп, қол қойып берді. Енді қолда бар деректерді жинап, Астананың тәуелсіз сараптама орталығына жазбақшымыз. Неге десеңіз, Көкшетаудың облыстық орталығына сеніп отырған жоқпыз. Әр облыс өзін таза қып шығарғысы келеді» дейді есімін атамауды жөн көрген азамат мамырдың 11-і күні.

КҮДІК

Алғашқы жүргізілген сот-медициналық сараптама 31 жастағы Дмитрий Ракишевтің «пневмониядан қайтыс болғанын» көрсетіпті. Бірақ туыстары бұған сенбейді. Олардың айтуынша, Ракишев түрмеде болған он күннің ішінде «пневмония жұқтырып», бірден қайтыс болуы мүмкін емес. «Бізге әлі күнге дейін мәйітін көрсетпей жүргені де күдік тудырады» дейді олар.

– Мәйітті бізге көрсетпейді. Бұлар (полиция – Азаттық) «Әкесіне хабар айттық. Әкесі келіп, мәйітті таныды» деп жазған. Бірақ біз бүгінге дейін мәйітті көрген емеспіз. Өздері жасырып, қорытынды құжаттарын жасап жатыр. Қорытындыда оның жарақат алғанын да жазбаған. Өтірік басқа ауруларды жазады. «Тамыры ісіп кеткен» дейді. Тергеуші де қашып жүр. Соған қарағанда былықтары болғаннан кейін қашып жүрген болар, – дейді марқұмның туыстарының бірі.

ЖҰМБАҚ ӨЛІМ

Бізге жеткен ақпарат бойынша оқиға былай болған. Сәуірдің 28-і күні бұрындары шартты түрде сотталған Степногорск тұрғыны 31 жастағы Дмитрий Ракишев полицияға кезекті мәрте тіркеліп кету үшін келген кезде, «іздеуде жүр» деп, оны уақытша қамау изоляторына қамайды. Туыстарының айтуынша, ол мамырдың 5-іне дейін аман-есен болған, «әке-шешесіне де екі рет хабарласыпты».

Дмитрий Ракишевті көз жұмарынан бір күн бұрын, яғни мамырдың 7-сі күні тергеу ісі жетекшісінің бақылауымен қалалық ауруханаға жеткізеді.
...тұтқынның екі қабырғасы сынып, денесінің көптеген жерлері көгеріп қалған екен.
Дәрігерлермен сөйлескен туыстарының айтуынша, тұтқынның екі қабырғасы сынып, денесінің көптеген жерлері көгеріп қалған екен. «Бірақ соған қарамастан полиция оны ауруханада қалдыруға рұқсат бермей, көргендерін қағаз бетіне түсіруге тыйым салыпты». Келесі күні таңертең Дмитрий Ракишевті түрмеде өліп жатқан жерінен табады. Ал ата-анасы ұлдарының өлгенін тек бір жарым күннен кейін ғана естіпті.

Туыстарының айтуынша, Дмитрий Ракишев түрмеге түскенге дейін сап-сау болған. Олардың қолында мұны дәлелдейтін анықтама, құжаттар да бар. Олар жақындарының неден көз жұмғанын анықтау мақсатында сотқа жүгінуге дайын екендіктерін айтады.

«Дмитрий Ракишевті не себепті ұрып-соғуы мүмкін?» деген сұрағымызға туыстарының бірі былай жауап берді:

– Дима полициядан қатты қорқатынын айтатын. «Үнемі бізді ұрады. Ашылмаған істерді «мойындарыңа алыңдар, қол қойыңдар» деп қинайды дейтін.

Азаттық тілшісі осыдан кейін Степногорскідегі изоляторға хабарласқан еді, бірақ ешқандай жауап ала алмады.

«ҚАРАПАЙЫМ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ»

Степногорск түрмесіндегі жағдайды сынаған құқық қорғаушы Анар Ибраеваның айтуынша, мұндай жайттар бұл өңірде жиі болады.

– Бұл жабық мекемедегі қысым туралы арыз-шағымдар бізге бірінші рет түсіп отырған жоқ. 2009 жылы наурыздың 20-сы күні уақытша қамау изоляторына
Құқық қорғаушы Анар Ибраева. Астана, 7 желтоқсан 2010 жыл.
қамалған Андрей Семенихинге есірткі таратуға байланысты қылмыс жасағанын мойындату үшін қысым көрсетілген. Бірақ ақыр аяғында Семенихинге қысым көрсеткен адамдар емес, сотталушының өзі жазаланды, – дейді Анар Ибраева.

Қазақстанның қысымға қарсы халықаралық құжаттарға қол қойғанын еске салған құқық қорғаушы жазалау мекемелеріндегі «адам төзгісіз жүйені» сынайды.

– Степногорск қаласындағы полиция өздерінің өкілетін асыра пайдаланып, жазаға тартылмай келеді. Қысым жасалды деген фактілер жылдам, тәуелсіз әрі нәтижелі зерттелмейді. Бұл жерде прокуратураның да рөлі зор. Мемлекеттік органдар қарапайым адам құқықтарына сый-құрмет көрсетпей, қысымға қарсы халықаралық стандартты жоққа шығарады. Зәбір көрген азаматтар сот арқылы қорғалмайды. Себебі сот процесінде олардың куәліктері жоққа шығарылатынын тәжірибе көрсетіп отыр, – дейді Анар Ибраев.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG