Accessibility links

Екі оқушы күннен қуат алатын пеш жасады


Александр Гловацкий мен Иван Щедрин, теміртаулық оқушылар.
Александр Гловацкий мен Иван Щедрин, теміртаулық оқушылар.

Орталық Қазақстандағы мектептің бірнеше оқушысы күн сәулесінен қуат алатын пеш ойлап тапты. Оған су қайнатуға да болады.

Немере ағайынды Иван Щедрин мен Александр Гловацкий - экологиялық жобаларға бұрыннан қызығып, конструктор болуға талпынған балалар. Қазір Иван 15 жаста, Александр - 14-те. Екеуі де Теміртаудағы экологиялық бағыттағы 16-мектепте оқиды. Олар саяжайлар мен жер үйде тұратын адамдардың кәдесіне жарайтын, ресурс үнемдейтін құрылғы жасап шығаруды қолға алған.

КҮН ПЕШІ МЕН КЕПТІРГІШ

Оқушылар өздерінің екі идеясын - күн қызуымен жұмыс істейтін пеш пен кептіргішті құрастырып та қойды. Олар қажетті ақпарат пен кеңесті кітаптар мен эколог мамандардан алған. Оқушылар бұл құрылғыларды саяжайда, үйде және көршілерінің үйлерінде сынақтан өткізген.

Балалар «Электр энергиясы мен газды қажет етпейтін пеште су қайнатып, тамақ ысытуға болады» дейді.
Өзіміз тәжірибе жасап көрдік. Стақандағы суық су 12 минутта қайнады
Жас конструкторлар

- Фанера немесе картоннан жасалып, қара түске боялған қорап күн сәулесін жақсы тартады. Қораптың іші пенопластпен қапталады да, күн сәулесі бір нүктеге шоғырлану үшін қабырғаларына фольга қағазы желімделіп, үсті шыны әйнекпен жабылады. Өзіміз тәжірибе жасап көрдік. Стақандағы суық су 12 минутта қайнады, – дейді Иван Щедрин.

Күн сәулесімен жұмыс істейтін кептіргіште көкөніс, жеміс-жидек, көк шөп пен балықты кептіруге болады.

- Мұндай кептіргіштің бір артықшылығы, оған құрт-құмырсқа кірмейді, қыл-қыбыр, топырақ түспейді. Экологиялық тұрғыдан таза өнім шығады. Кептірген өнім көгермейді. Онда желдеткіш сияқты нәрсе бар. Оны кептіргіштің ішіндегі шелектің жанына қоямыз, - дейді Александр Гловацкий.
Теміртаулық өнертапқыш оқушылар жобаларын сынап көріп жатыр.
Теміртаулық өнертапқыш оқушылар жобаларын сынап көріп жатыр.

Оқушылардың пікірінше, «күн пеші мен кептіргіш тұрмыста қолдануға қолайлы». Олардың көмегімен қысқы азық қорын дайындап, табиғи ресурстар мен отбасы бюджетін үнемдеуге болады. Конференцияға қатысушылардың кейбірі екі оқушының жобасына қызығушылық танытты.

Презентацияға қатысқан бақшасы бар адамның бірі «бұл кептіргіште балық та ыстауға болады» деген ұсыныс айтты. 16-мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Алма Мәженова «кептіргіште қазақтың ұлттық тағамы - құртты да кептіруге болады екен» дейді.

- Әдетте құрт кептіру көп уақытты алады ғой. Қатықтың сары суын сорғытып, құрт жасап, оны күн көзіне жайып кептіреді. Мұндай кептіргіште құртты ұзақ сақтауға болады, шыбын-шіркей де түспейді, - дейді Алма Мәженова.

«МИНИ-ГРАНТТАР КӨМЕКТЕСТІ»

Оқушылардың жобаларының кейбірін іске асыруға қаржы қажет болған. Мини-грант түріндегі көмек ақшаны халықаралық экомектеп бағдарламасы бөлген. Бірақ жобаларды ары қарай дамытуға бұл ақша жетпейді.

Елена Варганова, теміртаулық мұғалім.
Елена Варганова, теміртаулық мұғалім.
— Егер мектепте мұндай кептіргіштерді жасайтын материал болса, оларды сатуға да болушы еді. Бірақ әзірше мұндай мүмкіндік жоқ, - дейді экология пәні мұғалімі Елена Варганова.

Жас өнертапқыштар келешекте демеушілер табылар деп үміттенеді. Олар «жобамыздың шығыны аз, пайдасы көп» дейді. Оқушылар жасаған күн пештері мен кептіргіштер атмосфераны ластамайды, электр қуаты мен газды, демек табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мектеп мұғалімдері «кептіргіш немесе пешті сатып алғысы келетін адамдар өзінің материалын әкеліп, жас экологтарға тапсырыс беруіне болады» дейді.
XS
SM
MD
LG