Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 04:06

ҚАЗАҚСТАН

130-дағы Сахан Досоваға Қарағандының сыйлығы - қарттар үйіне орналастыру

27 наурызда Азаттық тілшісінен кейін, британиялық БиБиСи, Түркия, Ресей журналистері де Сахан әженің аядай үйінен табылды. Ал Қарағанды қалалық қамсыздандыру бөлімі ғасырдан да ұзақ жасаған анаға пәтер кезегі келгенше, қарттар үйінен орын ұсынып, 10 мың теңге қаржылай көмек берді.

Ғасырдан да ұлы Сахан Досова 130-шы туған күнінде құттықтаулар қабылдады. Қарағанды, 27 наурыз, 2009 жыл.
x
Ғасырдан да ұлы Сахан Досова 130-шы туған күнінде құттықтаулар қабылдады. Қарағанды, 27 наурыз, 2009 жыл.
Мәтін көлемі - +
130 жасқа толған планетаның ең қарт тұрғыны - қарағандылық Сахан Досованың бір күні

Таңертеңгілік Сахан әжені туған күнімен құттықтауға үлкен қызының қызы Гүлғайымнан өзге ешкім келе қоймапты. Кейуананы сол өзі тұрып жатқан үйдегі, өзінен басқа, 10 жан шүйіркелесіп ортаға алып жатыр екен. Үйдегі екі мүгедек немересі Құрал мен Жұмагелді Аймақашев, Нүкен Әлкешовалар алғашқы гүл шоқтарын табыстап жатса, шөбере келіндері ас әзірлеп жүрді.

Біз барғаннан 7 айлық шөпшегі Нұрым Сахан әжейдің алдынан түспеді. 
Сахан әжемен бірге шөбере келін Айым мен шөпшегі Нұрым. Қарағанды, 27 наурыз, 2009 жыл.


Нүкеннің айтуынша, Сахан әжей өзінің көзі тірі үш баласының қайсысын қай жылы дүниеге әкелгені есінде қалмаған. Білетіні тек олардың барлығы соғыстың алдында туылып, соғыс басталғанда алды естерін біліп қалған.

Ал куәліктері бойынша үлкен қыз Күлкен 1936 жылы, одан кейінгі ұл Оразғали 1939 жылы, кенжесі Қания 1943 жылы дүниеге келді деп жазылған екен. Тағы бір айта кететіні Сахан әже немістермен қоса, ауылымызды ақтар кеп бір мазалап, қызыл әскер бір тінтіп кететін, соғыс болған ол кезде деп, есіне түскен оқиғаларды үзік-үзік айтып отыратын көрінеді.

Осылайша мәре-сәре болып отырған отбасын тойымен құттықтауға Қарағанды қаласы әкімшілігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мәрия Құсайынова бастаған бір топ шенеунік келді. Қолдарында бір қорап кәмпиттері мен гүл шоқтары бар олар әжейді құттықтап сыйлықтарын табыс етті.

-Сахан әже, сізге ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздің жасыңызды бізге де берсін. Осылай қайратыңыз сарқылмай, ортамызда жүре беріңіз,- деген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мәрия Құсайынова Азаттыққа былай деді:
Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалр бөлімі бастығы Мәрия Құсайынова Сахан әжені құттықтап келді. Қарағанды, 27 наурыз, 2009 жыл.


-Бұл кісілердің жағдайын бұрынан бері білеміз, Нүкен Әлкешова келіп жағдайын айтып тұрады. Шамамыз жеткенше қарайласамыз. Біз басында әжейге қарттар үйінен бір бөлме берген болатынбыз. Бірақ бұл кісілер осы ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Дегенмен, біз егер керек десе, сол қарттар үйінен екі бөлме беруге дайынбыз. Бірақ онда жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оны жөндеп те береміз. Қазіргі дағдарыс уақытында бұл кісілердің талабын орындауға күшіміз жетпейді. Сондықтан пәтер кезегі жеткенше әженің қарттар үйінде тұра тұруына болады.

Естеріңізге сала кетсек, Сахан Досова пәтер кезегінде былтыр тіркелген арыз бойынша 1625- ші орынға қойылса, биыл ол тізім алға емес, артқа жылжып, 1664-ші орынға түсіп кетіпті. Әженің немересі Нүкеннің бұл айтқандары Азаттық сайтында 12 наурызда жарияланған болатын.

-Қалай қарайласып тұрамыз дейсіздер. Біздің бармаған жер, баспаған тауымыз қалған жоқ. Әкімге де кіре алмадық, президентке де хат жазып, жауап ала алмадық. Көзімізше өтірік айтып тұрсыздар ғой. Анау бір жылы берген бөлмелеріңіздің сұрқын көрдік қой, адам тұратындай болған жоқ. Оның үстіне сол бөлмеге пәтерақы төлейтін болғанбыз. Оның өзінде егер әжей өлсе бөлмені қайтып алып қоямыз дедіңіздер. Сонда ана екі мүгедек немересі қайда қалмақ. Қарайласу былай тұрсын, өткен айдағы әженің 17 мыңдық зейнетақысынан 7 мың теңге ұстап қалыпты, неге деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды, бұл не деген мазақ сонда, -дейді әженің тағы бір немересі Гүлғайым.

Әлеуметтік қамсыдандыру бөлімінің бастығы пәтер мәселесімен олардың айналыспайтындықтарын айтады. Дегенмен қолдан келгенше көмектесуге тырысқандықтарын айтып, әкелген конверттерінің ішіндегі екі бес мың теңгелік (шамамен 66 доллар) ақшаны көрсетіп, үлкен отбасына тарту етті.

Сонымен қатар ол шұғыл түрде Қарағандының зейнетақы төлеу орталығына телефон шалып, Сахан Досованың зейнетақысы неліктен толық берілмегеніне «жауап» беруді талап етті. Телефонның арғы жағындағылар болса, бұл техникалық қатеден болған іс екенін айтып, кемшіліктің орны жуық арада толтырылатынына уәде етіпті.

Сөйтіп, жер бетінің ең қарт тұрғыны -130-ға толған Сахан әженің туған күні мерекесінің жарты күні осылай өтті.

Ғасырдан да ұлы Сахан әженің  тілегі мен батасы

Сахан Досованың үйінде Азаттық радиосының тілшісінен кейін, қазақстандық ақпарат өкілдерімен қатар Британияның хабар таратушы BBC корпорациясы, түркиялық теледидар өкілдері және ресейлік журналистер болып қайтыпты.

Прагадан Қарағандыға қарияны туған күнімен құттықтап телефон шалғанымызда, 130 жасар Сахан әже Наурыз мейрамын ұмытпай, бірауыз тілегін білдіріп, барша Азаттық оқырмандарына батасын берді.
Сахан әженің үрім-бұтағы 130-шы туған күнімен құттықтап келді. Қарағанды, 27 наурыз,2009 жыл.

“Жаңа жыл құтты болсын, дендерің сау болсын, аспандарың биік болсын! Отанымызға, халқымызға Алла тыныштық берсін! Баспанам жоқ, маған үй беріңдер, биігінің керегі жоқ,”-деді телефонның ар жағындағы 130-шы туған күнін атап өткен, планетаның ең қарт тұрғыны Сахан Досова. Әженің даусы әлсіздеу шығып, сәл қарлығыңқырап тұрғаны аңғарылса да, сөзі анық еді.

2009 жылдың наурызында даңқы жер жарвп, әлемнің ең қарт анасы атанған Сахан әженің бауырына басқан 53 жасар немересі Гүлғайым Кәмиева әжесінің күнделікті айтып жүрген тілегін былай толықтырды:

“Сахан әженің бізге айтатын бар арманы - өзім өліп кетсем, мына екі кемтар балаға баспана керек дейді. Өзіне 17 мың теңге зейнетақы алады бұл кісі, пенсия бергенде біресе өсіреміз дейді, біресе тағы бірдеңе дейді, соның жеті мыңын ұстап қалады. Бізді кім тыңдайды, бізді бүгін келген кісілер ғана тыңдап жатыр.

Таяуда қала әкімі Тоғайбаев диплом әкеліп табыстады. Бұл кісі тіпті әжеміздің жағдайын айтуға мүмкіндік берген жоқ, мен тек құттықтауға ғана келдім деп, құттықтады да қайтты.

Сахан әже бидайды аңсағанда жалғыз тісімен шемішке шаққысы келеді

-Сахан әже ұзақ жасауының сыры туралы Азаттық радиосына және басқа да ақпарат құралдарына “тәттіні жемеймін, құрт-ірімшік қана жеймін” деген екен, ол кісінің өз бауырында өскен немересі болғандықтан, әженің ұзақ жасауының сыры неде екенін айта аласыз ба?


-Мен бұл кісінің бауырында өстім ғой, әжем соңғы 4-5 жылға дейін намаз оқыды да, кейін жығылып қала берген соң, әрең қойғыздық. Содан кейін өмірбақи ауыз бекітті бұл кісі. Ал мен біттей кезімнен әжеммен қоса таңсәріден ауыз бекітуге тұратынмын. Сонда үстелдің үстінде қандай тағам тұрса да, бұл кісі тек бидай жейтін. Қуырған бидайды сары майға қосып шылап қоятын.

Енді бір қызығын айтайын, қазір осы кісі кәдімгі шемішке әкеп бер дейді. Аузында бір-ақ тісі бар. Біз ойлаймыз неге шемішке сұрайды деп. Сонда бидайды сағынғаны ма, жаңағы шемішкені тырнағымен аршып, жеп отырады. Бидайды сағынғаны ғой, қазір қалада жоқ қой. Ал, шәйді сүтпенен қою қылады да, қолдың майын салып ішеді. Осы уақытқа дейін солай, бізге айтып отырады, май салып ішіңдер, жақсы болады деп.

Сонан кейін биені сауғанда, саумалдың жартысын маған ішкізетін де, жартысын өзі ішетін. Осы менің есімде қалды. Сүтті қол мәшинеге тартып отырғанда, бір ожау көк сүтті маған ішкізсе, бір ожауын өзі ішетін. Мен биыл 53-ке келем, Сахан әженің тұңғыш немересімін,-" деген Гүлғайым, бізге телефон арқылы ана туралы өлең оқып, әжесіне арнап ән шырқап берді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: ерке Қайдан: елден
28.03.2009 16:35
+0 / -0
жасай беріңіз жасампаз әже,қарағанды шенеуніктерінің ниеті қандай тар еді

Кімнен: abai Қайдан: Mongolia
29.03.2009 11:53
+0 / -0
Allah ali de mol jas bersin.

Кімнен: Олжас Қайдан: Қазақстан
29.03.2009 14:42
+0 / -0
Әже, жасай беріңіз.
Қанша немере шөберелері бар, сонда ешқайсысы жарамаған ба бір пәтерге? ен болмаса бірігіп, жиналып дегендей!? тізім тізім деп жылағанша

Кімнен: Мирулан Қайдан: Россия
29.03.2009 16:34
+0 / -0
Жашай бериниз Апа! Сизге ден-соолук,кайраттуулук жана уул-кыздарыныздын, неберелериниздин кызматын корунуз!

Кімнен: Mamut Enver Қайдан: Constanta=Ruminiya
29.03.2009 21:34
+0 / -0
Allah sizge uzun omurler bersin.Saw bolinizmbar boliniz.

Кімнен: Johnathan Қайдан: Ulan-Bator
30.03.2009 19:13
+0 / -0
Jaraisyn, Ukulyay! Incredible, amazing article!!!!

Кімнен: дака Қайдан: өз елімнен
31.03.2009 11:22
+0 / -0
Нұрлан Нығматуллин, мен сіздің мәрт жан екеніңізді жақсы білемін. Егер осы әженің бір баласы биліктегі шенеунік болса, онда баяғыда алтын сарайда отарар еді. қазіргі дағдарысты сылтау қылу қандай ұят. қазақ деген атымызға ұят ғой. егер бұл кісі басқа ұлттың анасы болсыншы, онда сол ұлттың азаматары баяғыда бар тілегін орындаған болар еді. аймақ басшысы Нұрлан нығматуллин сіз қайда қарап отырсыз? Осы әжеге бір әтер таппау сіздің азаматтық тұлғаңызға үлкен сын. Ертең осы кісі осы алпында бақилық болып, кетсе, сіздің басшылық қызметіңізге еделіңізге үлкен нұқсан келеді. қарағандының басшысы Тоғайбаевті тіпті адам деуге болмайды екен ғой. тіпті айтарға сөзім жоқ. Қайда қалмаған дүние, ақша дейсіздер, осы жанға қол ұшын созбағанана кейін басшылыққа тіпті түкіргенім бар. Сондай көңілім қалды. Ұят-ай!!!!!!