Accessibility links

Жұмысшылар ереуілден соң жалақы ала бастады


«BA Global Logistics» компаниясы жұмысшылары еңбекақы алмағанын айтып, аудандық әкімдікке келіп тұр. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.
«BA Global Logistics» компаниясы жұмысшылары еңбекақы алмағанын айтып, аудандық әкімдікке келіп тұр. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.

Шетпеде жұмысшылар наразылығынан соң компания оларға екі ай төленбеген еңбекақыны бере бастады. Бірақ жұмысшылар жалақыны көбейту туралы талаптарының орындалғанын күтеді.

12 тамыз күні Маңғыстау облысындағы «Каспий цемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігері «BA Global Logistics» компаниясы жұмысшыларына еңбекақы қарызын өтей бастады. Бұл туралы Азаттыққа жұмысшылардың бірі Рысбек Бақтыбаев хабарлады.

«Бізге шыққан ақша 64 мың теңге екенін естідік. Еңбегімізге тұрмайды. Еңбекақыны көбейтуді талап етіп тағы арызданамыз» деді ол.

«ҰНАМАСА - КЕТ!»

Екі күн бойы жұмысқа шығудан бас тартқан «BA Global Logistics» компаниясы жұмысшылары екі ай бойы жалақы төлемей отырған компаниядағы еңбек жағдайының нашарлығына шағым айтып, 11 тамыз күні Маңғыстау ауданы әкімдігі алдына жиналды. Аптап ыстықта әкімдік ауласындағы ғимараттардың бірінің көлеңкесін саялаған олар өздерімен жолыққан Азаттық тілшісіне талаптары жайлы баяндап берді.

51 жастағы Мергенбай Раев «BA Global Logistics» компаниясында зауыт ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Бұрын жүргізуші болып істепті.

Еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны уақытылы беруді талап еткен жұмысшылар Маңғыстау аудандық әкімдігіне келді. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.
Еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны уақытылы беруді талап еткен жұмысшылар Маңғыстау аудандық әкімдігіне келді. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.

– Мына жасымызда бізді еш жерге жұмысқа алмайды. Жалақымыз аз, жұмыс ауыр болса да төзіп істеп келеміз. Бірақ еңбек жағдайы жасалмаған. Қолымызда құқымызды қорғайтындай еңбек шарты да жоқ. Зейнетақы қорына төлем аударылмаған. Қолымызға еңбекақы жайлы ешқандай қағаз-құжат берілмейді. Ақшаны қолға береді. Қайда, не үшін, қанша ұсталып жатқанынан бейхабармыз, - деді ол.

Оның сөзін қостаған Рысбек Бақтыбаев компанияда техника қауіпсіздігі сақталмайтынын, тиісті жұмыс киімдерінің берілмейтінін айтты.

– Қолғап, респиратор дегендеріңіз сапасы нашар болғандықтан бір аптаға жарамайды. Оны айтсаң «қолғабыңды теріс аударып ки» деп өзімізге ақыл айтады, - дейді ол.

Жұмысшы Ерлан Абдуллаевтың сөзінше, сегіз жігіттен құралған екі бригада күніне 2720 қап цементті вагонға тасып тиейді екен, бірақ жұмыс берушілер мұны қанағат тұтпаған.

– Жұмыссыздық салдарынан жігіттер бәріне шыдауға тырысып келеді. Бірақ екі вагон аздай, енді үшінші вагонды толтыруды норма етіп қойғалы отыр. Бұл іс жүзінде мүмкін емес қой. Қосымша адам беріңдер десек, онда жалақың азаяды дейді. Өзі 60 мың теңге жалақыны азайтқанда не қалады? – деп наразылығын білдірді.

Наразылық білдірушілердің арасындағы ең жасы - 19 жастағы Серік Балмағанбетов өздеріне тиесілі жұмыстан бөлек қосымша жұмыстарды көп істеуге тура келетінін, бірақ ол үшін үстеме ақша төленбейтінін айтты.

– Өз нормамызды орындаған соң, бізді басқа бригадаға көмекке жұмсайды. Жұмыс жағдайы ауыр. Түс мезгілінде тек 1,5 литр су ғана береді. Аптап ыстықта қосымша тегін жұмыс түгілі өз нормамызды орындасақ сол да жеткілікті. Оны айтсақ «ұнамай ма, онда кет» дейді. Біз қайда барамыз, ауылда жұмыс жоқ, - дейді жас жігіт.

Бұған қоса жұмысшылар мекемеде ақысыз жұмыстан бас тартқандарды түрлі сылтаумен жұмыстан шығару оқиғалары барын айтты. Осындай талапқа көнбеген Серік Балғымбаев пен Алтынғали Жұманазаровтың үстінен «бұзақылық жасады, шеберге дөң-айбат көрсетті» деген жала жабылып отыр дейді олар.

Жұмысшылар еңбек еткендеріне үшінші вахтаға айналса да жалақы ала алмай отырғанын айтады. «BA Global Logistics» компаниясында 15 күндік ауысыммен 120 адам жұмыс істейді.

Жұмысшылар наразылығы туралы видео. Шетпе ауылы, 11 тамыз 2014 жыл.

Жұмысшылардың еңбек пен жалақы жайлы талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00
Жүктеп алу

«ЖАЛАҚЫ ЕРТЕҢ ТӨЛЕНЕДІ»

11 тамыз күні түстен кейін аудан әкімдігі ғимаратында жұмысшыларға «BA Global Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Антон Тушканов келді. Ол компаниядағы еңбек қатынасы жайлы жұмысшылардың сынын жоққа шығарды.

– Құжаттарын өткізгендерде еңбек шарты бар, ал зейнетақы қорына ақша аударылмайды деген қайдан шыққан әңгіме? - деп таңданыс білдірді ол.

Шетпе ауылының жалпы көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.
Шетпе ауылының жалпы көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.

Бірақ әкімдік залына жиналған жұмысшылар қолдарына мекеме тарапынан еңбекке қатысты ешқандай құжат берілмегенін, бірнеше ай жұмыс істегендеріне қарамастан зейнетақы қорындағы жеке есеп-шоттарына бір тиын да түспегенін мысалға келтірді.

Тушканов компанияда жұмысшыларға төленетін еңбекақы деңгейінің аз еместігіне Азаттық тілшісін сендіруге тырысты.

– Мен өз қолыммен сыйақысын қосқанда 80 мың теңгеге дейін жалақы жазған кездер есімде, - деген Тушкановтың сөзіне жұмысшылар «ондай жалақы алған жоқпыз» деп уәж айтты.

Компания жұмысшыларға еңбекақыны тамыздың 12-і күні төлейді деп сендірген Тушканов жұмыстан шеттетілген екі азаматтың да мәселесі мұқият тексерілген соң тиісті шешім қабылданатындығын айтты.

БИЛІК ОРЫНДАРЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Маңғыстау ауданы прокуроры Батыр Шағыров жұмысқа кіргенде еңбек шартын рәсімдеу қажеттігін жұмысшыларға түсіндірді.

– Әрине, заң бұзушылық туралы шағым бар. Бірақ қазір біз оларды тексере алмаймыз, себебі орта және шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланған. Алайда бұл жағдайды назарда ұстаймыз, - деді Азаттық тілшісіне прокурор.

«Каспий цемент» зауыты. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.
«Каспий цемент» зауыты. Шетпе ауылы, Маңғыстау облысы. 11 тамыз 2014 жыл.

Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Махмұтовтың айтуынша, «Каспий цемент» зауыты ашылғанда әкімдік жергілікті тұрғындардан 100-ден астам адамды жұмысқа алуға ықпал еткен.

– Біз жұмысшыларды қолдайтын боламыз, - деді ол.

Азаттық тілшісі «Каспий цемент» ЖШС директоры Әбдірахман Зурабовқа да телефон шалған еді. «Бұл мердігер компанияның салақтығы, мердігер үшін жауап бермеймін» деп қысқа қайырды ол.

«Каспий цемент» зауыты Қазақстанның индустриалды инновациялық бағдарламасы картасына енген жобалардың бірі. Бұл нысанды іске қосу рәсімі биыл 2 шілде күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен on-line режимінде жалпыұлттық телекөпір кезінде көрсетілген еді.

XS
SM
MD
LG