Accessibility links

«Нұрқазған» кенішіндегі еңбек дауы сотқа жетті


«Қазақмыс» корпорациясы кенішінің жұмысшылары еңбекақыны көбейтуді талап етіп ереуілде тұр. Жезқазған, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қазақмыс» корпорациясы кенішінің жұмысшылары еңбекақыны көбейтуді талап етіп ереуілде тұр. Жезқазған, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қазақмыс» корпорациясының «Нұрқазған» кенішінде жұмыстан қысқарған адам өзін кенішке қайта алуды әрі жұмыстан еркінен тыс қалған күндерге жалақы төлеуді талап етіп сотқа жүгінді. Қысқаруға іліккен тағы бірнеше адам талап-арыз әзірлеп жатыр.

«Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» мыс кенішінде жерасты бетоншысы болып істеген Ғалым Көпбаев «Қысқаруға ілігем деп мүлде ойламаппын» дейді.

СОТҚА ШАҒЫМ

Бірақ 2013 жылы жұмыс беруші оған жұмыстан қысқартылатыны туралы ескерткен.

– Басшылыққа үлкен отбасында жалғыз асыраушы екенімді айтып, жұмыстан қысқартпай, бұрынғы жұмысымда қалдыруды немесе басқа жұмысқа ауыстыруды сұрап ауызша-жазбаша бірнеше мәрте өтініш жасадым. Төрт адамды жалғыз асырап отырмын, әйелім жұмыс істемейді әрі кәмелетке толмаған үш балам бар, - дейді Ғалым Көпбаев.

Оның айтуынша, жұмыстан қысқаруына байланысты өзіне жалақысы жақсы басқа жұмыс ұсынуы тиіс болған. Бірақ басқа жұмыс ұсынбаған соң ол штатты қысқарту арқылы жұмыстан шығаруды заңсыз әрі еңбек кодексін бұзу деп тануды сұрап, сотқа талап-арыз жазған. Ғалым Көпбаев өзін бұрынғы жұмысына қайта алуды және жұмыстан еркінен тыс қалған күндері үшін жалақы төлеуді талап етеді.

«Қазақмыс» корпорациясының кеңсесі. Жезқазған, 27 қараша 2013 жыл.
«Қазақмыс» корпорациясының кеңсесі. Жезқазған, 27 қараша 2013 жыл.

– Қызметкерлер санын немесе штатын қысқартқан жұмыс беруші еңбек шартын бұзған кезде қызметкердің келісімі бойынша оны басқа жұмысқа ауыстыруы тиіс. Жұмыс беруші ұсынған жұмыс орындары іс жүзінде болмағанын сот процесінде дәлелдеп шықтық. Мұны куәгерлер де растады. Бірақ судья мұны ескермей, жұмыс берушінің еш дәлелсіз жалаң сөзіне сенді, - дейді Ғалым Көпбаевтың соттағы өкілі адвокат Әбілда Әбдікәрімов.

Ғалым Көпбаевтың жұмыс орны Қарағанды шахта қазу басқармасы атқаратын тау-кен және құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің азаюына байланысты қысқарғаны сотта белгілі болды.

Бірнеше сот инстанциясы «жұмыс беруші талапкерге өндірістік және қызмет бөлмелерін сыпырушының жұмысын ұсынған, бірақ ол бұл жұмыстарға көңілі толмай бас тартқан» деген уәжбен Ғалым Көпбаевтың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Жұмыс беруші ұсынған тағы екі вакансияның бірі қарауылдың орны болған. Бірақ қысқаруға іліккен бетоншы олардан да бас тартқандықтан онымен бекітілген еңбек шарты бұзылған дейді кеніш өкілдері. Ал талапкер «ондай вакансиялар болған жоқ» дейді.

Сотқа жеткен еңбек дауы әлі аяқталған жоқ. Талапкер өз уәжін сотта дәлелдеуге тырысып жүр.

Қысқаруға іліккен басқа жұмысшылар да сотқа талап-арыз әзірлеп жатыр. Ұсынған орындарға келіспеген олармен де еңбек шарты бұзылған. Азаматтар бұл жұмыстардан «жалақысы мардымсыз, басқа қаладағы жұмыс және көңіліміз толмайды» деген себептермен бас тартқан.

БҰРЫНҒЫ ҚЫСҚАРТУЛАР

Соңғы екі жылда «Нұрқазған» өндірістік кешенінде үш рет қысқарту болған. «Қазақмыс» корпорациясы деректері бойынша, 2013 жылы өндірістік кешенде «Қарағанды түсті металл» өндірістік бірлестігіне қарасты «Нұрқазған – жер асты тәсілімен өндіру» өндірістік кенішіндегі штат санын жоспарлауға байланысты 74 орын (оның бесеуі – бос орын) қысқарған. Оның ішінде үш адам өз еркімен жұмыстан шыққан. Жеті адам өзге кәсіпорынға ауысқан, ал 59 адам «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа орналастырылған.

«Жезқазғантүстіметаллургия» кәсіпорны. Жезқазған, 27 қараша 2013 жыл.
«Жезқазғантүстіметаллургия» кәсіпорны. Жезқазған, 27 қараша 2013 жыл.

– Жұмыстан қысқарғандардың бәріне олардың жұмыс орны қысқаратыны туралы жазбаша ескерту берілді. Бәріне «Қарағандытүстіметалл» өндірістік бірлестігінен немесе корпорацияның басқа бөлімшелерінен жұмыс ұсындық. Қысқарту процедурасына қатысты талаптар толық сақталып, екі ай бұрын жұмыспен қамту бөліміне ақпарат жолданды, - деді «Қазақмыс» корпорациясы мамандары Азаттық тілшісіне.

Бірақ жұмысшыларды қысқарту мұнымен бітпеген. 2014 жылы тағы екі қысқарту жүргізген корпорация мұны құрылымдық өзгерістерге байланысты деп түсіндірген. Әуелі «Нұрқазған» кен байыту фабрикасы мен «Нұрқазған» кенішінде істейтін 111 қызметкер қысқарған. Олардың көбі компанияның өзге кәсіпорындарына жұмысқа ауыстырылған. Ал кәсіпорын ұсынған жұмыс орнынан бас тартқан үш қызметкер жұмыстан шығарылған (екеуі штат қысқаруына сәйкес).

– Құрылымы өзгеруіне байланысты 2014 жылдың екінші тоқсанында Ақтоғай учаскесінің 17 қызметкері де қысқарды. Олардың бәрі ұсынған жұмыстан бас тартты. Штатты жоспарлауға байланысты қысқарған 47 қызметкердің бірі ұсынылған жұмыстан бас тартып, штатты қысқартуға байланысты жұмыстан шығарылды. Қалған қызметкерлердің бәрі «Қарағандытүстіметалл» өндірістік бірлестігі бөлімдеріне ауыстырылды. 2015 жылы штатты қайта қарау жоспарланбаған, - дейді «Қазақмыс» корпорациясы мамандары.

«Қазақмыс» корпорациясы деректері бойынша, «Нұрқазған» өндірістік кешенінде 1 мың 267 адам еңбек етеді. Оның ішінде 117 адам – әкімшілік-басқару бөлімінде, 669 адам – «Нұрқазған» шахтасында, 483 адам – «Нұрқазған» кен байыту фабрикасында жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG