Accessibility links

Шетелдік компания «жалақы теңсіздігі» сотына тартылды


«Синопек Қазақстан» (Қытай кәсіпорны) сервис компаниясының бұрынғы қызметкері Руслан Қожахмет.

«Синопек Қазақстан» (Қытай кәсіпорны) сервис компаниясының бұрынғы қызметкері Руслан Қожахмет.

Бұрын қытайлық компанияда істеген қазақстандықтың ол мекемеге қарсы талап-арызы сотта қарала бастауын әлеуметтік желі қолданушылары «маңызды оқиғаға» балап жатыр. Жанжалға себепкер тараптардың уәждері алғашқы сот отырысында жария болды.

Шілденің 29-ы күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Руслан Қожахметтің «Синопек Қазақстан» (Қытай кәсіпорны) сервис компаниясына қарсы азаматтық талап-арызын қарай бастады. Жауапкердің өкілі ретінде сотқа компания директоры, Қытай азаматы Ғалым Байке қатысты.

Компания директорының бұрынғы орынбасары Руслан Қожахмет өзін жұмыстан босату туралы биыл сәуір айында шыққан бұйрықты заңсыз деп тануды, компанияны өзін жұмысына қайта алуға міндеттеуді және келтірілген моральдық шығын үшін өтемақы ретінде компаниядан 1 миллион теңге өндіріп беруді сұрайды.

Талапкер Қытай азаматтарымен бірдей қызмет атқаратын қазақстандық қызметкерлерді қорғаймын деп зәбір көргенін айтады. Оның мәлімдеуінше, компанияда істейтін қазақстандық қызметкерлер Қытай жұмысшыларына қарағанда жалақыны аз алады. Руслан Қожахмет Алматы қаласындағы мемлекеттік еңбек инспекторы Т.Жандарбеков жүргізген жоспардан тыс тексеру актісіне сілтеме жасайды. Ол актіге сәйкес, Руслан Қожахмет жұмыстан заңсыз шығарылған. Оның үстіне еңбек инспекторы компанияға айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындап, әкімшілік іс қозғаған.

«Синопек Қазақстан» компаниясы еңбек инспекторының бұл шешімдеріне қатысты екі мәрте – бір рет Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, екінші рет Бостандық аудандық сотына шағымданған. Бірақ екі сот та шешімді компания пайдасына шығармаған.

Компания өкілі, адвокат Илья Григоренко бүгінгі өткен сот отырысында: «Руслан Қожахмет жұмыстан заңды негізде шығарылған, ал еңбек инспекторының шешімдеріне қатысты компания шағымын қанағаттандырмаған сот шешімдері әлі күшіне енбегендіктен преюдициялық күші жоқ» деп мәлімдеді. Компания өкілі соттан Руслан Қожахметтің талап-арызын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуды сұрады.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Азатық тілшісіне берген комментарийінде: «Шетелдік жұмыс берушілердің шетел және Қазақстан жұмысшыларына жалақыны алалап төлеуі мен тұрмыстық жағдай жасауда кемсітушілікке жол беруі – қауіпті құбылыс» дейді.

Ал ресми тұлғалар осыған ұқсас бұрынғы еңбек дауларында азаматтық белсенділерді мұндай сипаттағы жекелеген жанжалдарды саясиландырмауға шақырған.

Судья Дәулет Әркінов келесі сот отырысын тамыздың 12-сіне белгіледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG