Accessibility links

Таршылықтан мүгедек баланың оқуы қиындады


"Капитошка" ерекше көмекке мұқтаж балаларға арналған орталығы. Теімртау қаласы, Қарағанды облысы. 26 наурыз, 2015 жыл.
"Капитошка" ерекше көмекке мұқтаж балаларға арналған орталығы. Теімртау қаласы, Қарағанды облысы. 26 наурыз, 2015 жыл.

Теміртау қаласында ерекше көмекке мұқтаж балалар әлеуметтік бейімдеу мен мектепке дейінгі мекемеде білім алу мүмкіндігінен тағы айырылды. Бұл мәселе тұрмысы нашар отбасыларға қиын тиген.

Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны Юлия Яковлеваның қызы Алисаның Теміртауда үш жылдай бұрын ашылған «Капитошка» ерекше көмекке мұқтаж балаларға арналған орталыққа барып жүргеніне екі жылдан асқан. Алты жасар Алисаға қойылған көп диагноздардың негізгілері: аутизм және орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы. Юлия «қызымды кәдімгі балабақшаға қабылдамай қойды» дейді.

- Екі жарым жыл ішінде талай комиссиядан өттік, бірақ бәрі балаң мүлде қабілетсіз деген сыңай білдірді. Қаншама қорқынышты диагноз қойды. Бірақ «Капитошка» орталығындағы сабаққа апара бастап едім, бір жылдан кейін көп ілгерілеу байқалды. Қызым әлеуметтік ортаға бейімделіп, балалармен араласа бастады, аздап тілі шығып, режимге үйренді. Бұрын күні-түні ұйықтамайтын баланың ұйқысы да жөнделді. Орталық мамандары оны өздігінен әрекет етуге үйретті, оған өзі де талпына бастады. Дамуында көп ілгерілеу бар, тіпті кей диагноздарын кейін алып тастады, - дейді мүгедек баланың анасы Юлия Яковлева Азаттыққа.

Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығының видеосы:

Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Юлияның айтуынша, «Капитошка» орталығы мамандары қызымен жеке сабақ өткізіп, арнайы дайындаған соң Алиса мемлекеттік балабақшаның логопедтік тобына іліккен. Юлия «өзге амалым болмады, аутист балаларды ешқайда алмайды ғой» дейді.

ТҰРМЫСЫ НАШАР КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАЛАЛАРЫ

«Капитошка» дамыту орталығы 2013 жылдан бері ерекше көмекке мұқтаж балаларға мектепке дейінгі білім беру қызметін көрсетумен айналысады.

«Бота» қорынан қаржыландырған кезде балалар орталықта тегін оқыған, енді ата-аналар ақша төлеуге мәжбүр. Дефектолог, психолог және тәрбиешінің қызмет ақысы ғана емес, жалға алған бөлмелердің ақысын да ата-аналар төлейді. Қаржыландыру тоқтағаннан кейін әлеуметтік бейімдеу мен мектепке дейінгі оқу-тәрбие бағдарламасына мұқтаж мүгедек балалардың көбі орталыққа бармай қалған. Көбінің дамуында ілгерілеу байқалғанымен, енді олардың көбі тағы үйде отыруға мәжбүр.

​ - Ерекше көмекке мұқтаж балалар үшін қазақ тілінде сабақ оқытатын топ ашуды жоспарлап қойғанбыз. Тіпті Германияның Қазақстандағы елшілігі топты жартылай жабдықтауға да көмектескен. Бірақ қаржыландыру тоқтап қалып, топты сол күйі аша алмадық. Ал әдетте баласы көп әрі онсыз да ақшасын жеткізе алмайтын қазақ отбасыларының шамасы келмейді. Сондықтан қазір қаржы көзін табуға тырысып жатырмыз, - дейді Азаттық тілшісіне «Капитошка» орталығы мен «Дари добро» ұйымы жетекшісі Ирина Тишкина.

Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығының жетекшісі Ирина Тишкина.
Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығының жетекшісі Ирина Тишкина.

Ирина Тишкинаның өзі де аутизм диагнозы қойылған бала тәрбиелеп отырған ана. Оның айтуынша, Теміртауда даму мүмкіндігі шектеулі балалар күндіз келіп оқитын бір де бір мемлекеттік оңалту орталығы, коррекция кабинеті немесе күндізгі орталық жоқ. Тек «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жанынан ашылған мүгедек балаларға арналған ойын бөлмесі ғана жұмыс істейді. Бұдан бөлек, әрқайсысы 12 баладан қабылдайтын тағы екі коррекциялық топ бар. Мидың органикалық зақымдануы, аутизм синдромы диагнозы қойылған, психикасы мен сөйлеу қабілеті, психикалық дамуы тежелген, бірақ әлі мүгедек деп танылмаған балалар назардан тыс қалып отыр.

​«Капитошка» орталығы қызметкерлерінің есебінше, орталық тұрақты жұмыс істеп, бүкіл жоспарларын іске асыру үшін жылына 10 миллион теңге қажет екен. Сол кезде ерекше көмекке мұқтаж балалар орталықта тегін оқып, тұрмысы нашар және көп балалы отбасыларға да көп себі тиер еді.

Баласының оқуын төлей алмайтын жалғызбасты аналар да бар. Оның үстіне, аутизм немесе Даун дертіне шалдыққан баламен мамандар ертерек айналыса бастаса, баланың даму мүмкіндігі де артады. Бір жыл бұрын демеушілер орталыққа да көмектесіп, ата-аналар шығынының бір бөлігін де өз мойнына алған. Енді орталық өз-өзін қаржыландыруға толық көшкен.

- Грант бойынша жұмыс істеген кезде кірісі аз отбасыларға көп-көрім көмектесіп едік. Ал қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Қаржы тапсақ, орыс және қазақ тілінде сабақ оқытатын 6-8 сағаттық, ДЦП диагнозы бар арбада отыратын балалар үшін төрт сағаттық үш топ ашар едік. Қабілет деңгейі әр түрлі балаларға инклюзивті білім беру тәжірибеміз бар. Балалардың құқығы шектелмеуі тиіс, - дейді Ирина Тишкина.

Тишкина «соңғы үмітіміз мемлекетте, мүмкін бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс түрінде қолдау немесе бұрынғы жобамызға грант алып қалармыз» дейді. Айтпақшы, бұл биыл өзгеріс енгізілген «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы» заңда да айтылған. Бірақ Тишкинаның айуынша, ол заң қашан жұмыс істей бастайтыны әзірше белгісіз.

ШЕНЕУНІКТЕР ЖАУАБЫ

«Дари добро» ұйымы жетекшісі Ирина Тишкина дамыту орталығына қаржылай көмек көрсетуді сұрап билікке талай жүгінген. Бірақ ол «қайыр болмайтыны келіп жатқан жауаптардан байқалады» дейді. Шенеуніктер көбінесе «Теміртау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар бара алатын кейбір мекемелер бар» деген уәж айтады. Бірақ Тишкина «Неге екенін білмеймін, бірақ билік әлгі мекемелердің шектеулі бала саны мен көбінесе ДЦП сияқты белгілі бір диагнозы бар балаларды ғана қабылдайтынын ескермейді. Оның үстіне, әлгі мекемелер ерекше көмекке мұқтаж балаларға «Капитошка» орталығы ұсынатын мектепке дейінгі білім бере алмайды» дейді.

Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығы. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы.
Ерекше көмекке мұқтаж балалар орталығы. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы.

Былтыр жыл аяғында орталық қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінен мысалы мынадай жауап алған: «Дари добро» қоғамдық қоры мемлекеттік сатып алуға қызмет ұсынушы үміткер ретінде әрі конкурстық негізде қатыса алады. Жергілікті бюджет есебінен қаржылай қолдау алу үшін «Дари добро» қоғамдық қорына 2016 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға кеңес береміз».

Орталықтың тұрақты өз орны болу үшін әрі қымбат бөлме жалға алмас үшін Ирина Тишкина биліктен мүлікті сенімгерлікпен басқару шартымен жоқ дегенде бірнеше бөлме бөлуді де сұраған.

Теміртау қаласы мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі жолдаған жауапта «Теміртау қаласындағы мемлекеттік мүлікті тіркеу реестеріне сәйкес, артық әрі пайдаланылмай бос тұрған бөлмелер жоқ, сондықтан Теміртау қаласы меншігінен сенімгерлікпен басқаруға бөлме бөлу мүмкін еместігін хабарлаймыз» делінген.

Мүгедек баланың анасы Ирина Тишкина басқаратын «Дари добро» қоғамдық ұйымы талай жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалар құқығы үшін күресіп келеді. Осы кезге дейін демеушілердің көмегінің арқасында біраз шаруа тындырған, бірақ ерекше көмекке мұқтаж, әсіресе аутизм және Даун дертіне шалдыққан балалар проблемаларының көбі әлі шешілмеген.

XS
SM
MD
LG