Accessibility links

«Қазақ арманының» ақыры және мұнай дағдарысы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар баннер жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 28 қараша 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар баннер жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 28 қараша 2012 жыл.

Батыс баспасөзі «Қазақ арманы» идеясы көп ұзамай құрдымға кетуі мүмкін деген болжам жасап, қаржылай көмек кімге берілетінін және Қазақ хандығы жайлы жаңа тарихи сериалды талдаған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҚАЗАҚ АРМАНЫ»

Ұлыбританияның Economist журналы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ арманы» идеясы құрдымға кетуі мүмкін деп болжайды. «Жуырда ғана жағдай тым жақсы сияқты көрінген – мұнай бағасы қымбаттап, орта тап көбейіп келе жатқан, ал ұлт басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саны 17 миллионға жуық дән риза халқын басқарып отырған. Бірақ Совет одағы ыдырағаннан бергі кезеңде ештеңеге қарамастан Орталық Азия елдері ішіндегі ең дамыған мемлекетке айналған Қазақстанның қазіргі жағдайы мәз емес екені байқалады. Назарбаев мырзаның «Қазақ арманына» қатысты берген уәделері жұрттың көбіне қазір әлдебір орынсыз әзіл сияқты көрінеді» деп жазады Economist басылымы.

Мақала авторлары Қазақстан экономикасының осалдығын «мұнаймен тым әуестенумен» байланыстырады. Мұнай бағасының арзандауы экспорттан түсетін кірістің қысқаруына ұласты.Теңге тамыз айынан бері екі есеге жуық құлдырағаннан кейін халықтың табысы кеміп, төлем қабілеттігі нашарлады. Қазақстан экономикасы 1998 жылдан бері алғаш рет құлдырауы мүмкін. Бұл қиындықты елдің ең ірі сауда әріптестері – Ресей мен Қытайдың ауыр жағдайы тіпті ушықтырып тұр.

Қазақстанда экономиканы диверсификациялауға тоғыз миллиард доллар инвестиция бөлініп, зейнетақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейіп, ал өзге салаларда шығын көлемі қысқарып жатқанын көрсеткен Economist басылымы «билік ынталандыру мен шығынды қысқартуды ұштастыру сияқты оғаштау әдіс арқылы қаржы дағдарысын еңсеруге тырысып жатыр» деп жазады.

Economist басылымының пікірінше, мұның бәрі елдегі саяси тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін. Саяси оппозицияны басып-жаншу әрекеттерін, ел президентінің мұрагерін тағайындауға дәрменсіздігі мен Нұрсұлтан Назарбаевтың «сайлауда тәуекел еткісі келмейтінін» жазған мақала авторларының пікірінше, «ол президент сайлауы еркін әрі әділ өтсе де жеңуі мүмкін еді». Economist газеті алда өтетін кезектен тыс парламент сайлауына қатысты пікірін «мемлекет сайлауды қандай сипатта өткізсе де, экономиканың баяулауына байланысты пайда болатын сызаттарды жамап-жасқай алмайды» деп түйіндейді.

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ӨЗІНДІК ҚҰНЫ

Ұлыбританияның Financial Times газетінің жазуынша, мұнай бағасының тоқтаусыз арзандауы мұнай өндіруші елдерді жедел қаржылай көмек сұрауға мәжбүр етуі мүмкін. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен дүниежүзілік банк өкілдері жағдаймен танысу үшін осы аптада Әзербайжанға келді.

Сарапшылар егер Әзербайжан халықаралық қаржы институттары көмегіне жүгінген алғашқы елге айналса, келесі кезек кімдікі екенін болжайды. Газет мақаласында келтірілген кандидаттар тізімінде Нигерия, Эквадор, Венесуэла, Бразилия, Ресей және Қазақстан бар.

Жармыш ауылының көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.
Жармыш ауылының көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.

«Постсоветтік кеңістіктегі мұнай өндіруші ең ірі екі ел – Ресей мен Қазақстан бағаның арзандауынан қатты зардап шекті. Екі елдің де әзірше қорғана алатын буферлері бар. Бірақ мұнай бағасы осы қарқынмен арзандай берсе, екеуінің жағдайы қиындай түсуі мүмкін. Ресей бюджет тапшылығын жабу үшін жиған-терген қорын 18 айға жуық мерзім ішінде түгесіп бітіруі мүмкін. Батыс елдері салған санкциялардың кесірінен оның сырттан қарыз алу мүмкіндігі шектеулі» деп жазады Financial Times газеті.

Жергілікті валюта бағамының құлдырауы Ресей сияқты Қазақстанда да банк секторы ғана емес, валютамен алған сыртқы қарызы көп ірі компанияларды да қаржылай қолдау қажеттігі тууы мүмкін. Бірақ мақала авторларының жазуынша, ресейлік компаниялар қазіргі бағамен де табыс тауып жатса, қазақстандық өндірушілерге «қысым күшейе бастаған». Жуырда «ҚазМұнайГаз барлау және өндіру компаниясы» шығынсыз жұмыс істеуі үшін мұнайдың бір баррелі 65 доллар болуы тиіс екені деп хабарланған. Ал бұл кезде мұнай бағасы осы мұнай компаниясындағы мұнай өндірудің өзіндік құнын жабатын ең төменгі шекпен салыстырғанда екі еседей құлдыраған.

ПУТИН МЕН БОРАТҚА ЕСЕ ҚАЙТАРУ

Ұлыбританияның Guardian газеті режиссер Рүстем Әбдірешев түсіріп жатқан Қазақ хандығы туралы тарихи сериалға мақала арнапты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи сериал 1465 жылы Керей мен Жәнібектің оңтүстік Қазақстан территориясында жаңа мемлекет құрғаны жайлы баяндайды.

Әнші және бұрынғы парламент депутаты Бекболат Тілеухан «Қазақ хандығы» сериалында жырау ролінде ойнады. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.
Әнші және бұрынғы парламент депутаты Бекболат Тілеухан «Қазақ хандығы» сериалында жырау ролінде ойнады. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

Ресей Қырымды аннекиялап алған соң, көп уақыт өтпей, «Қазақ мемлекеттілігінің негізі небәрі 20 жыл бұрын ғана құрылған» деп мәлімдеген Владимир Путиннің сөзінен кейін Қазақстанда мемлекет тарихына қалып көпшілік назар аудара бастады. «Путиннің әлгі сөзінен кейін мемлекет негізін құруды [мерейтойды] мерекелеуге қатысты іле-шала жарияланған іс-шаралар Қазақстан үшін ұлттық құрылыстағы жаттығуға айналды» деп жазады Guardian газеті.

«Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» фильмдері сияқты Қазақстанды халықаралық аренаға сыпайы жолмен танытып, ойдан қиыстырылған Қазақстанды мазаққа айналдырған голливудтық Бораттан есе қайтаруға көмектесер деген үмітпен» сериалды бірнеше тілге аудару жоспарланған деп жазады Guardian.

XS
SM
MD
LG