Accessibility links

Ресей Сталин дәуіріне оралды ма?


Беслан мектебінде 2004 жылы болған террорлық әрекет құрбандарын еске алу шарасына келген әйел шырақ жағып тұр. Ресей, 1 қыркүйек 2012 жыл.
Беслан мектебінде 2004 жылы болған террорлық әрекет құрбандарын еске алу шарасына келген әйел шырақ жағып тұр. Ресей, 1 қыркүйек 2012 жыл.

Сочи олимпиадасына бірнеше ай қалғанда Ресей президенті қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған жаңа заңға қол қойды. Путинді сынайтындар мұны сталиндік кезеңге оралудың белгісі санайды.

Сынайтындардың айтуынша, Ресейдің мазасыз аймағы Солтүстік Кавказдағы бүліктерді басуға арналған жаңа заң сталиндік дәуірдегі ұжымдық айыптау мен ұжымдық жауапкершілік қағидаларын қайта жаңғыртады.

ЖАҢА ЗАҢ

Қарашаның 3-і күні Ресей президенті Владимир Путин «террор жасаған адамдардың туыстары мен таныстарына террордан келген материалдық және моральдық шығынды өтеуді міндеттейтін» заңға қол қойды. Одан бөлек, жаңа заң лаңкестердің достары мен туыстарының дүние-мүлкін тәркілеуге, террорлық әрекет жасау үшін оқу-жаттығудан өткендерді 10 жылға дейін соттауға мүмкіндік береді.

Jamestown Foundation қорының Солтүстік Кавказ бойынша сарапшысы, Париждегі Кавказды зерттеу орталығының төрағасы Майрбек Вачагаев:

- Бұл мүлде дұрыс емес. Қылмыс жасаған адам үшін тұтас бір топты жазалайтын 1930 жылдардағы сталиндік дәуірге қайта оралдық. Путин өзін Сталин мен сталиндік кезеңді қолдаушы ретінде көрсетті, - дейді.

Жанкешті әйел жарып жіберген автобус өртеніп жатыр. Волгоград, 21 қазан 2013 жыл.
Жанкешті әйел жарып жіберген автобус өртеніп жатыр. Волгоград, 21 қазан 2013 жыл.
​Дағыстандық жанкешті әйел өткен айда Волгоградтағы автобуста өзін-өзі жарып жіберді. Жарылыстан алты адам қаза тауып, 30 адам жараланды. Бұдан соң «террористер Сочидегі олимпиаданың да шырқын бұзуы мүмкін» деген қауіп арта түсті.

Сарапшылардың пікірінше, парламентте Волгоградтағы жарылысқа дейін қаралған және түскен бетте тез қабылданып кеткен құжат Кремльдің Солтүстік Кавказға бақылауды күшейткенін көрсетеді. Reuters агенттігінің мәлімдеуінше, билік аймақтағы консерваторлық көзқарасы байқалған әйелдердің ДНҚ-ларын тексеріп жатыр. Бұл шара мұсылман әйелдер жанкешті-терроршы болып шыққан жағдайда террорды кім жасағанын тез анықтау үшін қажет.

СОЛТҮСТІК КАВКАЗДЫ БАҒЫНДЫРУ

Сарапшылар арасында «Путин қол қойған «туысқандарды да жазалау» туралы заң Кремльдің Шешенстандағы әдісін тұтас аймаққа қолдануды көздейтінін білдіреді» деген пікір бар.

Вачагаевтың сөзіне қарағанда, «Бұл әдіс Шешенстанды Солтүстік Кавказдағы ең бейбіт елге айналдырған. Енді Кремль тұтас аймақта осы саясатты қолданбақ».

Ол «Шешенстан сияқты мұсылман республикасында «туысқандар» мен «таныстар» деген сөздің тұтас әулетті қамтуы мүмкін екенін» айтады.

Сарапшылардың пікірінше, заң қауіпсіздік күштерінің олимпиада ойындары алдында бүлікшілерге қарсы қандай шара қабылдайтынын көрсетеді.

Қауіпсіздік қызметінің жұмысын қадағалайтын agentura.ru сайтының құрылтайшысы Андрей Солдатовтың айтуынша, «қауіпсіздік қызметі бір жыл бұрынғымен салыстырғанда терроршылармен күрес әдісін мүлде өзгерткен».

- Бір жыл бұрын олар шұғыл операциялар мен ұзақ мерзімді шараларды қатар қолданатын. Мысалы, адамдарды орманнан шығуға ынталандырып, шыққандарын қоғамға бейімдеу жұмыстарын жасайтын. Қазір оның бәрі тоқтап, Солтүстік Кавказ республикаларында қатал әдістер қолданыла бастады, - дейді ол.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Ресей, Грозный, 6 тамыз 2013 жыл.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Ресей, Грозный, 6 тамыз 2013 жыл.
​Солдатов бұл заңның бүкіл Солтүстік Кавказ аймағында тиісті нәтиже беретініне күмәнмен қарайды.

- Бұл заң әр республикадағы жағдайға әртүрлі әсер етеді. Мысалы, Шешенстанда кремльшіл Қадыров пен оның адамдарынан жұрт қорқады. Яғни заң бұл елде нәтиже беруі мүмкін. Бірақ Дағыстандағы жағдай мүлде бөлек. Онда полицияның жұрт алдындағы беделі төмен, елге сөздері өтпейді. Дағыстанда бұл заң наразылықты күшейтіп жіберуі мүмкін, - дейді сарапшы.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG