Accessibility links

Сириядағы азаматтық соғыс


Сириялық бала Ирактағы босқындар лагерінде. 28 тамыз 2013 жыл.
Сириялық бала Ирактағы босқындар лагерінде. 28 тамыз 2013 жыл.

2011 жылы көктемде Сирияда президент Башар Асадқа қарсы бейбіт шеру ретінде басталып, кейін азаматтық соғысқа ұласқан қақтығыстан 100 мыңға жуық адам қаза тапты.

Тунис пен Египеттегі билікті құлатқан "Араб көктемінен" әсерленген шерушілер 2011 жылы наурызда Дамаск, Деръа, Хомс және Алеппо сияқты қалаларда президент Башар Асад үкіметіне қарсы шеруге шықты.

Бастапқы кезде біраз шеруші қайтыс болған соң Асад билігі кейбір саяси тұтқындарды босатты, елде елу жыл бойы өзгермей тұрған төтенше жағдай ахуалын аяқтады.

Үкіметке қарсы алғашқы ірі қарулы қарсылық 2011 жылы маусымда Сирияның солтүстік-шығысындағы сүнниттер тұратын Джиср әл-Шугур қаласында болды. Сегіз сақшы қаза тапты, ал ресми билік өкілдері бірнеше күннен соң қақтығыстан 120 адам қайтыс болғанын айтты. Билік қатаң әрекетке көшіп, тұрғындар боса бастады.

  • 2011 жылы шілдеде бұрынғы офицерлер "Еркін Сирия армиясын" құрғандарын YouTube арқылы жариялады. Бұл топ билікке қарсы алғашқы ресми күш болды. Кейін "біртұтас" Сирия ұлттық кеңесі құрылды. Кейінірек бір-бірімен бәсекелес мұндай оппозициялық топтар арасы шиеленісе бастады.
  • 2012 жылы ақпанда Хомс қаласындағы атыстан 200-ден астам адам мерт болған соң БҰҰ Асадты биліктен кетуге шақырған резолюция қабылдады. Бірақ бұл құжатқа Ресей мен Қытай вето қойды. Асадқа қарсы санкцияны қолдамаған, Таяу Шығыста әскери базасы бар, Сириямен қару саудаласатын Ресей БҰҰ жоспарына кедергі келтірді. Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы оқиғаға араласуға қарсы шығып, ол елдегі зорлық-зомбылыққа оппозицияның да қатысы бар екенін айтты.
  • 2012 жылы шілдеде көтерілісшілер Дамаск қаласын басып алмақ болды. Сирияның жоғары лауазымды төрт адамы (арасында Асадтың туысы, барлау басқармасының бастығы бар) оппозиция бомбасынан мерт болды. Ереуілшілер бұдан соң бірнеше ай бойы қарқынды әрекет етті. Асад төңірегіндегі лауазымды адамдардың кейбірі көтерілісшілер жаққа өтіп кетті. Алавиттерден құралған Асад армиясы мен сүнниттерден құралған оппозиция жасағының соғысы секталық сипат ала бастады.
  • 2012 жылы тамызда АҚШ президенті Барак Обама Сириядағы химиялық қару жайлы қаупін айтты. Сирия әскері де, "Әл-Қаидаға" жақын оппозиция да бір-бірін "химиялық қару қолданды" деп айыптады. Тексеру барысында зарин газы бірнеше батыс провинциялардағы қақтығыста қолданылғаны анықталды. Осыған байланысты халықаралық қауымдастықтың қысымы күшейді
  • 2013 жылы сәуір-шілде айлары аралығында Сирия үкіметі әскері оппозицияға қатты соққы берді. Банияс пен әл-Байда қалаларында қырғын болып, 3 миллионға жуық адам босып кетті. Батыс Сирия оппозициясынан іш жия бастады.
  • 2013 жылы тамызда "Сирия үкіметі бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды" деген пікір айтылды. Батыс бұл әрекетті Асадтан көріп, әскери дайындық жасай бастады. Сирия билігі бұл айыпты мойындамады.


XS
SM
MD
LG