Accessibility links

Тәжік сайлауындағы заң бұзу видеолары шықты


Азаттықтың Тәжік қызметі түсірген видеода дауыс беруге келген әйел адам бірнеше бюллетень ұстап тұр.
Азаттықтың Тәжік қызметі түсірген видеода дауыс беруге келген әйел адам бірнеше бюллетень ұстап тұр.

Азаттық тілшілері Тәжікстан президенті сайлауында заң бұзу фактілерін тіркеді. Олардың видеолары да жарияланып жатыр. Сайлауда ел президенті Эмомали Рахмон 83,6 пайыз дауыс жинаған.

Қарашаның 6-сы күні Тәжікстанда өткен президент сайлауында Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері дауыс беру ережесін бұзудың бірнеше фактісін тіркеді.

ТОПТАП БЮЛЛЕТЕНЬ САЛУ

Сайлауда отбасы мүшелерінің орнына бір адамның дауыс беруі, төлқұжатын көрсетпей дауыс беру, сайлау комиссиясына қатысы жоқ тұлғаның сайлаушыларға «кеңес» беруі сияқты заң бұзушылықтар тіркелді.

«Қалай дауыс беру керек?» деп сұраған сайлаушыларға әлгі «кеңесші» «тізімдегілердің бәрін сызып тастап, Эмомали Рахмонның есімін ғана қалдыр» деп ақыл үйреткен.

YouTube желісінен алынған бұл видеодан бір адамның сайлау жәшігіне бірнеше бюллетень салғанын көруге болады:



Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері Душанбедегі бірнеше сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылады. Алғашқы заң бұзушылықтар Душанбе қаласындағы №30 сайлау учаскесінде тіркелді. Бір әйел өзі үшін және сайлауға науқастанып келе алмаған қызының орнына дауыс берді.

- Өзім үшін және қызымның орнына дауыс бердім. Ол науқас болғандықтан, басқа амалымыз болмады. Жалғыз бюллетеньге бола адамды мазалап, ауруханаға сүйреудің қажеті қанша? – дейді ол.

«БІРІН-БІРІ ТАНИДЫ, ТӨЛҚҰЖАТТЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Тәжікстан астанасынан шеткерірек жатқан Вахдат ауданында бұдан да өрескел заң бұзушылық тіркелді. Ол жерде отбасының бір мүшесі 5 немесе 10 адамның орнына дауыс берген оқиға болды. Сайлауға төлқұжатсыз келіп дауыс берген сайлаушылар да байқалды.

Алайда Вахдат ауданындағы №65 сайлау учаскесі бастығы Мирали Мусофиров дауыс беру ережесінің бұзылу фактілерін теріске шығарады. Ол «бір ауылда тұратын адамдар бірін-бірі танитын болса, төлқұжаттың қажеті жоқ» дейді.

№73 сайлау учаскесінде Вахдат тұрғыны Зебо Каландарова Ресейге жұмыс іздеп кеткен бес мигрант туысының орнына дауыс берді. Әйелдің өзі, балалары және күйеуі үшін дауыс бергені Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілері түсірген видеодан көрінеді. Тілшілердің «Балаларыңыз Ресейде де дауыс бере алады ғой?» деген сұрағына әйел түсінбеген кейіп танытты.

Тәжікстандағы топтап бюллетень салу
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Сайлау учаскесі әкімшілігі журналистерді «сенсация жасағыларың келеді» деп айыптап, дауыс беру ережесін бұзу фактілерін мойындаудан бас тартты.

Ал Вахдат ауданы Шифо кентінде сайлау себетіне екі бюллетень тастаған бір әйел милицияда істейтін күйеуі бұл күні кезекшілікте болғандықтан, оның орнына да дауыс бергенін айтты.

83,6 ПАЙЫЗ

Тәжікстанда қарашаның 6-сы күні өткен президент сайлауының алдын ала нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан ел азаматтарының 83,6 пайызы қазіргі президент Эмомали Рахмонға дауыс берген. Бұл туралы қарашаның 7-сі күні Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Тәжікстан оппозициясы президент сайлауына ортақ кандидат ретінде ұсынған Ойнихол Бобоназарованы билік тіркемей тастады. Сонымен бірге Тәжікстан социал-демократиялық партиясы бұл сайлауға бойкот жариялады.

61 жастағы Эмомали Рахмон 8 миллион халқының жартысынан астамы кедей Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келеді. Ол осымен төртінші мерзімге президент болып сайланды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ ВИДЕОСЫ

2012 жылы қаңтардың 15-і күні Қазақстан парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Алматы маңындағы бір сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшісі бюллетеньдерді жәшікке топтап салып жатқан оқиғаның үстінен түскен еді.

Жаңатұрмыстағы заң бұзу
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00


Азаттық тілшісі түсірген осы видеоға қатысты «Сайлауды бақылау комитетінің» мүшелері Бақытжан Төреғожина, Зәуреш Батталова, Ғалым Ағелеуов Қазақстан прокуратура органдарына сауал жолдады. Алматы облысы Қарасай ауданының прокуроры Айдос Кульбаев белсенділерге берген жазбаша жауабында 374-сайлау учаскесінде болған оқиғаны Қарасай аудандық прокуратурасы тексергені жайлы айта келіп, «Әжесі көзі нашар көретіндіктен М.Қалиолдановаға бюллетенін сайлау жәшігіне салуды өтінген. Дәл осы кезде тағы бірнеше қарт адам дауыс беруге келіп, олар да толтырған бюллетендерін сайлау жәшігіне салуды сұраған» деп түсіндірген еді.

Оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар сол жолғы сайлауда заңның өрескел бұзылғанын айтқанымен, прокуратура «ондай арыз-шағымның ешқайсысы расталған жоқ» деп мәлімдеді.

Тәжікстандағы сайлауға қатысты мәліметтер Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері Ганджина Гандж, Шахло Гулходжаның мақаласынан алынды.
XS
SM
MD
LG