Accessibility links

FP: «Қазақстан президенттің туған күніне 10 миллион доллар жұмсаған»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті күні мейрамында жұртпен амандасып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті күні мейрамында жұртпен амандасып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мемлекет басшыларының туған күнін ұлттық мейрамға айналып жіберген елдер тізімінің басында Қазақстан тұр. Foreign Policy (FP) басылымында 19 ақпанда жарық көрген мақала осы тақырыпқа арналған.

«АҚШ жыл сайын ақпанның үшінші дүйсенбісін қос президент – Джордж Вашингтон мен Авраам Линкольннің құрметі арналған ұлттық мейрам ретінде атап өтеді. Бірақ америкалықтар шағын сауда жасағаны болмаса, мерекені дабырлатып тойламайды» деп басталады Элизабет Ф. Ральфтің «Диктаторлар мен монархтар туған күнін қалай тойлайды?» деп аталатын мақалаласы.

Автордың жазуынша, америкалықтардың көбі ол мейрам кімнің құрметіне арналғанын біле де бермейді. Ал билікте отырған президент өзін әспеттемейді: «мысалы, Обама биыл туған күнінде Тайгер Вудспен гольф ойнап, аздап босаңсыды».

Бірақ әлем елдерінің бәрінде бірдей жағдай бұндай емес екенін ескерткен автор туған күнін тойлайтын алты мемлекет басшысының әрекетін сипаттайды.

ҚАЗАҚСТАН

Автор Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылы туған күнін ұлттық мейрам ретінде атап өтетін жарлыққа қол қойғанын айтады. «6 шілде ресми түрде «Астана күні» аталғанымен, көпшілік оны президенттің туған күнін тойлаудың сылтауы ретінде қарастырады. Назарбаев Орталық Азия мемлекетін Совет Одағы құлағаннан бері басқарып келеді» дейді Ральф.

Автор кейбіреулердің бұл мейрамды ерекше құлшыныспен атап өтетінін, бірақ біраз жұрт жеке басқа табынуға арналған мерекені онша жақтыра бермейтінін айтады.

«Бұл елде университет, саябақтар президенттің атымен аталатынын» да еске салған Foreign Policy Астананың бір тұрғынының пікірін келтіреді. «Астана күні мен Назарбаевтың туған күні бір күнге сәйкестендірілгендіктен, бұл мейрамға аса қомақты қаржы кетеді. Олар мектептегі баламның миына «Назарбаевтың арқасында күн көреміз» деген қағиданы құйып жатыр» дейді қала тұрғыны.

«2010 жылы үш күнге созылған фестиваль кезінде үлкен, төбесі жабық саябақ ашылған еді. Италиялық тенор Андреа Бочелли ән шырқады (2008 жылы Уитни Хьюстон келген), Иордания королі мен жеті президент бұл шараға қатысты. Мерекелік цирк, балет, фейерверк – осының бәріне Қазақстан 10 миллион АҚШ долларын жұмсады» деп жазады Foreign Policy.
Ханшатыр ойын-сауық кешенінің ашылу салтанаты. Астана, 6 шілде 2010 жыл.
Ханшатыр ойын-сауық кешенінің ашылу салтанаты. Астана, 6 шілде 2010 жыл.

Автор өткен жылы Астана күнін тойлау аясында халықаралық кинофестиваль өткізілгенін, дю Соль циркі мен бірнеше концерт ұйымдастырылып, мұз айдында шоу қойылғанын баяндайды. «Бұған таң қалудың керегі жоқ, – депті қазақстандық бір шенеунік 2010 жылы. – Барлық халықтар өз президентіне сыйлық жасайды».

«Сайлауда бірнеше мәрте жеңіске жеткен Назарбаев 90 пайыздан астам дауыс жинайды. Ол өз билігін шектейтін заңды өзгертіп, барынша ұзақ президент болғысы келеді. Егер жасартатын дәріні тауып алса, оның еңбегі нәтижелі болуға тиіс» дейді мақала авторы.

ИОРДАНИЯ

Басылымның жазуынша, «Назарбаевтың құрметті қонағы болған Иордания королі де туған күнін тойлаудың түрлі жолын білетін сияқты».

«1999 жылы король Хусайнның мұрагері ретінде таққа отырған ІІ Абдулла өз туған күнін ұлттық мереке деп жариялады. Бұрын бұл күн әкесінің туған күні ретінде де атап өтілетін.
Йордания королі ІІ Абдулла. 5 сәуір 2011 жыл.
Йордания королі ІІ Абдулла. 5 сәуір 2011 жыл.

2007 жылы Абдулла «еңбек өнімділігін арттыру үшін бұл күні банктер мен кәсіпорындар қызмет ете береді» деді. Солайша ол әкесі екеуінің туған күнін басқа ресми күнге ауыстырып, халықтың асықпай тойлауына жағдай жасады.

«Қазір 30 қаңтар елде мейрам әрі жұмыс күні саналады. Король Абдулла оны танымал әнші мен шетелдік қонақтар арасында емес, отбасымен бірге атап өтеді» дейді автор.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ

«Биыл Ким Чен Ун сыйлық алғаннан гөрі сыйлық бергеннің ләззаты көп екенін әлемге әйгіледі» деп жазады Элизабет Ральф.

Мемлекеттік ақпарат құралдарының дерегінше, Солтүстік Корея жетекші 8 қаңтарда ​туған күні құрметіне жасы 10-ға толмаған әр балаға бір килограмм кәмпиттен үлестірген екен. Тіпті алыс аралдағы ауыл тұрғындары да сыйлықтан құр қалмапты. Ресми есепке қарағанда, «тәттіні алған балалардың қуанышы қойнына сыймаған».

«Егер Ким Чен Ун өзін қолпаштағанды ұнатса, бағыты дұрыс. Оның әкесі мен атасы да жас ұрпаққа деген «әкелік махаббатын» кәмпит, жұмыртқа сияқты заттар таратумен көрсететін. Қазір екеуіне арналған жеке мейрам бар.
Ким Чен Ирдің туғанына 71 жыл толғанын атап өту шарасы. Солтүстік Корея, 15 ақпан 2013 жыл.
Ким Чен Ирдің туғанына 71 жыл толғанын атап өту шарасы. Солтүстік Корея, 15 ақпан 2013 жыл.

Ким Чен Ун 16 ақпанда әкесінің туған күнін атап өтіп, мерекелік мөр басады, әкесінің бейітіне барады, перзентханаға бал жібереді ... және ядролық қаруды сынайды» дейді автор.

КУБА

«1959 жылы билікке келгеннен бері Фидель Кастроның туған күнін бүкіл ел болып тойлайды» дейді басылым Куба көшбасшысы туралы. 2011 жылы «Фидельге серенада» атты шара өтіп, оған Европа мен Латын Америкасының танымал артистері қатысқан. «Кастро сол жылы бұл мейрамды Кубаға қатерлі ісіктен емделуге келген бұрынғы одақтасы Уго Чавеспен бірге тойлады» дейді басылым. «Фидель екеуіміз оның 85 жасқа толған мерейтойын атап өттік. Фидель жасасын!» деп жазды Чавес кейін Twitter-дегі парақшасына.
Кубаның бұрынғы президенті Фидель Кастро (сол жақта) және Венесуэла президенті Уго Чавес. Гавана, 28 маусым 2011 жыл.
Кубаның бұрынғы президенті Фидель Кастро (сол жақта) және Венесуэла президенті Уго Чавес. Гавана, 28 маусым 2011 жыл.

Былтыр Кастро көпшілік алдына шықпаса да, оның туған күнін халықтың өзі атап өткен екен. «Мемлекеттік ақпарат құралдары оны құттықтады, оған концерттер арналды, коммунистік жастар одағы оған арнап торт пісірді. Бірақ тіпті өмірінің маңызды сәтінен көрініс қойғанда да ол көпшілік көзіне түспеді. Бірақ бұл – Кастроның партиясы, өзі қаласа тығылу қиын емес» дейді автор.

ТҮРКІМЕНСТАН

Автор Түркіменстанның бұрынғы президенті, 2005 жылы 65 жасқа толған Сапармұрат Ниязовтың әулет шежіресі жазылған ақша шығарғанын айтады.

«Бір жылдан соң Ниязов «Рухнама» деп аталатын кітап жазып, оның құрметіне алтын мен күміс тиын шығарды. Бұл кітапты түркімен халқының моральдық нұсқаулығы деп атап, оны мектептегі балаларға оқытты. Ал түрмедегілер бостандыққа шыққан соң Ниязовқа адалдықтарын сақтайтынын айтып, ант берді. Кітапта үлкендерді сыйлаудан бастап, әйелдерге әшекей бұйым сыйлауға дейінгі барлық мәселелер қамтылған» деп жазады автор.

Басылым Ниязовтың туған күні ерекше өткенін жазады. «Концерт өтіп, бәйге ұйымдастырылып, ұлттық киім киген балалар президентін түркімен және ағылшын тілінде мадақтайтын» дейді.
Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) және қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат.
Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) және қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат.

Автордың айтуынша, «2006 жылы Ниязов дүниеден өткен соң орнына келген Гурбангулы Бердімұхаммедов өз туған күнін ұлттық мейрамға айналдырмады, Ниязовтың құрметіне өтетін салтанатты шараға да тыйым салды».

«Бірақ ол (Гурбангулы Бердімұхаммедов – ред.) туған күнінде не істеу керектігін біледі. Мысалы, 2011 жылы ол өзі жазған махаббат әнін орындады. Мемлекеттік телеарна ән орындалған гитараны «ұлттық мұра, баға жетпес қазына» деп әспеттеп, музейге сақтап қоятын болды. 2012 жылы астанада Бердімұхаммедовтың құрметіне концерттер қойылды».

ТАИЛАНД

«Таиланд жыл сайын король Пумипон Адельяеттің (85 жасқа келді) туған күнін және Әке күнін атап өтеді» дейді автор.

Басылымның жазуынша, «Бангкокке жиналған қалың қауым ту ұстап, сары түсті киім киеді. Сары түс – дүйсенбі, корольдің туған күні деген символды білдіреді. Әдетте монарх түрмедегілерге рақымшылық танытады, кейде ескерту жасайды. Өткен жылы ол ұлттық бірлікке шақырды».

Король 2007 жылы ауруханадан алқызыл жейде киіп шыққан соң таилықтар дүкенге жүгірген екен. Сол кезде түсі алқызыл жейделер саудасы 60 пайызға артқан. Басылымның жазуынша «таилықтар солайша кәрі корольдің денсаулығын жақсартуды көздеген» деп жазады Foreign Policy.
XS
SM
MD
LG