Accessibility links

«Таныс та бейтаныс есімдер»: Әмен Абжанұлы Қайдар


Қазақ мультипликациясының негізін қалаушы, белгілі режиссер-аниматор, суретші, соғыс ардагері Әмен Абжанұлы Қайдармен өткізілген сұхбат.

Қазақ мультипликациясының негізін қалаушы, белгілі режиссер-аниматор, суретші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, соғыс ардагері Әмен Абжанұлы Қайдар Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған соң 1965 жылдан бастап Қазақстанда мультфильмдер шығарумен айналыса бастады.

Оның тырнақалды туындысы 1967 жылы жарыққа шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмі кейінірек дүниежүзінің 48 елінде көрсетіліпті. Одан бертін келе ол «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр-құрылысшы» сынды шығармаларын кішкене көрермендер назарына ұсынды.

Автор өз туындыларының ішінде әсіресе «Ақсақ құлан» мультфильмін ерекше бағалайтынын айтады.

«Өйткені мұнда ұлттық рухтың қашанда жоғары тұратындығы, қазақтың ұлттық аспабы - домбыраның қасиеттілігі айқын көрініс тапқан», - дейді Әмен Қайдар.

Мамырдың 6-сы күні Алматыдағы Сапарғали Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында халық ертегісінің желісімен қазақ тілінде түсірілген «Құйыршық» атты тағы бір жаңа мульфильмнің тұсауы кесілді.

Бүгінде сондай-ақ Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ұстаздық ететін Әмен Абжанұлының айтуына қарағанда, бұл шығарманы «Қазақфильм» ұлттық компаниясы мен аталған академия түлектері бірігіп жасаған.

Өн бойы қазақы рухқа толы дүниені автор болашақта 10 сериялы етіп түсіруді жоспарлап отыр. Әзірге дайын болғаны тек алғашқы сериясы ғана. Оның өзіне 20 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалыпты.

«Егер үкімет бұл жобаға нақты қаржылай қолдау көрсетпесе, ендігі тоғыз серия түсірілмей қалуы да мүмкін», - дейді Әмен Қайдар.

Әмен Абжанұлының пікірінше, бүгінде қазақ мультфильмі нарық жағдайына сәйкес келмейтін, тұтынушы есебінен өзін-өзі ақтамайтын сала болғандықтан, құрып бітудің аз-ақ алдында тұр.

«Қазақстанда ұлттық нақыштағы, өскелең жас буын үшін тәрбиелік мәні зор мультфильмдер жасайтын мамандар жеткілікті, тек үкімет осы салаға өз деңгейінде көңіл бөлсе болғаны», - дейді қазақ мультфильмінің атасы атанып жүрген Әмен Абжанұлы Қайдар.
XS
SM
MD
LG