Accessibility links

"Киллер-газеттен сақтанып жүріңіз"


Мақалада автор қазақтың белгілі азаматы Балташ Тұрсынбаев жайында “Балташ мырза “інінен” шықты деген тақырыпта “Жас алаш” басылымының 29-шы мамыр күнгі санында жарық көрген сыный мақала жайында жазады.

“Азат” басылымының соңғы санында “Киллер-газеттен сақтанып жүріңіз” деген Данияр Демесіннің мақаласы жарық көрді. Онда автор “Жас алаш” газетінің 29-шы мамыр күнгі санында “Балташ мырза “інінен” шықты” деген тақырыпта жарияланған мақаланы сынға алған.

Мақала “Ұрынарға қара таба алмай жүрген “Жас алаш” газеті енді қазақтың белгілі азаматы Балташ Тұрсынбаевқа ауыз салды” деп басталады. Автордың айтуынша “Жас алаш” газетінде жарық көрген бұл мақала билік басындағылардың арнайы тапсырысымен әзірленген. Жедел түрде даярланған бұл мақаланың шығуына 27-ші мамыр күні Балташ Тұрсынбаевтың “Жер мәселесіне арналған Республикалық референдум өткізу жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болып сайланғандығы себеп болып отыр.

Мақала авторының айтуынша Жер кодексін ым-жымсыз қабылдап, қазақ жерін пышақ үстінен жырымдап бөліп алғысы келген алпауыт топ Балташ мырзаның бұл бастамасынан аңтарылып қалған тәрізді. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып үйренген билік басындағылар “Жас алашқа” шұғыл түрде мақала әзірлеуді бұйырған сыңайлы.

Мақала авторының айтуынша билік басындағылардан жедел тапсырма алған “Жас алаш” басшылығы, мұны газет тілшісі Сәкен Сыбанбайға міндеттеген. Осылайша шенеуніктер Сәкен Сыбанбайдың қолымен көсеу көсеп, Балатш мырзаны бір сыбап алғанға ұқсайды. Бұл жайында автор мақалада былай дейді: “Балташ атқа қонса, жағдайдың мүлде өзгеретінін сезген билік басындағылар қолынан жем жеп отырған “киллер” газет “Жас алашқа” шұғыл тапсырма беру арқылы арнайы мақала дайындатып отыр. Ал, билік басындағылардан алысқа асып кете алмаған “Жас алаш” басшылығының бұған бас июден басқа шарасы қалмаған тәрізді ” делінген мақалада.

Сондай-ақ, автор билік басындағылардың арнайы тапсырысы өте шұғыл түрде орындалғандығын да сынға алады. Мәселен, Балташ Тұрсынбаевтың қоғамдық комитетке төраға болып сайланғанына бір тәуліктен сәл ғана өткен шақта мемлекетік басылымда оған қарсы мақала жарық көріп үлгеріпті. Бұл арада автор мақалада биліктегілердің Балташ Тұрсынбаевқа деген ішкі қынжылы жетерлік дегенді айтады. Мұның мәнісін Данияр Демесін мақалада былайша түсіндіреді: “Балташ халық адамы. Сол үшін де оны билік басындағылар бір орынында отырғызбай, 1992-1999 жылдар арасында 5 қызметке қойып, ақыры құтылып тынды. Ол қандай қызмет атқармасын қалың жұртшылықтың көңілінен шыға білді. Қазіргі билік үшін мұндай адам қауіпті” дейді тілші.

Ал мақаланы қорытындылаған автор “Сасқан үйрек артымен сүңгиді” демекші биліктегілердің былайша алдын ала сақтық жасауының өзінде үлкен гәп бар деп есептейді. Себебі, қазіргі таңда Қазақстан халқының жерді жекеменшікке беруге наразылық білдіріп отырғаны үкімет басындағылар үшін таңсық емес. Қазақ жері сатыла қалған жағдайда халықты бастап шығар, мықты азаматтар көтерілетін болса, бұқараны тоқтатуда қиынға соғатыны белгілі. Сондықтан да “Жас алаш” басылымындағы мақаланың өзі биліктің алдын ала жасаған сақтық, айласының бірі болса керек дейді автор “Азат” басылымының соңғы санында.
XS
SM
MD
LG