Accessibility links

Премьер қызметінен кетті


“Начнем с понедельника” апталығының 13 маусым күнгі санында бір топ депуттар мен қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов мырзаның қызметінен кеткен кезде жасаған мәлімдемесіне байланысты өз ойларын білдірген.

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетовтың күтпеген жерден өтініш беріп, қызметінен кетуі осы айдың ішіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болғандығы аян.

“Начнем с понедельника” апталығының 13 маусым күнгі санында бір топ депуттар мен қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов мырзаның қызметінен кеткен кезде жасаған мәлімдемесіне байланысты өз ойларын білдірген. Қазақстан Республикасы сенатының депутаты Қайсаровтың пікірінше Иманғали Тасмағамбетовтың парламентті заңсыз жолмен дауыс жинады деп айыптауы негізсіз әңгіме. “Мәжіліс өзіне заңсыз жолмен дауыс жинаған жоқ, қайта оны сенаттың кесіп тастауы ықтимал. Неліктен төменгі палатаға сенуге болмайды да, жоғарғы палатаға сенуге болады. Тасмағамбетов бұл сөздерді екі палатының арасында қақтығыс туғызу үшін әдейі айтты. Мен есептеу комиссиясында істейтін адамдардың бәрін де жақсы танимын және олардың адалдығына кәміл сенемін. Жер Кодексіне байланысты болған оқиғада ешкім үндегісі келмейтін бір кілтипан бар. Бастапқы кезде үкімет заң жобасын қайтып алады да, кейіннен өзіне сенімсіздік білдіру туралы мәселе қояды. Неліктен екенін бір құдай біледі. Екіншіден парламент мәжілісімен біріккен отырыс регламентті бұзу арқылы өтті. Үшіншіден заң жобасы сенімсіздік білдіру негізінде қайтып алынса, оған қол қойылмауы тиіс. Мұндай жағдайда парламент мақұлдағаннан кейін ғана ол заң жобасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сай келетіндігі Конституциялық кеңесте қаралуы тиіс. Ертеңгі күні түрлі оқиғалардың барысында бұл заң конституциялық емес болып саналуы ықтимал” дейді депутат Қайсаров.

Депутат Қайсаровтың пікірінше күндердің-күнінде билік басына жерді сатуға қарсы адамдар келсе, олар бұл заңды конституцияға қайшы келгендіктен қайта қарауға толық құқысы бар

Ал, Парламент мәжілісінің депутаты Дрожжин мырза өз ойын былайша білдірген: “Жалған бюллетендер туралы мәлімдеме жасаған премьер-министр бұрын-соңды Қазақстан тарихында болған емес. Мен жалған бюллетендерді қалай жасауға болатынын мүлде түсінбеймін. Қолға берілгені жүз жеті бюллетен. Оның барлығы да жәшікке салынды. Кеше біз президентпен кездескен уақытта премьердің қателігін түсіндік. Ол бізге келіп, мәселені шешуге тиіс еді. Бірақ ол көкірек танытып келмей қойды, ал президент келді. Тасмағамбетовтың келмей қоюы биліктің арасында да келіспеушіліктің бар екендігін аңғартады. Сондықтан да Иманғали Тасмағамбетовке өз еркімен қызметтен кетуден басқа амал қалған жоқ” дейді Парламент мәжілісінің депутаты Дрожжин.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов Иманғали Тасмағамбетов қызметінен кетер кезде жауапсыз баяндама жасады деп есептейді. “Дауысты санайтын арнайы комииссия бар және ол бір адам ғана емес. Менің ойымша Иманғали Тасмағамбетовтың жүйкесі тозып, шыдай алмады. Ал Иманғали Тасмағамбетовтың мәжілістің экономикалық реформаларды тереңдетуге дайын емес екендігі туралы айтқан сөздері ақиқат. Алайда Тасмағамбетовтығң өзі де ол реформаларды жүргізуге дайын деп айта алмас едім. Бірақ Тасмағамбетов неге тек қана мәжілісті айыптады, менің ойымша сенат та экономикалық реформаларды ілгері жылжытуға мүлде әзір емес” дейді Болат Әбілов.

Болат Әбіловтың пайымдауынша мұндай маңызы зор құжатты қабылдауда асығыстық танытудың қажеті жоқ. Бұл туралы ойын Болат Әбілов былайша білдірген. “Жерге жекеменшік енгізу құқын беру туралы халық үшін маңызы зор мәселені шешуде асығыстық таныту жақсылыққа әкеліп соқтырмайды. Менің ойымша Қазақстанда тоқсаныншы жылдары болған жекшелендіруді қайталаудың қажеті шамалы. Ол кезде де зауыттар мен фабрикалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалған болатын. Сондықтан да президент Жер кодексі жобасына қол қоюға асықпауы тиіс. Ал жерге байланысты референдум өткізу оны ұйымдастырушылардың қажырлылығына байланысты” деп “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов “Начнем с понедельника” апталығының он үшінші маусым күнгі санында өз ойын білдірген.
XS
SM
MD
LG