Accessibility links

"Файненшл таймс": "Қазақстан президенті мұнай ақшасына байланысты күдіктерді жоққа шығарды"


Американдық мұнай компаниялары Қазақстан басшыларына пара берді, сөйтіп Қазақстан мұнайының ақшасы талан таражға салынды, АҚШтың заңдары бұзылды деген іс Нью Йорк қаласының сотында маусым айының 23-де тергеле басталады. Сотқа американдық екі азамат тартылып отыр. Миллиондаған доллар пара алғандардың бірі ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталып келеді. Қазақстан басшысы бұл жөнінде осы күнге шейін тіс жармады. Маусымның он екінші жұлдызында бұл үнсіздіктің шегі жетті. Нұрсұлтан Назарбаев британдық "Файненшл таймс" газетіне берген сұхбатында өзінің атына тағылған күдіктің барлығын жоққа шығарды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезіндегі сенімді адамы арқылы пара алды деген айыптауды жоққа шығарды, Америка Құрама Штаттарындағы күдік бұрыңғы бас министрдің "жалған мәліметіне" негізделді деп астан кестен шықты, деп бастайды мақаланы "Файненшл таймс" газетінің тілшілері Питер Марш және Девид Стерн. Іс жөніндегі алғашқы бұқаралық түсініктемесінде Назарбаев мырза өз еліндегі саясаткерлермен болатын мен АҚШпен қарым қатынасындағы сөзжарыстан әлде қайда қатаң пікіралысуға жүгінді. Оның бұрынғы арнаулы кеңесшісі Джеймс Гиффенге Америкада "Шетелдердегі коррупциялық істер заңының" негізінде тағылған айыпты ол "араңдатушы және жөнсіз", "жалған талдауға" негізделген деп тапты.

Гиффен мырза Қазақстан ресми өкілдеріне 1990-шы жылдары 78 миллион доллар пара берді деп осыдан екі ай бұрын айыпталды. Ол "Мобил" сияқты алып мұнай компанияларының ақшаларын арасында Назарбаев мырза бар Қазақстанның жоғары басшыларына жеткізіп тұрды деп айыпталады. Назарбаев мырза бұл айып Әкежан Қажыгелдиннің баспасөзде ұйымдастырған науқанына негізделді деп сипаттады.

Бұрынғы бас министр Әкежан Қажыгелдин миллиондаған долларды жымқырды деп 2001 жылы Қазақстан сотында сырттай танылған, он жыл бас бостандығынан айрылуға кесілген. Ол 1999 жылды президент сайлауына жолатылмаған соң Қазақстаннан кетіп қалды, қазір шетелде тұрады, Қазақстан үкіметінің адам құқықтары және демократия саласындағы кемшіліктеріне АҚШ заңгерлерінің назарын қадап келеді. Өз басына тағылған айыпты жоққа шығарған Қажыгелдин мырза "Файненшл таймс" газетіне берген сипаттамасында қылмыс ісі бойынша ақталу мақсатында компанияларды жалдаудың қажеті жоқ, істі тек АҚШтың тәуелсіз соты тергейді деді.

Назарбаев мырза Қажыгелдин мырзаны "бүлікші" және "ұры" деп айыптап отыр, Қажыгелдин коррупциялық шаруаларын жасыру мүддесімен Қазақстанда заңсыз істер орын алды деп әңгіме көтерді. Ол бес-алты лобби компаниясын жалдап, Қазақстан ресми өкілдеріне қатысты мәселені қоздырып отырғанын біз білеміз, деді Назарбаев мырза "Файненшл таймс" газетіне. Бұл дау Қазақстан экономикасының жемісті жайттарынан назарды теріс аударып отыр, бұрынғы Совет Одағының шеңберіндегі ең сәтті еңбекті көлеңкеге ығыстырып отыр, - деді Қазақстан президенті.

Америка Құрама Штаттарында айтылып жатқан айыптауларға көп назар аудармаймын, АҚШ соттарында анықталатын шаруаның біздің үкіметімізге қатысы болмайды, деді Назарбаев мырза.

"Файненшл таймс" газеті мақаласын былай деп аяқтайды. Қазақтарға жақын батыс бақылаушылары Қазақстан үкіметінің бұл іске үлкен мүдде танытып отырғанын айтады. Назарбаевтің есімін бұқаралық ақпарат құралдарындағы басты орындардан алғызып тастауға, президентке айып тағыла ма жоқ па деген мәселені анықтауға әрекет жасалған. Қазақ ресми өкілдері көкек айында АҚШ ресми өкілдерінің алдына да мәселе қойған, алайда анық жауап алмаған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG