Accessibility links

Жапония депутаты Қазақстан президентiмен кездестi


Қазақстанға арнайы сарармен келген Жапония парламентiнiң депутаты Йосиро Мори маусымның 19-ы күнi Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестi.

Йосиро Мори мырзаның 2000 жылдың сәуiрiнен бастап бiр жыл мұғдарында Жапония Премьер-министрi қызметiн атқарғаны мәлiм.

Кездесуден кейiн ол “Президент Назарбаев Жапония экономикасының қазiргi даму үрдiсiне қызығушылық танытты. Бүгiнгi таңда Жапонияның iрi компанияларында қайта құру iсi аяқталып, олар табысқа кенеле бастады. Осындай жаңару үрдiсi негiзiнен провинцияларда орналасқан орта деңгейдегi компанияларда да жүргiзiлуде. Қазақстан басшысына Жапон экономикасының серпiндi даму жолына түскенi туралы әңгiмелеп бердiм”, - дедi.

Йосиро Моридiң айтуынша, экономикадағы қайта құрудың нәтижесiнде жапон өндiргiш күштерi басқа елдерде, әсiресе, Қытай Халық Республикасында кеңiнен қанат жайып келе жатыр. Алайда, онда өкпе қабынуының белгiсiз дертiнiң пайда болуына байланысты жапониядағы iскер топтар мұның дұрыс таңдау болғанына күмән келтiре бастаған. Сондықтан Жапонияның экономикалық саясатының бұл бағыты басқа елдерге бұрылуы мүмкiн.

Қазақстан мемлекет басшысы болса, ондай жағдайда жапон компанияларының Қазақстанға көптеп келуiне, жалпы, Жапония мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығын нығайта түсуге мүдделi екенiн бiлдiрген. Қазақстанның негiзгi байлығы мұнайы мен газын өндiру және экспорттау iсiнде жапон компанияларының да атсалысуын қалайтынын айтқан.

“Президент Назарбаев екi ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарда қосарланған салықты болдырмау үшiн тезiрек келiсiмге келу мәселесiн де көтердi. Мен оның бұл өтiнiшiн Жапония Премьер-министрiне және басқа да министрлерге жеткiзуге уәде бердiм”,-- дедi Йосиро Мори.
XS
SM
MD
LG