Accessibility links

Шаян, аққу және шортан туралы


Автор өз мақаласында үкіметтің ауысуына байланысты болған, соңғы оқиғаларға орай саяси болжам жасаған.

“Ассанди таимс” газетінің кезекті санында Мұхаметжан Әділовтың “Шаян, аққу және шортан туралы” деген мақаласы жарық көрді. Автор өз мақаласында үкіметтің ауысуына байланысты болған, соңғы оқиғаларға орай саяси болжам жасаған.

“Қазақстан үкіметінің жаңа басшысының тұлғасын талқылайтындардың пікірі бүгінгі таңда екіге айырылады. Президентке жақын бұқаралық ақпарат құралдары, депутаттар мен саясаткерлердің бәрі де бірауыздан, Даниял Ахметовты мінезі бар, ерік-жігері күшті адам ретінде бағаласа, оппозициялық топтағылар оның жіберген көптеген қателіктері мен өзгеше ойлайтын азаматтарды қудалаудағы істерін еске түсіріп жатыр” деген мақала авторы, ол айтылған әңгімелерді қайталай берудің, аса маңызды мәселе емес екендігін тілге тиек етеді. Мақала авторының айтуынша, билік басына келген жаңа үкіметтегілердің бәрі де бұрынғы кабинет тобынан жасақталады.

“Жаңадан жасақталған үкіметке қарап, бүгінгі таңда, саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа сай келетін тұлғаның жоқ екендігін атап өту ләзім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы кабинет құрамының төрттен бірін ғана өзгертіп, жаңа үкімет құрды. Бір қарағанда, Даниял Ахметовке не істесе де, өзі білетін ерік берілген секілді. Алайда Даниял Ахметов барлық жағынан президент адамдарының бақылауында отыр. Мысалы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып, мемлекет басшысының ең жақын адамдарының бірі Болат Өтемұратов тағайындалды. Астанадан алынған бейресми ақпаратқа сенетін болсақ, Алтынбек Сәрсенбаев кеткеннен кейін маңыздылығын жоғалтып алған Қауіпсіздік кеңесі қайтадан ықпалды органға айналады. Ендігі тұста ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі, Бас Прокуратура, әділет министрлігі мен қорғаныс министрлігінің бір бөлігі премьерге емес, Қауіпсіздік кеңесіне бағынады”- дейді мақала авторы.

Мақала авторының сөздеріне сенетін болсақ, осындай жолмен Қазақстан президенті Даниял Ахметовтың мүмкіншілігін шектеп тастаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Даниял Ахметовтың ендігі тұста, басқасын әңгіме қылмағанда өзінің бірінші орынбасары, Ахметжан Есімовке де әмірі жүрмейді. Өйткені Ахметжан Есімов - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегінің арқасында, билікте үлкен орны бар тұлға.

“Ақ жол” демократиялық партиясының бірнеше мүшесінің жаңа үкімет құрамына кіруінде де үлкен саясат бар. Сондықтан жаңа үкіметті тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш коолициялық кабинет деп айтуға әбден болады. Нұрсұлтан Назарбаев жартылай оппозициялық партия мүшелерін жаңа үкімет құрамына кіргізу арқылы, олардың интелектуалдық потенциалын билікті нығайту үшін пайдалануға күш салады. Егер де бұрын бұл партия президенттің бағытын қолдағанымен, премьер мен оның қарамағындағыларды аяусыз сынаса, ендігі тұста “Ақ жолдықтар” аса көп үкіметке тіл тигізе қоймайды”-деген мақала авторы, үкімет құрамының бұлайша жасақталуының себебін былайша түсіндіреді: “Міне осындай жолмен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің арбасына шаянды, аққуды және шортанды жегіп қойды. Үкіметтің бірінші басшысы Даниял Ахметовке шаянның ролін атқаруға тура келеді, өйткені ол қоғамды авторитаризмге қарай тартады, ал құқық қорғау орындарының бәрін бақылайтын Болат Өтемұратов шортанның, экономиканы көтеруге талпыныс жасаған “Ақ жол” партиясының өкілдері үкіметтің жүгін аспанға тартқысы келген аққудың кебін киеді” –дейді мақала авторы.

Мақала авторы өз ойын былайша түйіндейді: “Қалай болған күнде Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысын әділ бағалаған жөн. Ылғи да президент бір адамдар арқылы жаңа үкімет жасақтап отырады. Иманғали Тасмағамбетовты мемлекеттік хатшы қылып тағайындауында да үлкен саясат бар. Төртінші биліктен бесінші билікке ауыстыру арқылы, президент Нұрсұлтан Назарбаев “өз өніміне” үлкен құрмет көрсетті. Жер кодексіне байланысты дау-дамай да президенттің ұйымдастыруымен өткен әдемі спектакль еді. Сол спектакльді әдемі ұйымдастырғаны үшін, Нұрсұлтан Назарбаев өз “өнімінің” көңілін қалдырған жоқ.

Астанадан алынған бейресми бұлақ көздеріндегі деректерге жүгінсек, Иманғали Тасмағамбетов президенттің амбициясын таныта басатағаннан кейін, оны үкімет басынан кетірудің жоспары жасалған” делінген “Ассанди таимс” газетінің кезекті санында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың талдау мақаласында.
XS
SM
MD
LG