Accessibility links

2002 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы


Маусымның 27-і күні Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында 2002-шы жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы қаралды.


Мәжілісте Қаржы министрі Ерболат Досаев және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтің өткен жыл бюджетінің орындалуы туралы есептері тыңдалды.

Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтің айтуынша, өткен жылдың бюджеті жалпы орындалған. Бірақ талдау барысы көп бағдарламаның орындалмағанын көрсеткен.

Шығыс жағынан 600-ден аса бағдарламаның тең жартысы орындалған жоқ. Кіріс жағынан, қосымша салық, корпоративтік салық түсімдері орындалған жоқ. Шикізат секторында өсім бар. Бірақ салық өсімі болмай отыр. Шығыс жағынан кейбір көзделген бағдарламалардағы ақшалар уақытында жұмсалмай қалды.

Игерілмей қалған қаржылар да бар. Бірақ Есеп комитетінің қаржының тиісінше жұмсалуына талдау жасауға мүмкіндігі болмай отыр, -деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев.

50 миллиард теңге ақша есеп-шотта қалып отыр. Кіріс жағынан талдайтын болсақ, біздің бұған тиянақты талдау жасауға мүмкіндігіміз жоқ. Заңның қарама-қайшылықтары бар. Бақылау жөніндегі заңда есеп комитетіне бақылау мүмкіндігі берілгенмен, салық төлемдері кодексінде ондай мүмкіндік тек салық органдарына көзделген.

Осы мәселеге байланысты қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Исахан Әлімжановтің айтуынша, 342 бюджет бағдарламасы толығымен орындалмаған.

- 35 миллиардт теңгеден аса қаржы игерілмеген. Бұл теңге қолданысқа енгізілген уақыттан бергі игерілмей қалған ең көп ақша болып отыр. Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау оқиғалары да анықталған. Пайызға шаққанда әлеуметтік қажеттіліктерге шығыстар азайған. Мақсатты инвестициялық трансферттерді жергілікті бюджеттердің жұмсау жағдайы да алаңдаушылық туғызып отыр. 5,51 миллиард теңгеден аса ақша қаржы жұмсау тәртібінің ережесі бекітілмей пайдаланылып отыр.

Бағдарламалар саны өскенмен, мәселені тиімді шешуге ықпал ете алмай отыр. Мұндай ағымда 382 және 286 даму бағдарламалары бар, -деді Мәжіліс депутаты Исахан Әлімжанов.

Шикізат өндіретін компаниялардан түсетін түсімдер 2001 жылға қарағанда 2002 жылы азайған. “Теңізшевройл” компаниясынан түсетін салық 39 миллиард теңгеге кеміген.

2002 жылға арналған есепті талқылау жалғасуда. Бірлескен отырыс күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 және 2006 –шы жылдарға арналған бағдарламасы қаралмақ.
XS
SM
MD
LG