Accessibility links

Карелия - Финляндияның сыртқы саясатындағы "ақтаңдақ"


Финляндия 1940 жылы Совет одағымен арасында "қысқы соғыс" деген атқа ие болған соғыста жеңіліс тапқаннан кейін Карелияның шығыс бөлігін Мәскеуге беруге мәжбүр болды.

Сөйтіп бұл аймақтағы тұрғындар басқа жаққа қоныс аударылды. Содан бері 60 жылдан астам уақыт өтіп, тіпті ол аймақ енді ешқашан да Финляндияның бір бөлігі болатындай үміт тумай тұрса да, бұл арадан күшпен көшірілген карелиялықтардың туған жерге деген сағыныштары бәсеңдемейді.

Фин композиторы Жан Сибелиустың 1893 жылы Карелияның Випури қаласындағы студенттердің өтінішіне орай "Карелия" әуенінің сазы көпшіліктің құлағына жақсы таныс. Бірақ та Карелияның өткен кезеңінің тарихи шындығын жақсы білетіндер аз.

Жалпы Карелияны мекендеген ең бірінші тұрғындар финдіктер болған. Ал 13-ші ғасырдың басынан бастап, Ресей мен Швеция бұл аймақта үздіксіз соғыс жүргізіп келді. Сөйтіп 1808-09 жылдарғы соғыс нәтижесінде Ресей Швециядан Финляндияны жеңіп алды. Бұдан соң Финляндияға өз үкіметі мен өз парламенті бар автономиялық ұлы герцог аймағы деген мәртебе берілді. Ал 1812 жылы батыс Карелия немесе сол кездегі атауымен "ескі Финляндия" Финляндияның қалған бөлігіне қосылды. 1917 жылы 17 желтоқсанда Финляндия өзінің тәуелсіздігі мен бейтараптығын жариялады. Советтік Ресеймен жасалған 1920 жылғы Тарту Бейбіт келіссөзі Финляндияның , басқаша айтсақ, батыс аймақтағы немесе Финдік Карелиядағы Финдік басқару шекарасын заңды түрде бекітті.

1932 жылы Совет одағы мен Финляндия Тарту Бейбіт келіссөзінде көрсетілген шекара сызықтарын сақтап, оған шабуылдар жасамау жөнінде екіжақты келісімдерге келді. Алайда 1939 жылдың тамыз айындағы Молотов- Роббентроп келісімі бойынша, Финляндия Совет одағының ықпалына өтуі тиіс болды. Кейінірек сол жылдың өзінде-ақ Совет одағы Финляндияның басқа жерлерін өзіне қосып алу мақсатында оның территориясына басып кірді. Осы 1939-40 жылдардағы "қысқы соғыста" Финляндия өзінің 23 мыңға жуық адамынан айрылды. Осы соғыстың аяғында қол қойылған келісімдерге сәйкес, Финляндия Карелияның бір бөлігін, атап айтқанда Салла және Кұссамо облыстарын, сондай -ақ Фин шығанағындағы аралдарын Совет одағының қарамағына беруге мәжбүр болды. Бұл жерлердің барлық көлемі 40 мың шаршы шақырымдай еді. Совет одағына берілген аймақтағы 420 мыңдай адам Финляндияның басқа жерлеріне күштеп көшіріліп жіберілді. Қазірде осы жерлер Ресейдің құрамындағы Карелия республикасының бір бөлігін құрайды.

1999 жылы Карелиядан қоныс аударылғандар мен олардың ұрпақтары Хельсинкиде карелиялықтардың бейресми қозғалысын ұйымдастырды . Бұл ұйымның мақсаты- Карелияны реформалаудың жоспарын жасап, Карелияға советтік меншіктеу жүргізілгендігі жөнінде қоғамдық сананы көтеру болды. Олар бүгінгі басшылар өткен тарихты дұрыс түсініп, сөз болып отырған территорияны Финляндияға бейбіт жолмен қайтару турасындағы келіссөздерге барады деп үміттенеді. Карелиялықтар ұйымының жетекшісі және Хельсинкидегі Баспа үйінің өкілі Хейкки А. Риинпаиа былай дейді:

-Молотов-Роббентроп келісімінің әсері болған, үш Балтық республикасы қазіргі күнде өз алдына тәуелсіз елдер, ал Фин Карелиясының мәселесі оның сыртында қалып отырғандығын "Карелиялықтар" қозғалысы мәселе ретінде көтеріп, оны талқылап, деректі дәлелдер келтіре отырып талдап, шешуге күш-жігер жұмсайды, - деген Хейкки А. Риинпаиа өткен онжылдықтар ішінде құнарлы деген Карелия жерінің бос қалған, пайдасыз аймаққа айналағанына өкініш білдіреді:

-Совет одағы мен Ресей осы 60 жылдың ішінде Финдік Карелияны иемденгенімен, ешбір нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұрынғы Карелия қазір тұрғындарсыз, қимыл-қозғалыссыз қаңырап қалған, - дейді ол.

Десекте, Карелияда мекендейтін ел жоқ деген сөздер шындыққа келіңкіремейді. Мұндағы фин тұрғындары қоныс аударылған соң, Совет басшылары бұл аймаққа Белоруссия мен Орта Азиядан 200 мыңдай адам әкеліп қоныстандырды. Бірақ та кейінгі жылдары бұл арадан жаппай қоныс аударудың белең алғаны рас.

Фин сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтқандарына сүйенсек, қазіргі күнде Карелияда тұрып жатқан бірде-бір финнің болмауы, Хельсинкидің Карелияны қайтару жөніндегі мәселені ресми қоя алмауына себеп болып келген. Фин сыртқы істер министрлігі Саяси бөлімі бас директорының өкілі Аапо Поелхоидың пікірі:

-Ол аймақта соғыстан кейін Совет одағының басқа жерлерінен көшіріліп келген тұрғындар болды. Олардың бәрі де, былай алып қарағанда, біз үшін шетелдіктер. Финдіктердің бұл мәселеге сондай бір өткір мән бермеуінің бір себебі осы болып табылады. Ол территорияны қайтару үшін аймақта соған сәйкес тұрғындар болуы шарт,-дейді Аапо Полехои.

Оның мәлімдеуінше, Карелияның қайтарылуы –Фин үкіметінің немесе Финляндия мен Ресей қарым-қатынастарының мәселесі емес. 1997 жылы Ресей президенті Б. Ельцин финдік әріптесі Мартти Антисаариді Карелия мәселесін талқыға салуға Мәскеу қарсылық білдіреді деп ескерткен деп еске алады.

2000 жылы Фин президенті Тариа Халоненнің Санкт-Петербургке сапары кезінде Ресей президенті Вл. Путин Финляндия мен Ресей арасында жер дауы жөнінде ешқандай мәселе жоқ , Карелия мәртебесі туралы сұрақ түбегейлі шешімін тапты деген болатын. Алайда Ресей басшылары бұл мәселені талқылауға жатпайтын жабық деп қарағанымен де, көне көз карелиялық қарттардың туған жерлеріне келіп, атамекендерін көрулеріне кедергі жасап, тосқауыл қойған жоқ.

Бірақ та финдіктердің көпшілігі, әсіресе Карелиядан қоныс аударылған әулеттердің ұрпақтары Фин үкіметінің Карелияға қатысты солқылдақтық мінез танытып отырғанын сынға алып келеді, олар бұл мәселенің Мәскеумен бұдан да өткірірек қойылып, шешілгенін қалайды. 1998 жылы қараша айында финдік кәсіпкердің бірі Карелияны сатып алу үшін Б. Ельцинге 500 миллион доллар ұсынған болатын, бірақ Ресей президенті бұл ұсынысқа жауап бермеген.

"Азаттық" радиосының финдік штаттан тыс тілшісі Маркус Лентипу Карелиядан қоныс аударылғандардың 90 проценті оның қайтарылғанын қалайды, солай болса да бұл мәселе Финнің сыртқы саясатындағы "ақтаңдақ" болып тұр дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG