Accessibility links

Қазақстандағы сайлау мәселесіне орай өткен дөңгелек стөл


Сәрсенбі күні Алматыда Қазақстандағы сайлау заңдылықтары мен оны жүзеге асыру жолдары және дамуы атты дөңгелек стөл мәслихаты өтті.

Осы басқосуға қатысушылардың бірқатары Зағипа Балиева басқаратын Орталық сайлау комиссиясын тарату керек деген пікірлер айтты.

Сайлау туралы заң жобасы парламентте осы жолы тағы да қаралмады. Соның салдарынан күзге белгіленген мәслихат сайлаулары ескі заң бойынша өтеді. Бұл сайлау жүйесін жемқорлық жайлап алған, әділдік жоқ деген саяси ұйымдардың наразылығын тудыруда.

Ал өз кезегінде: - Үкімет қарауында жатқан заң жобасы толық бекітілген соң, БАҚ арқылы халыққа ұсынылады. Бірнеше толықтырулар мен өзгерулер енгізілген Сайлау туралы заңда депутаттардың мүддесі толық қорғалған, - дейді Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева.

Дегенмен, жаң жобасы әлі депутаттар талқылауына түскен жоқ. Ал бұл өз кезегінде сайлауға кандидаттарын дайындай бастаған партиялар мен ұйымдардың сынына ұшырауда.

- Ескі сайлаудың олқылықтары өте көп. Ондай заңмен өткен сайлау ешкімді қанағаттандыра алмайды, - дейді Қазақстан коммунистерінің жетекшісі, мәжіліс депутаты С.Әбділдин.

Осы жиынға қатысқан ұйым өкілдерінің пікірінше сайлау әділетті өту үшін комиссия билікке жалтақтамайтын тәуелсіз азаматтардан құрылуы керек.

Бұл пікірді Зағипа Балиеваның өзі де қолдаған сыңай танытты:

- Менің ойымша ол пікірлер өте дұрыс,- дей келе, - қазір комиссия құрамында тәуелсіз азаматтар бар. Комиссия құрамында кей партиялардың мүшелері бар, - дегенді айтты.

Қазақстандағы Сайлау жүйесі сондай-ақ, ЕЫХҰ өкілдері тарапынан да сынға ұшырап отыр. Ұйым мүшелерінің пікірінше, Қазақстанда өткен сайлаулардың бәрінде сыбайлас жемқорлық пен пара алу сынды келеңсіз жағдайлар ұшырасқан.

Алайда Орталық сайлау комиссиясының төрайымы З.Балиева шетелдік сарапшылардың Қазақстанды сынауға шебер екенін, олар айтқан пікірлердің бәрін ескере берудің қисыны жоқ екендігін айтты.
XS
SM
MD
LG