Accessibility links

Н. Дүтбаев: Терроршыл топтар Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiруде


Қазақстандағы 40-тан астам кәсiби мерекелердiң бiрi – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң күнi шiлденiң 13-iнде аталып өтiледi. Комитет төрағасы Нартай Дүтбаев осыған жоралғы ретiнде қазақстандық, халықаралық және шетелдiк хабар-ошар құралдарының Астанадағы өкiлдерiн түгел шақырып, кездесу өткiздi. Ол сала қызметiнiң сипатына қарай, айтылмайтын жәйттедiң көп екенiн алдын ала ескерткенiмен, қайсыбiр мекемелердiң «екi шоқып, бiр қарайтын» басшыларына қарағанда әлдеқайда ашықтық танытты.

Дүтбаев мырзаның айтуынша, Ұлттық қауiпсiздiк қызметi соңғы жылдарда Қазақстанда бiрқатар террористiк ұйымдардың астыртын жұмыс жүргiзiп келгенiн анықтаған. Мысалы, жақында ғана Шығыс Түркiстан Ислам партиясы делiнетiн ұйымның бөлiмшесi әшкерленiп, тергеу iсi жүргiзiлуде. Оны қазақстан азаматы басқарып келген.

«Операция кезiнде олардың терроршыл мақсатын айғақтайтын жарылғыш заттар, қару жарақ, оқ-дәрi қоры тәркiлендi.Шығыс Түркiстан Ислам партиясының Қазақстандағы бөлiмшесiнiң Ауғанстандағы, Ирандағы, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы жақтастарымен тығыз қарым-қатынаста болғандығы да анықталды»,-- дейдi Нартай Дүтбаев.

ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Минскi конвенциясына сәйкес, шешен босқындары арасынан Ресейдегi соғыс қимылдарына қатысқандарды анықтауға мiндеттi. Нартай Дүтбаевтың сөзiне қарағанда, бұл iске Қазақстанның ұлты шешен азаматтары да атсалысып, пайдасын тигiзуде. Ал Хизбут Тахрир ұйымының мүшелерi туралы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi өткен жылдан бастап дабыл қаққан-ды. Орта Азияда бiртұтас халифат құру идеясын көтерiп, әзiрге парақшалар таратумен шектелiп тұрған бұл ұйым, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының пiкiрiнше, Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiруде.

Қазақстанда Өзбектан ислам қозғалысының мүшелерi де қолға түскен. Дүтбаев мырза: «Тәлiптер режимi тұсында Ауғаныстандағы содырлар даярлайтын лагерлерде болған олардың дайындық деңгейi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң «Арыстан» жасағы сайыпқырандарынан кем емес»,-- дейдi.

Нартай Дүтбаев, сөз арасында: «Қазақстанда Ұйғыр сепаратизмi бар»,--деп мәлiмдедi. Бiрақ, Қытайдағы «Ұйғыр сепаратизмi» ұғымы мен «Қазақстандағы ұйғыр сепаратизмi» дегеннiң ара жiгiн ашып беруiн сұрағанымызда, нақты жауап ала алмадық.

Соңғы кездерде шетелдердiң арнаулы барлау мекемелерiнiң Қазақстандағы тыңшылық қызметi де жандана бастағанға ұқсайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мәлiметiне қарағанда, әшкерелеген тыңшылар саны ондап саналатын көрiнедi.
XS
SM
MD
LG