Accessibility links

АҚШ пен Түркия Ираққа байланысты кейде келіспей қалады


Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл келесі аптада АҚШ-қа сапар шегіп, вашингтондық әріптестерімен Ирақ мәселесіндегі серіктестікті талқылайды.

Одақтас атанған екі елдің қатынасы соңғы кезде бірыңғай емес. Ирақ соғысын Түркия қолдамай қойған. Оның үстіне осы айдың басында Түркияның бір топ офицері Ирақта заңсыз жүрген жерінен тұтқындалып, одақтастардың қатынасы тағы бір сынға тап болды.

Ирақ соғысына атсалысудың шарты ретінде Түркия күрд мәселесіне араласпақшы болды. Саддам Хұсейн құлатылса, Ирақ солтүстігін іс жүзінде билейтін күрдтер Түркиядағы бауырларына қозғау салады, Күрд дербес мемлекетіне ұмтылыс тағы қоздырылады, деп мазасызданды ресми Аңқара. Сондықтан Түркия Ирақ солтүстігіне өзі әскер кіргізбекші болды, Түркия парламенті АҚШ үкіметінен осыған келісім тіледі, миллиардтаған доллар экономикалық көмек сұрады. АҚШ көнбеді, Ирақ соғысын Түркиясыз ақ тындырды. Шілденің 4-де Түркияның бір топ тыңшы-офицері Солтүстік Ирақта, Сүлеймания қаласында заңсыз жүрген жерінен американдықтардың қолына түсіп, одақтастардың қатынасы тағы бір сынға тап болды.

Түркия офицерлері Киркөк қаласының әкімі, күрд басшылараның біріне қастандық дайындап жүрді деп айыпталды. Алпыс сағаттан соң олар босатылды, Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл жағдайға өкініш танытты. "Әділет және даму" партиясынан парламентке сайланған депудаттармен сейсенбі күні кездескенде Абдұлла Гүл мұндай ұят жағдайды келешекте қайталамау керек деп сипаттады:

- Біздің пайымдауымызша, бұл өте ыңғайсыз жағдай болды. Америка тарапымен талқыланған мәселе үлкен қателік дәрежесінде. Болашақта мұндайдың алдын алу мақсатында кейбір комиссияларды құруға келістік.

Сүлеймания қаласындағы оқиға Түркияда үлкен дау көтерді. Үкімет адамдары да, оппозиция адамдары да, оңшыл, солшыл баспасөз құралдары да Америка Құрама Штаттарына сын жаудырды, Түркия сақшыларының астан-кестен тұтқындалғанын қабылдамады. Әскердің орны Түркия қоғамында ерекше екенін ескерсек, қолға түскен офицерлердің жағдайы елдің намысын таптау деп қабылданды. Бірақ, Түркия сарбаздары американдықтардың қолына бірінші рет түспей тұр. Бұл да қызық жайт. Көкек айының 22-де американдықтар Киркөк қаласына қару-жарақ өткізбекші болған түрік сарбаздарын ұстаған еді. Түркия сарбаздары сонда әскери киім емес, қарапайым азаматтардың киімімен бүркеленді. АҚШ та, Түркия да сол жолғы оқиғаны сыртқа шағармауға келіскен еді.

Түркия сарбаздары үш айдан соң тағы қолға түскені тіпті ыңғайсыз болды. Не Түркия, не АҚШ осы жолы да бір бірінен ресми кешірім сұрамады. Екі тарап өкініш айтумен шектелді. Вашингтон және Аңқара бірлескен бұқаралық мәлімдемені келісімсіз жарияламауға уәділесті. Алайда, шілденің 15-де Түркия бас штабы екі тараптың атынан мәлімдеме жасап қойды, АҚШ пен Түркия өкініш білдіреді деп сипаттауға асықты. Ресми Вашингтон мұны салқын қабақпен қабылдады, мәлімдеме жасау тәртібі Түркия үкіметі тарапынан бұзылды деп реніш айтылды.

Дегенмен, АҚШ Сүлеймания қаласындағы оқиғаны дауға айналдырудан аулақ екенін көрсетеді. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер сәрсенбі күні айтқан сипаттамасында екі тараптың бірлескен мәлімдемесі қарым-қатынасты түзеуге бағытталып отыр деді:

- Бірлескен мәлімдеме бірауыз шешімді, бірыңғай көңілді, бірыңғай сезім мен ойды, оқиғаны бірауыз қабылдаумызды білдіріп отыр. Мен осы көзқарасты ұстанымын. Оқиға жөнінде айтарымды осы толығымен сипаттайды.

Түркия мен АҚШ ресми өкілдері Сүлейманиядағы оқиғаның артын жуып шаюға тырысып жатыр. Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл келесі аптада АҚШ-қа сапар шегеді. Келесі аптада сол сияқты Түркияға АҚШ Орталық қолбасшылығының бастығы генерал Джон Әбизаид ат басын тірейді. Дегенмен, Ирақ пен Түркияның күрд аймақтарындағы күрд басшыларының соңғы күндердегі кейбір іс-қимылдары мәселенің күрделі болып тұрғанын көрсетеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG