Accessibility links

Ауғанстанда әйелдер мен балалар арасында нашақорлар көбейіп кеткен.


Ауғанстандағы үкіметтік емес ұйымдар елде әйелдер мен балалар арасында есірткі қолданушылар қатарының көбейіп бара жатқанына қатты алаңдаушылық білдіруде.

Қабулдағы Наджат орталығы нашақорлардың басым көпшілігі Иран мен Пәкістаннан қайтып оралған бұрынғы босқындар екендігін айтады. Ал балалар арасында есірткі қолданудың себептері түрліше, соның ең бір таңданыс туғызарлығы - шешелерінің өздері баланың ұйқысы жақсы болу үшін, апиыннның кішкентай түйіршігін беріп үйретеді екен.

Ауғанстанның әйелдер ісі жөніндегі министрлігінің алдында жаңа бір күрделі проблема туындап отыр. Әйелдер ортадан оқшауланып, өздерімен- өздері қалған бұл консервативті қоғамда сол әйелдер арасында героин мен апиын қолдану тәрізді құбылыстың етек алуы бұрын- соңды кездеспеген жағдай. Министрліктің деректеріне сүйенсек, нашақор әйелдердің басым бөлігі Пәкістан мен Ираннан тұрмыс деңгейлерін қайткенде жақсартамыз деген үмітпен туған жерлеріне қайтып оралған босқындар болса керек.

Шын есімін жасырып, біздің тілшімізге өзін Нафиса деп таныстырған ауғандық айел, есірткіні ең алғаш Иранда жүргенде қолданғанын айтқан. Төрт баламен жесір қалған ол, кілем тоқушы болып жұмыс істеп жүргенде достарының бірі оған тағдырдың зіл батпан жүгін жеңілдетіп, өмірдің қиыншылығын ұмытуға, ауыр ойдан шығуға көмектеседі деп, алдымен дәмін татып көруге героиннің болар-болмас түйіршігін берген. Содан кейін-ақ оған өзінің қалай үйреніп алғанын байқамай қалғандығын айтады.

-Менің төрт балам бар, олар жұмыс істейтін. Мен олар тапқан ақшаның жартысын ақ ұнтақ сатып алуға жұмсайтын болдым. Мен көршілерге ақша ұстатсам болды, олар маған қажетті героин ұнтағын жеткізіп береді. Кейде мен балалардың тамаққа деп қойып қойған ақшасын да осы есірткіге салатын болдым. Мен қайткен күнде оны сатып алуға ақша табу үшін балаларды жұмыс істеуге мәжбүрледім, болмаса дүние-мүлікті сатып жіберетінмін. Бәрібір қалай да қаржы табатынмын, - дейді Нафиса есімді бұл келіншек.

Осыдан бір жыл бұрын Қабулға келген соң Нафиса өзінің жұмыс істеуге шамасы келмейтін, әлсіздігін көрген. Сол кезде осы үкіметтік емес Наджат қалпына келтіру орталығын тапқан. Наджат орталығы Талибан қуғындауынан кейін Ауғанстанға қайтып келе бастаған босқындар арасындағы есірткі тәуелділігіне тап болған шарасыз жандардың өмірден қайтып өз орындарын табуына көмектесіп, қол ұшын беру үшін Қабул қаласында былтыр ашылған екен.

Әйелдер арасында нашақорлық сияқты өзекті проблеманың бар екендігіне Ауған үкіметінің назарын бірнші болып аудартқан да осы үкіметтік емес топ болатын. Наджат орталығының жетекшісі Мұхаммад Ага Станакзаи мұндай қиындыққа душар болған ауған әйелдеріне қоғамда қол ұшын берер орындар жоқтың қасы жане олар қайда барарларын да білмейді дегенді айтады. Нашақор айелдер негізінен Қабулдың кедей-кепшіктер тұратын аудандарында кездеседі дейді ол.

-Біздің орталықта жұмыс істейтін әйел дәрігерлер мен медбикелер, басқа да қызметкерлеріміз олардың үйлерін аралап, нашақорлықтың жеткізер жері мен салдарлары туралы айтып түсіндіреді, - дейді орталық басшысы.

Өткен 12 айдың ішінде орталыққа келіп тіркеліп, емделуден өткен әйелдер саны 250- дей болыпты. Олар алдымен Қабулдағы психатриялық ауруханаға жіберіледі де, одан кейін орталықта есірткіге тәуелділіктен емделіп, қалпына келтіру курстарын жалғастырады.

Әйелдер арасында нашақорлық деңгейінің өсіп бара жатқаны Ауғанстанның Дүние жүзіндегі бірден-бір апиын өнідруші ел екендігіне де байланысты. Әлемдік заңсыз апиын контрабандасының 76 проценті осы елдің үлесіне тиеді, Талибан жүйесі құлатылғаннан бері мұндай есірткі заттары арзан және оңай қол жететін болып қалған. Наджат орталығының қызметкерлері нашақорлықтан емделуге, оны сатып алатындай ақшасы мүлде болмай қалған уақытта ғана келіп, мойынұсынатындықтарын айтады. Магүл есімді сондай емделуші былай дейді:

-Мен бұдан әрі есірткі қолдана алмаймын, өйткені оны сатып алатындай қаржым жоқ. Жұмыс істемеймін. Тігінші деген кәсібім бар еді, бірақ жұмыс істеуге қазір күш-қуатым жетіспейді. Күйеуім жоқ. Міне осындай себептерден де мен апиынға берілген едім.

Қабул мен Пешавардағы орталыққа емделуге келетіндер тек қана әйелдер емес, олардың арасында балалар да, тіпті бір жасқа жаңа толған сәбилер де болады екен. Дәрігерлер ауғандықтардың бірқатары шикі апиынды бас ауру мен ұйқысыздыққа қарсы дәрі ретінде пайдаланатындығын, ал балаларға олардың ұйқысы жақсы болу үшін беретіндігін айтады.

Ауғанстандағы әйелдер ісі жөніндегі министрліктің оқу- білім және жетекшілік бөлімі басшысының орынбасары Амина Файззад консервативті ауған қоғамы осы жақын уақытқа дейін әйелдердің нашақорлығы жоқ деп есептеп, мұндай проблеманың бар екендігін көз жұмып келді дейді.

Бірақ жақында министрлікте өткен бас қосуда әрбір аймақтан келген өкілдер өз облыстарында айелдер мен балалар арасында нашақорлықтың орын алып отырғаны жөнінде ашық айтып, пікірлерін ортаға салды деген ол, министрліктің биыл күзге қарай әйелдер арасындағы нашақорлықпен күресу үшін арнайы әлеуметтік жоба әзірлеп жатқанын айтқан.

Файззад мұндай жоба есірткі тәуелділігіне ұшырағандарды емдеумен қатар олардың отбасыларына әлеуметтік көмек-қолдау шараларын да жүзеге асыратын болады деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG