Accessibility links

Қазақстанда мүгедек жастар қозғалысы құрылды


Қазақстанда мүгедек жастардың қозғалысы құрылды. Бұл туралы 23 шілде күні Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында аталған қозғалыс өкілдері мәлімдеді.

Солардың бірі 18 жасар Аманат Мусиннің айтуынша, Қазақстанда осы бағытта жұмыс істейтін қозғалыс құру туралы шешім мүмкіндігі шектеулі жастардың Ұлыбританияда өткен бірінші Халықаралық конгресінің қорытындысы бойынша қабылданған. Бұл конгреске дүниежүзінің 36 елінен , соның ішінде Қазақстаннан да мүгедек жастар өкіл ретінде қатысқан. «Біздің осы қозғалысқа біріккендегі басты мақсатымыз, жалпы қоғамның мүгедектерге деген қарым-қатынасы мен көзқарасын өзгерту болып отыр. Болашақ- өз қолымызда. Мұны біз қазір де жете түсініп отырмыз» дейді Аманат Мусин.

Қазақстандық мүгедек жастардың қозғалысы халықаралық конгресте бір ауыздан қабылданған "Біз жоқ жерде біз туралы ешқандай да шешім қабылдауға болмайды!" деген ұранды ұстанбақшы. Қозғалысқа қатысушылар мүгедек жастардың мүддесін қорғау, оларды барлық деңгейдегі шешім қабылдау сатыларына қатыстыруға тырысу, заңдық және басқа да жәрдемдер көрсетуді жоспарлап отыр.

Баспасөз мәслихатында атап көрсетілгеніндей, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың көп ретте азаматтық құқығы қорғалмайды. Атап айтсақ, олардың басқалармен тең құқылы білім алу немесе еңбекпен қамтылу құқықтары аяқасты етіліп отыр. Мүгедектер үшін мектептер, оқу орындары, кітапханалар, мәдени және емдеу мекемелері мен дүкендерге кіріп-шығудың өзі аса қиын шаруа . Елдегі көлік құралдары да оларға лайықталмаған. Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтік қорғауға бағытталған заңдар мен бағдарламаларды жүзеге асырудың нақты тетіктері қалыптаспағандықтан, нақты іс жүзінде онда көрсетілген бірқатар мәселелер қолданыс таппайды.

Жаңа құрылған қозғалыс алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жастардың мұқтажын қаржыландыруға бағытталған қор құруды, алдағы күзде мүгедек жастардың бірінші Республикалық конгресін өткізіп, онда "Іс жүзіндегі құқық" атты бағдарлама қабылдауды межелеп отыр. Сондай-ақ, конгресс қорытындысында, Қазақстан парламенті пен үкіметіне арнайы мәлімдеме жасау жоспарланған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 386,2 мың мүгедек тіркелген. Олардың арасында 16 жасқа дейінгі мүгедектер 49, 8 мыңды, балалық шағынан мүгедектікке душар болғандар 58,8 мыңды құрайды. Сондай-ақ, таратылған ақпаратқа қарағанда, соңғы екі жылда балалар арасындағы мүгедектік 16 процентке артыпты.
XS
SM
MD
LG