Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі мәлімдемесі


Үстіміздегі жылдың 2- шілдесінде 7 жылға бас бостандығынан айрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің лидері Ғалымжан Жақияновтың жұбайы Қарлығаш Жақиянова өз атынан ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдасына рақымшылық жасау туралы өтініш жазған болатын.

Аталған өтінішке ҚР президенті жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссиядан: « нормативті құқықтық актілерде көрсетілген тәртіпке сәйкес, сотталғандарға рақымшылық жасау шарасы жазасын өтеуге кесілген адамның өз атынан Президент атына түзету мекемесінің әкімшілігі арқылы жіберілген өтініші бойынша қаралады» деген мазмұндағы жауап келген.

Осыған орай, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесі 23 шілде күні арнайы мәлімдеме жария етті. Онда ҚР Президенті жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссия тарапынан Қарлығаш Жақияноваға қайтарылған жауаптың заңдық тұрғыдан негізделмегендігі айтылған. Өйткені, Қарлығаш Жақиянова Президент атына өтініш жазғанда, қылмыстық- атқару кодексінің 168-ші бабына сүйенген.

Ал онда рақымшылық шарасы сотталған адамның өзі, оның туыстары мен жұмыс жасаған ұжымы, сондай- ақ, түзету колониясының әкімшілігі тарапынан жазылған өтініш бойынша қаралатындығы көрсетілген. «Комиссия шешімі аталған істің саяси астарын тағы бір дәлелдей түсті. Себебі, аталған орган Президенттен асып, бәрібір ештеңе істей алмайды.

Сондай- ақ, бұл жауапта Ғалымжан Жақияновтың өзі кешірім сұрамайынша, оған рақымшылық жасалмайтындығы ашық айтылған. Бұл да - саяси қадам» делінген мәлімдемеде. Осыған орай, « Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесі Президент жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссия әрекетіне өкініш білдіре отырып, президент Н. Назарбаевты Ғалымжан Жақияновқа қатысты нақты шешім қабылдауға, яғни оны шұғыл түрде босатуға шақырады.

Сонымен қатар, халықаралық қауымдастықтан республикадағы адам құқтарының сақталуы мен елдегі саяси тұтқындардың босатылу жайына баса назар аударуларын сұрайды.
XS
SM
MD
LG