Accessibility links

Қазақ мұнайы төңірегіндегі дау-дамай теңіз тұңғиығына қарай иірім тәрізді тартып барады


Каспий теңізіндегі бүкілдүниежүзілік ең үлкен мұнай жобасы болып табылатын Қашаған мұнай кен орнын игеру жүмысы Қазақстан үкіметі мен оны игеруге қатысып жатқан мұнай компанияларының арасында туындаған дау-жанжал кесірінен бес айдан бері тоқтап қалды.

Қашаған мұнайының әлемдік нарыққа 2007 жылға қарай жетуін қамтамасыз ету де, бұрынғы Совет одағының қатарында болған қазақ еліндегі Европадан бастап, Қытайдан тартылған қуатты инвестролардың ахуалына әсер етуі де екінші қатардағы мәселеге айналды деген пікірлер айтады талдаушылар.

Өткен желтоқсан айында қатарында Шелл, Тотал және Эксон Мобил, Аджип компаниялары топтасқан Қашаған консорциумы үкіметке бұл аймақты алдағы онжылдықтың көлемінде дамытудың миллиардтаған долларлық жоспарын ұсынды.

Консорциум осыған дейін Қашаған мұнай кен орнының дамуына 3 миллиард доллар жұмсап үлгерген, ендігі қалған 20 миллиард долларды келер онжылдықтың ішінде кен орнынан күн сайын өндірілетін өнім көлемі 1,2 миллион баррель көрсеткішке - өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін салу жоспарланған. Сөйтіп алғашқы екі жылда бұрғылау жұмыстарын табысты өткізген консорциумның төлеуге тиіс айыппұл төлемдері жүздеген миллион долларға жеткендіктен, үкімет консорциумның бұдан әрі қарайғы дамыту бағытындағы жұмысына қолдау көрсетуден бас тартты.

Консорциум болса, үкімет талап етіп отырған көлемді қаржыны төлей алмайтындықтарын, өйткені бұл кешіктірулердің техникалық қиыншылықтар мен операторларға байланысты болғандығын айтады. Алдымен ОКИОС, одан кейін Аджип компаниялары бұл өндірістік келісімдерде қарастырылған ақылға сиымды, жауапты деген жайттарға орай бірқатар күш-жігер жұмсап көрді дейді келісімдерге жақындау ақпарат көздері. Дегенмен де, 2003 жылдың жаз науқаны бойына кен орнын дамыту бағытында бірде-бір жұмыс атқарылмады. Қыста бұл жұмыстар онсыз да жүргізілмей, тоқтап тұрады.

Ақпарат көздері консорциум өзінің ең соңғы ұсыныстарын 28 маусымдағы кездесуде алға тартты деп хабарлайды. Қазақстанның энергетика министрі Владимир Школьник бұл тақырыпта сұхбат беруден бас тартып, тек өзінің өкілдері арқылы келісімдердің бір мәмлеге жақындай түскенін айтқан.

Хабарларға қарағанда, тараптардың екі жағы да арбитраждық сотқа жүгінетін сияқты. Батыстың заңгерлік фирмаларының Алматыдағы қорғаушылары мұнай компанияларының келсіпеушіліктері арбитражда қаралатын болады дегенді айтады.

Бұдан басқа да бір келіспеушіліктерге байланысты үлкендігі жағынан екінші орында тұрған Теңіз кен орнын игеруді 3,5 миллиард долларға кеңейту жобасы өткен жылы күзде үш ай бойына тоқтап қалған болатын. Онда Шеврон Техсако мен Эксон Мобил компаниялары Қазақстан үкіметімен бұл жобаның қаржыландырылу мәселесінде бір ұйғарымға келе алмаған.

Теңізшевроил компаниясындағы ақпарат көздерінің айтуынша, бұл жұмыстар құрылымдық келісімдер бойынша қайта қалпына келтірілген, бірақ та қаржыландырылу жөніндегі негізгі келісімдер әлі де жүргізіліп жатқан көрінеді. Лауазымды билік адамдары бұл кеңейтілу мұнай өндірісін күніне 260 мың баррелден, енді бір үш жылдан кейін 415 мың баррелге жеткізетін болады дейді.

Қашаған кен орнының жоғары сапалы шикі мұнай қоры 9-дан 13 миллиард баррель болады деп бағаланған, бұл дегеніңіз оның көлемі жағынан әлем бойынша бесінші орында тұрғанын көрсетеді. Ал Теңіз орнының қорлары 6-9 миллиард баррель болады. Бұл екі кен орны қосылып, 15 миллион халқы бар Қазақстан мемлекетін енді бір 15 жылдың ішінде күніне 3 миллион баррель мұнайды сыртқа шығаратын , әлемдік қуатты мұнай тасымалдаушы ел қатарына қосады деген де үміт бар.

Алайда үкімет пен Қазақстан халқының арасында 1990 жылдардың басында бүкіләлемдік белгілі мұнай компанияларымен қол қойылған бұл келісімдер, Қазақстан үшін әділетсіз, тиімсіз бағытта жасалды деген ұғым кең қалыптасқан.

Ал мұнай өндірушілер болса, елдің кен орнындарындағы шикізатты өндіріп, өңдеу өте қиын және ол қымбатқа түседі дегенді көлденең тартып, сондықтан да өздерінің Сібір мен Әзірбайжандағы жеңіл және арзан депозиттерден бас тартып отырғандықтарын, өйткені кез келген қомақты табысқа қол жеткізу үшін көптеген жылдар мен көлемді инвестиция жұмсау керек деп білетіндіктерін айтады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG