Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Нью-Йоркте баяндама жасайды


Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Нью-Йоркте бүгін басталған БҰҰ-ы мен аймақтық ұйымдар арасындағы форумға қатысып, баяндама жасайды.

Шілденің 29 –і күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау орталығының хабарлауынша Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында бүгін басталатын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен аймақтық ұйымдар арасындағы жоғары дәрежелі 5-ші бас қосуға қатысады.

Ол осы бас қосуға Шанхай Ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде қатысқалы отыр. Бұндай жоғары дәрежелі кездесулер БҰҰ-ы мен аймақтық ұйымдар арасында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара қарым-қатынасты нығайтуға түрткі болу мақсатымен 1994 жылдан бері өткізіліп келеді.

Соңғы жолғы кездесуде, БҰҰ-ы мен аймақтық ұйымдар арасындағы өзара қарым - қатынасты одан әрі нығайту үшін БҰҰ –ның бас хатшысы Кофи Аннан алдағы кездесулерді халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлерге, соның ішінде халықаралық терроризм тақырыбына ұсынған болатын.

Бүгінгі кездесуге БҰҰ –ның жүйесіндегі 40- тан астам аймақтық ұйымның басшылары қатысқалы отыр. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының төрағасы Қ.Тоқаев кездесудің жалпы отырысында баяндама жасайды. Қазақстан сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Нью-Йорктегі сапары барысында БҰҰ ның бас хатшысы Кофи Аннан, БҰҰ ның бас хатшысының орынбасары Анварул Чоудхари, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубишпен кездеспекші.
XS
SM
MD
LG