Accessibility links

Индонезия астанасы Джакартадағы бомбалық шабуылдың салдары


Индонезия астанасы Джакартадағы Марриот мейманханасында болған қасақана бомбы жарылысында тағыда ондаған адам қаза тапты.

Aл бұл арада, өткен жылы сол Индонезияның Бали аралында болған жарылыс кезінде қаза тапқан 200дей адамның ісі бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатқан болатын.

Индонезиядағы Қызыл крест ұйымынан хабарланғанындай, Джакартада сейсенбі күні Марриот қонақүйінде болған бомбы жарылысынан кемінде 14 адам қаза тауып, 140тан астам кісі жарақат алған. Өлгендер арасында Голландиялық бір азамат та бар.

Индонезия Қорғаныс министрі Матори Абдул Жалилдің айтуынша, Мариотти қонақүйінде болған ол жарылыс террорлық істің нәтижесі.

Полицияның хабарлауынша, жарылыс қонақүйдің бірінші қабатында, меймандарды қабылдау бөлмесі маңайында болған. Бұл араға көліктермен келуге де мүмкіндік жасалған екен.

Сондықтан, Джакарта әкімі Сутиосоның айтуынша, жанкешті мәшинемен келіп соққан. Мейманхананың беталдындағы әйнек-терезелер быт-шыт болған, бірақ 35 қабатты үй қабырғасы аман қалған.

Дегенмен, көршілес маңайдағы шет елдік компаниялар мен дипломатиялық өкілдік үйлері де қатты зақым шеккен. Атап айтар болсақ, залал шеккендер арасында Ражавали ғимаратындағы Норвегия, Шведция, Финляндия және Дания елшіханалары бар.

Бұл күнгі жарылыс сұмдықтары жөнінде жарақат алған қонақ үй қызметкерлерінің бірі Оскар Рейтер тілшісіне былай деген.

- Мен жұмыс істейтін ресторан қирады. Терезе сынықтары көп адамды жаралады. Жарылыс болғанда мен әжетханадан шығып келе жатқан едім. Менің байқағаным жарылыс көліктер тұрағынан басталды. Бірден екі ғимаратқа соққы берілді, - дейді Оскар.

Қонақтардың бірі Надесон 22-қабаттағы терезеден бір көліктің жанып жатқанын көреді. Ал Австралиялық турист Лойниң енді келіп дем алып отырғанда жарылыстан қабырғаға барып соғылады. Бөлмедегі көршісінің көмегімен сыртқа қашып шығады.

- Қонақ үй алдындағы таксилердің бәрі от-жалын қушағында еді.

Такси айдаушылардың өзі де өртпен алысып жатты. Біз біреуіне көмектесе алдық, дейді шет елдік саяхатшы.

Бұл жарылысқа кінәлілер әзірше табылмағанымен, индонезиялық әкімшілік ол террорлық шабуылды оңтүстік шығыс Азиялық Жамаа Исламия ұйымынан көріп отыр.

Өткен жылы қазан айында Бали аралындағы түнгі клубта болған бомбы жарылысы үшін де сол ұйымды кінәлаған болатын. Ол жарылыста 202 адам қаза тапқан еді.

Жамаа Исламия ұйымы Осама бин Ладен тобымен байланысты деп есептейді.

Осыдан 4 күн бұрын Индонезия президенті Сукарнопутри, террорлық ұйымдарды түп-тамырымен жойу қажет, деген болатын.

Қазіргі кезде, Жамаа Исламия ұйымынан делінген қылмысты топ үстінен, өткен жылғы Бали бомбы жарылысына орай, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Mұсылман қауымы арасында беделді имам Абу Баширге, бір қатар террорлық шабуылдарды ұйымдастыруда қатысқан, деген айып тағылған.

Австралия бас министрі Джон Хавардтың айтуынша, оның елінен сейсенбі күнгі жарылысты зерттеу ісіне қатысуға бір топ сарапшы келген.

Австралия сыртқы істер министрі Доунердің пікірінше, бұл террорлық шабуыл өткен жылғы Бали жарылыстарының жалғасы.

- Мен өз барлау қызметімнен бар жағдайды қайта қарап шығуға бұйрық бердім. Бірақ Марриот қонақүйі жөнінде ерекше бір дерек жоқ еді. Біз ықтималды террорлық шабуылдар жөнінде алаңдаушылық білдіріп австралиялықтарды Индонезияға баруға асықпауға шақырып келеміз. Қауыпты орындар қатарына халықаралық қонақүйлерді де қосқанбыз, - дейді министр.

Вашингтон, өткен аптада ғана, Ал Қайда тобы АҚШ және бір қатар шет елдерде террорлық шабуылдарды және ұшақ алып қашу операцияларын әзірлеуде, деп ескерткен болатын.

Ал, Джакартадағы Марриот мейманханасы АҚШтың бүкіл әлемдегі астана қалаларда салған қонақүй тізбектерінен бірі.

Джакартадағы бұл әсем мейманхана 2001-жылы қыркүйекте бой көтерген.

АҚШ елшіханасы ол жерге жақын болғандықтан Марриот қонақүйінде америкалық дипломаттар жиі түнейді.
XS
SM
MD
LG