Accessibility links

Қазақстанға АҚШ сенаторы Ричард Лугар арнайы іс-сапармен келеді


Тамыздың 17-сі мен 18-і аралығында Алматыға АҚШ Республикалық партиясының Индиана штатындағы өкілі, Сенаттың халықаралық жағдай жөніндегі комитетінің төрағасы, сенатор Ричард Лугар арнайы іс-сапармен келмек.

Бұл туралы жұма күні АҚШ елшілігінен хабарланды.

Американдық сенатордың Қазақстанға сапарының басты мақсаты – республикадағы бірқатар ресми өкілдер, соның ішінде ҚР Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен, Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьникпен екіжақты және көпжақты қарусыздануды бақылау және оны таратпау жөніндегі мәселелерге байланысты талқылаулар өткізу болып отыр.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, Сенатор Ричард Лугар Сенатқа 1976- жылы сайланған. 1991-інші жылы ол Демократиялық партияның Джордж штатындағы өкілі, сенатор Сэмон Нанноммен бірге АҚШ Конгресіне Халықаралық қауіп тудыратын ядролық, химиялық және биологиялық қаруларды шектеу туралы заңнаманы ұсынған.

Нанна-Лугар атты бағдарламасымен жақсы таныс осы заң АҚШ-тың бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы елдерге осы қару түрлерін таратпау бағытындағы көрсетіп жатқан көмегіне едәуір септігін тигізіп отыр. 1992-інші жылдан бері Қазақстан Нанна-Лугар және АҚШ-тың ядролық, химиялық және биологиялық қаруларды таратпау туралы басқа да көмек бағдарламаларының аясында 185 миллион доллар қаражат алған.

Сенатор бастаған делегация ресми сапармен Қазақстаннан өзге Ресей, Түркия, Германия және Өзбекстан елдеріне де барады деп күтілуде.

15-тамыз күні Қазақстандағы Үндістан елшілігінде Үндістан тәуелсіздігінің 57 жылдығына арналған шара өткізілді 15- тамыз күні Қазақстандағы Үндістан елшілігінде Үндістан тәуелсіздігінің 57 жылдығына арналған шара өткізілді. Таратылған ақпаратқа қарағанда, Үндістан өз тәуелсіздігін 1947 жылғы тамыздың 15-інде жариялаған. Тәуелсіздік мерекесі құрметіне Үндістанның Қазақстандағы елшісі Видья Сагар Верма елшілік үйінде Үндістанның туын көтеріп, осында жиналған үндістандықтар Елұранды шырқады. Салтанатты рәсімнен кейін елші жиналғандарды Үндістан Президентінің Тәуелсіздік күні қарсаңындағы халқына арналған жолдауымен таныстырды.

Онда ел президенті Абдул Калам Үндістан халқының алдындағы өркендетуге тиісті әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, тұрғындардың әл-ауқаты мен туризмді, ақпараттық технология және электр қуатын дамыту жайында жан-жақты айта келе, Үндістанның бейбітшілігін қамтамасыз етіп отырған қарулы күштердің қызметіне жоғары баға берген. Сонымен қатар, Абдул Калам Үндістан үкіметінің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі - экологиялық даму жоспарын қамтамасыз ету үшін елдегі өзендер жүйесін жақсарту жөніндегі жобаның маңызына тоқталған.

Тамыздың 15-ін үндістандықтар үшін тек қана Тәуелсіздік күні емес, ел бостандығы жолындағы күрескерлерге деген құрмет күні ретінде де аталып өтіледі.
XS
SM
MD
LG