ТАЯУ ШЫҒЫС: Иерусалимнің батыс бөлігінде сейсенбі күні жанкешті-террорист автобусты жарды. Ең соңғы мәліметке сәйкес, террористің өзін санамағанда, 20 адам құрбан болды, 100-ден аса кісі, оның ішінде 11 нәресте жараланды. Ол жарылысты экстремистік “Ислам джиһады” тобы өз жауапкершілігіне алып отыр. Оған наразылық есебінде Израиль өкіметі Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Иерихон және Калькилия қалаларын Палестина жағына беру мәселесі бойынша Палестина өкілдерімен арадағы келіссөздерін доғарды. Палестина автономиясының премьер-министрі Махмуд Аббас террористік қастандықты палестиндіктердің мүддесіне қайшы келетін “адам айтқысыз сұмдық шара” деп бағалады.