Accessibility links

Транзит жөніндегі халықаралық бас қосу


Алматыда транзит жөніндегі халықаралық басқосуға дайындық комитетінің отырысы басталды

Алматыда теңізге шыға алмайтын дамушы елдер министрлерінің, транзиттік және донор елдердің, сондай-ақ, транзитті тасымал саласында маманданып келе жатқан экономикалық ұйымдар мен халықаралық және қаржылық мекемелер өкілдерінің қатысуымен транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық мәселесіне арналған халықаралық конференцияға дайындық комитетінің отырысы дүйсенбі күні басталды.

БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, бүгінде дүниежүзінде теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ 30 ел бар. Бұл елдерді Жер шары тұрғындарының 4 проценті мекендейтініне қарамастан олардың Жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік көрсеткіштің 0,3 процентін құрайды. БҰҰ тарапынан жүргізілген зерттеулерге сәйкес, теңізге шыға алмау салдарынан елдің экономикалық даму қарқыны 0,7 процентке кемиді екен. Сондай-ақ, 2002-жылғы адам даму көрсеткіштері бойынша ең төменгі көрсеткіштер тіркелген 12 мемлекеттің 9-ы теңізге шыға алмайтын елдер қатарында.

28-29-тамызда Алматыда өтетін халықаралық конференцияға қатысушылар теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттерге қолұшын беру саласында ғаламдық әріптестікті жандандыруға, транзиттік-тасымал инфрақұрылымын дамыту арқылы теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің әлемдік шаруашылық байланыс жүйесіне қатысу мүмкіндігі мен ролін арттыруға жол ашады деген үміт бар. Конференцияда континенттік мемлекеттердің барлық көлік түрлерімен теңізге ешбір кедергісіз шығуын қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға, тасымал жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға, транзитті тасымал саласындағы саясатты жетілдіруге қажетті шаралар келісілмекші.

Атап айтсақ, барлық түрлі тасымал құралдары арқылы көршілес мемлекеттердің аумағы арқылы теңізге шығуға жағдай жасауға, транзит дәлізінің көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізуге, шекарадан өту құжаттары мен процедураларын унификациялап өзара жеңілдетуге, аталмыш жобаларды қаржылық және техникалық қамтамасыз етуге халықаралық ұйымдар мен донор-елдер тарпынан көрсетілетін көмек ауқымын арттыруға жағдай жасалады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG